Өңдеуші секторда 200 жаңа жоба, фармацевтика мен мал шаруашылығын дамыту: мемлекеттік органдарға жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды
📌 Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде жауапты министрліктер мен әкімдіктерге өңдеу секторын, фармацевтика саласын және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Биыл өңдеуші секторда 200-ге жуық жаңа жоба іске қосылады деп күтілуде.
Мәлімделген инвестициялар көлемін тартып, озық технологияларды енгізу керек.
Өнеркәсіп министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір жобаны бақылауда ұстауы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар жиында фармацевтика саласын дамытуға ерекше назар аударылды.
«Мемлекет басшысы фармацевтика саласының орнықты өсімін атап өтті. Осы маңызды бағыт бойынша қол жеткізілген қарқынды сақтай отырып, саланың одан әрі дамуын қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін арттыруға бағытталған инвестициялық ірі жобаларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ әкімдіктердің алдына ірі шаруашылықтармен өзара іс-қимылды жандандыру міндеті қойылды.
«Ауылдық жерлерде жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктерге ірі қожалықтармен өзара іс-қимылды жандандыруды тапсырамын.
Мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет бір ай мерзімде көрсеткішті 80%-ға дейін арттыра отырып елді мекендерді газбен қамту ісін жеделдету жөніндегі жұмыс жоспарларын өзектендіреді
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмалары аясында елдә мекендерді газбен қамту ісін жеделдету және газ инфрақұрылымын кеңейту жоспарларын өзектендіру бойынша міндеттер қойды.
«Президент елді мекендерді газбен қамту қарқынын жеделдетіп, көрсеткішті 80%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Энергетика министрлігіне QazaqGaz компаниясымен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде газ тарату желілерін кеңейту және салу жоспарларын жаңартуды тапсырамын. Бұл жобаларды толық әрі үздіксіз қаржыландырып, жүзеге асыру мерзімдеріне қатаң мониторинг жүргізу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Үкімет жақын арада газ саласын дамыту мәселесін жеке қарастыратыны атап өтілді.
Авиаотынға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, үш көмір стансасының құрылыс қарқынын жеделдету қажет — Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді
📌 Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент тапсырмалары аясында мемлекеттік органдар экономиканың тұрақты дамуы мен негізгі салалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы авиаотынмен қамтамасыз ету инфрақұрылымын құру міндетін қойды. Энергетика министрлігі Көлік министрлігімен және “Самұрық-Қазына” қорымен бірге тез арада авиаотынды сақтап, таратуға арналған нысандарды жаңғырту мен салудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлесін. Аталған жұмыс жылдам дамып келе жатқан авиация саласының қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін озық қарқынмен жүруі керек»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр генерация саласындағы жобаларды жүзеге асыруға жеке тоқталды.
«Президент Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш көмір стансасы құрылысының созылып кетуін орынды сынға алды. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне “Самұрық-Қазына” қорымен, Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, генерация саласындағы жобалардың белгіленген мерзімде уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.





