Қазақстан мен Франция театр өнері, музей және архив ісі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Парижде Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Француз Республикасының Мәдениет министрі Катрин Пегармен кездесті.

Кездесуде мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттары талқыланды. Арман Қырықбаев Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейге көтерілуіне және өзара байланыстардың жүйелі сипат алуына Қазақстан мен Франция президенттерінің достық пен сенімге негізделген қарым-қатынасы айрықша ықпал етіп отыр.
Министр екі елдің мәдениет мекемелері арасындағы байланысты кеңейтуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қазақстан мен Францияның өнер ұжымдары арасында өзара гастрольдер ұйымдастыру мәселесіне ерекше мән берілді.
Катрин Пегар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ екі ел мамандарына арналған оқу бағдарламаларын, тағылымдамалар мен өзара шеберлік сабақтарын ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
Францияға жұмыс сапары барысында Арман Қырықбаев Лувр музейінің президенті Кристоф Лерибомен де кездесті. Тараптар Лувр қорындағы жәдігерлер көрмесін Қазақстанда ұйымдастыру мүмкіндігін және музей саласындағы өзге де бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.
Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндерінің бағдарламасы аясында Қазақстан киносы күндері және Бранли жағалауындағы Жак Ширак музейінде «Қазақстан – Франция: мәдени диалогтан бірлескен жобаларға» атты дөңгелек үстел өтті. Мәдениет күндердің басты оқиғасы – Париждегі «Мариньи» театрында ұйымдастырылған Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті.
Концерттің ашылуында Арман Қырықбаев Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастың тұрақты дамып келе жатқанын және екі халықты жақындастырудағы мәдениеттің айрықша рөлін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынас нығайтылған стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Францияға жасаған мемлекеттік сапары және Франция Президенті Эмманюэль Макронның 2023 жылы Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін берді. Бүгінгі гала-концерт халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға үлес қосатын тағы бір маңызды қадам боларына сенімдімін», – деді министр.
Гала-концерт француз көрерменіне қазақ музыкасы мен хореография өнерінің байлығы мен сан қырлылығын танытты. Сахнада қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлері, сондай-ақ заманауи туындылар орындалды.
Концертте Әлішер Кәрімов, Зарина Алтынбаева, Ернар Садырбай (Amre), Елдар Сапараев, Расул Жармағамбетов, Фархат Кубиев, Назым Сағынтай, «Астана Балет» театры, HasSak этнофольклорлық ансамблі және Mezzo тобы өнер көрсетті. Өнерпаздарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі




