КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ АЗАМАТ: ӨЗГЕРІСТЕР ӘР АДАМНЫҢ ӨМІРІМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ

 

Жаңа Конституцияда әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға, сондай-ақ заңға сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы бекітілген. Бұл азаматтардың заң алдында қорғансыз қалмауына мүмкіндік беретін маңызды кепілдіктердің бірі. Сонымен қатар мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетінен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алу құқығы да қарастырылған.

Мұндай нормалардың мәнін халыққа қарапайым мысалдар арқылы түсіндіру қажет. Мәселен, азамат мемлекеттік қызмет алу кезінде заңсыз кедергіге тап болса немесе өзіне қатысты қабылданған шешіммен келіспесе, оны заңда белгіленген тәртіппен даулауға құқылы. Еңбек қатынастарында да қызметкердің қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуі, еңбегі үшін кемсітусіз ақы алуы және әлеуметтік қорғалуы Конституцияда бекітілген құқықтық кепілдіктерге жатады.

Демек, құқықтық сауаттылық – тек заңгерлерге қажетті білім емес. Ол әр адамның өз мүддесін қорғауына, заңсыздыққа жол бермеуіне және қоғамдағы әділетті қатынастарды қалыптастыруға көмектеседі.

Қоғамның тұрақтылығы ең алдымен отбасының әл-ауқаты мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда неке мен отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатыны бекітілген. Сондай-ақ балаға қамқорлық жасау мен тәрбие беру ата-ананың құқығы әрі міндеті ретінде айқындалған.

Бұл қағидат отбасы институтының қоғамдық маңызын көрсетеді. Балаға қолайлы жағдай жасау тек материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен шектелмейді. Оның қауіпсіздігі, сапалы білім алуы, денсаулығының қорғалуы және тұлғалық дамуына мүмкіндік берілуі де маңызды.

Қазіргі кезеңде балаларды ақпараттық қауіп-қатерлерден қорғау, интернеттегі жеке деректерінің қауіпсіздігін сақтау және олардың психологиялық әл-ауқатына көңіл бөлу мәселелері де өзекті. Конституцияда жеке өмірге қол сұғылмау және дербес деректерді заңсыз пайдаланудан қорғау құқығының бекітілуі цифрлық дәуірдегі қауіпсіздіктің маңызын айқындайды.

Ата Заңдағы отбасы мен балаға қатысты нормалар қоғамға да белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Білім беру ұйымдары, мемлекеттік мекемелер және қоғамдық институттар балалардың мүддесін қорғау ісінде өз міндеттерін сапалы орындауы керек. Өйткені жас ұрпақтың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуі – елдің болашағына жасалған инвестиция.

Азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары тек республикалық деңгейдегі қоғамдық-саяси үдерістермен шектелмейді. Олардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін көптеген мәселе жергілікті жерде шешіледі. Аула мен көшенің тазалығы, жолдардың жағдайы, қоғамдық көлік, ауызсу, абаттандыру және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі – тұрғындар үшін маңызды мәселелердің қатарына жатады.

Жаңа Конституцияның 91-бабында жергілікті өзін-өзі басқару институты бекітілген. Оған сәйкес, жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғын халықтың өзі шешуін қамтамасыз ететін тетік танылады. Жергілікті өзін-өзі басқару халықтың тікелей қатысуы арқылы, мәслихаттар және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.

Бұл норманың практикалық маңызы зор. Өйткені жергілікті жердегі мәселелерді сол аумақта тұратын адамдардан артық білетін ешкім жоқ. Тұрғындар өздері өмір сүретін ортаның қажеттіліктерін жақсы түсінеді және оны жақсартуға қатысты нақты ұсыныстар айта алады.

Мәселен, белгілі бір елді мекенде балалар алаңын салу, көшелерді жарықтандыру немесе қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру қажеттілігі туындаса, тұрғындардың бірлескен бастамасы мәселені шешуге ықпал ете алады. Бұл ретте азаматтардың белсенділігімен қатар, жергілікті органдардың ашықтығы мен халық алдындағы жауапкершілігі де маңызды.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы тұрғындардың өз ортасына деген жанашырлығын арттырып, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтады. Азаматтар тек талап қоюшы тарап болып қалмай, ортақ мәселелерді шешуге қатысатын белсенді қоғам мүшесіне айналуы керек.

Ел экономикасының дамуы азаматтардың еңбек етуіне, кәсіби қабілетін жүзеге асыруына және кәсіпкерлік бастамаларын іске асыруына жасалған жағдаймен тікелей байланысты. Жаңа Конституцияда әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бекітілген. Сонымен қатар қауіпсіз еңбек жағдайына, кемсітусіз еңбекақы алуға, әлеуметтік қорғалуға және тынығуға қатысты кепілдіктер қарастырылған.

Бұл нормалар еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындап, оның құқықтарын қорғаудың маңызын көрсетеді. Қызметкердің еңбегі әділ бағалануы, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы қатынас заң талаптарына сай құрылуы қажет. Еңбек даулары туындаған жағдайда оларды заңда белгіленген тәртіппен шешу мүмкіндігі де қарастырылған.

Кәсіпкерлік саласында да конституциялық кепілдіктердің маңызы ерекше. Заңды түрде алынған жеке меншік құқығы қорғалады, мұрагерлікке кепілдік беріледі, кәсіпкерлік қызмет еркіндігі танылады. Бұл азаматтардың өз ісін ашуына, өндірісті дамытуына және экономикалық белсенділігін арттыруына құқықтық негіз қалыптастырады.

Алайда кәсіпкерлік еркіндік жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Меншікті пайдалану кезінде қоғам мен мемлекет мүддесі, қоршаған ортаны қорғау талаптары және өзге адамдардың заңды құқықтары ескерілуі қажет. Осылайша Конституция жеке бастаманы қолдау мен қоғамдық мүддені қорғау арасындағы тепе-теңдікті көздейді.

Бүгінде ақпарат алмасу жылдамдығы артып, әлеуметтік желілер азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуының маңызды алаңына айналды. Адамдар өз пікірін білдіріп, қоғамдық мәселелерді көтеріп, ақпарат таратуға кең мүмкіндік алды. Мұндай жағдайда сөз бостандығының құқықтық негіздерін түсіну ерекше маңызды.

Жаңа Конституцияда сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілген. Әр адамның заңмен тыйым салынбаған тәсілдер арқылы ақпарат алу және тарату құқығы танылады. Сонымен қатар цензураға тыйым салынған.

Дегенмен сөз еркіндігі өзге адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін бұзуға мүмкіндік бермейді. Ақпарат тарату кезінде шынайылыққа, дәлдікке және жауапкершілікке мән беру қажет. Жалған мәлімет тарату, біреудің ар-намысына нұқсан келтіру немесе қоғамда араздық тудыру еркін пікір білдіру ұғымына жатпайды.

Сондықтан ақпараттық мәдениет пен құқықтық сауаттылық қатар дамуы керек. Әсіресе әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын жастар үшін ақпаратты тексеру, дереккөзді ажырату және өз пікірін әдеп шеңберінде жеткізу дағдылары маңызды.

Жаңа Ата Заңның нормалары әр азаматтың өмірінде нақты көрініс табуы үшін оны түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет. Бұл ретте ресми мәтінді жариялаумен шектелмей, әр баптың мазмұнын қарапайым тілмен жеткізу, құқықтық жағдайларды өмірлік мысалдар арқылы түсіндіру маңызды.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық ұйымдарда құқықтық ағарту шараларын ұйымдастыру азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысы ашық әрі қолжетімді болғаны жөн. Адам өзіне қатысты шешімнің негізін түсініп, қажет болған жағдайда оны заңды жолмен даулауға мүмкіндік алуы тиіс.

Конституция – мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенімнің құқықтық негізі. Мемлекет адамның құқықтарын қорғауға міндетті болса, азамат та заң талаптарын сақтап, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеуі керек. Осындай өзара жауапкершілік қалыптасқан кезде ғана құқықтық нормалар қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналады.

Жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – азаматтың құқықтық мәртебесін, қоғамдағы рөлін және ортақ іске қатысу мүмкіндігін айқындауы. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, заң талаптарын күнделікті өмірде басшылыққа алу. Себебі елдің дамуы тек мемлекеттік шешімдерге емес, өз құқығын білетін, міндетін түсінетін және қоғамдық өмірге белсенді араласатын азаматтардың ұстанымына да байланысты.