«Тәртіпке бас иген…»


Сейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы М.Дулатов атындағы №63 мектеп-лицейде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдарының өкілдері оқушылармен кездесті.

«Заң мен тәртіп: қауіпсіз мектеп» тақырыбында өткен басқосуда әуелі жас талаптар сөз алып, құқықбұзушылыққа жол бермеу, қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстау және кез келген жағдайда қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау жөнінде сөз қозғады.
— Осы арқылы жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, заң талаптарын түсіндіру, құқықбұзушылықтың алдын алу және оқушылардың өз құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етуді көздейміз. Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, құқықбұзушылықтың салдары, буллинг пен өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу мәселелеріне ерекше басымдық береміз. Неге десеңіз, оқушылар арасында бұл аса өзекті, — деді аталған білім мекемесінің директоры Бекболат Дүйсембаев.
Ақтөбе қалалық полиция басқармасының взвод командирі Нұрлан Жусаев, қызмет инспекторы Әділет Зейін, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының аға инспекторы Бекет Айсұлтан т.б. қонақтар заң мен тәртіп жөнінде тәжірибесімен бөлісті.
Ашық пікір алмасу форматында өткен жүздесуде құқық қорғау органдарының өкілдері интернет алаяқтық, ақша бопсалаудың салдары туралы да әңгімелеп, оқушының басты міндеті — білім алу екенін, беймезгіл уақытта сыртта жүруге болмайтынын ескертті.