Болашақ құрылысы — білікті кадрлар қолында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат. Мемлекеттің ішкі тұрақтылығын нығайту, экономикалық әлеуетті арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түбегейлі реформалардың негізгі бағдарлары белгіленді.

Президенттің 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау туралы ұсынысының әлеуметтік мәні зор. Салынатын әр мектеп, аурухана, жол, кітапхана мен спорт кешені білікті маманның білімі мен еңбегіне сүйенеді. Еуразия ұлттық университетінің сәулет-құрылыс факультетінде біз осы бағыттағы кәсіби кадрларды даярлаймыз. Студенттеріміз ғимараттар мен құрылыстарды жобалауды, құрылыс технологияларын, инженерлік жүйелер мен желілерді, цифрлық жобалауды меңгереді.

Болашақ құрылысшыларға үнемі айтатынымыз: сіздердің жауапкершіліктеріңіз тұрғызған ғимараттың қабырғасымен шектелмейді. Сіздер тұрғындардың тұтас экожүйесін қалыптастырасыздар. Үйдің жылуы, судың үздіксіз келуі, баланың мектепке қауіпсіз жетуі, қоғамдық кеңістіктің қолайлылығы — бәрі инженерлік шешімнің сапасына байланысты. Кәсіби адалдық пен адам өміріне жауапкершілік студент кезден орнығуы керек.

Мұндай даярлықты халықаралық тәжірибемен ұштастырып келеміз. Құрылыс саласында Лейпциг қолданбалы ғылымдар университетімен, Гренобль Альпы университетімен білім беру бағдарламаларымыз бар. Біз үшін халықаралық әріптестіктің нәтижесі — түлектің озық инженерлік білімді Қазақстанның нақты міндеттерін шешуге қолдана алуы.