Өңірлерде 70-ке жуық медициналық және 50-ге жуық әлеуметтік нысан салынады

Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбековтің төрағалығымен Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген инфрақұрылымды жаңғырту міндеттерін іске асыру мәселелері талқыланды. Жиынға Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров, депутаттар және жауапты министрліктердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды.
Комитет төрағасы Әмірбек Оспанбеков жиынның ашылуында Президент Жолдауының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған стратегиялық құжат ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты міндеттерді белгіледі.
– Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Біздің комитет бұл бастаманы толық қолдайды. Жолдауда айтылған өңірлерді дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына белсенді қатысамыз, – деді Әмірбек Оспанбеков.

Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы міндеттерге тоқталып, әлеуметтік нысандарды, көлік және инженерлік инфрақұрылымды салу мен жаңғыртудың маңызын атап өтті.




