Құрғақ уәде емес, нақты іс керек

Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында мемлекеттік қызметшілер туралы: «Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн», деп атап өткен еді. Мамандардың айтуынша, аталған қызметтегі әдепті бұзатын көріністің кең таралған түрі – популизм.

«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақ­станның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауында Президент мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына, халқына адал қызмет етуге тиіс екенін еске салды. Өйткені мемлекеттік қызметшінің міндеті халыққа ұнау мақсатында әдемі сөйлеу емес, қоғамның мәселесін шешіп, нақты нәтижеге қол жеткізу.

Мемлекеттік басқарудағы попу­лизмнің ықтимал салдары халық­ара­лық ғылыми зерттеулерде кеңі­нен қарас­тырылған. Мәселен, мұны Еуропа­лық университет инсти­тутының про­фессоры Майкл Бауэр 2024 жылы жариялаған «Популистік билік жағдайындағы мемлекеттік басқару» еңбегінде: «Кей кездерде қоғамдық сенімді қалыптастыруда кейбір мемлекеттік қызметшілер қоғамға жағымды көрінуге, көпші­лікке ұнайтын мәлімдеме жасауға, орындалуы күмәнді уәделер беруге бейім болуы мүмкін. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінде популизмнің көрініс табуы», деп түсіндіреді.

Автор сондай-ақ мұндай саяси тәсілдердің мемлекеттік аппараттың кәсіби дербестігіне, сараптамалық шешім қабылдау мәдениетіне төнді­ре­тін қатерлерін талдайды. Ғалымның пайымдауынша, популизм ұғымы көбіне саяси науқандармен, сай­лауал­ды уәделермен немесе қоғам­ның көңіл күйіне ықпал ететін мәлім­демелермен байланыстырылады. Оның осындай белгілері мемлекеттік басқару саласында да байқалуы ықтимал. Әсіресе мәселенің түпкі себебін анықтап, оны жүйелі түрде шешудің орнына, уақытша әрі көзге көрінетін әрекеттерге басымдық беру осы құбылыстың бір көрінісі саналады. Мұндай жағдайда мемлекет­тік қызметшінің жұмысы нақты көрсет­кіштермен емес, жария мәлімде­мелердің ауқымымен немесе сыртқы белсенділікпен өлшеніп кетуі мүмкін.