Конституция — мемлекеттің негізгі заңы


Ақтөбедегі Х. Доспанова атындағы № 14 орта мектепте «Жаңа конституция: жаңа көзқарас, жаңа жауапкершілік» тақырыбында интерактивті кездесу өтті.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасына орай «Жасөспірім және заң» мектепішілік профилактикалық онкүндігінің аясында ұйымдастырылған іс-шараға қалалық білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаев, қалалық полиция басқармасы Алматы ауданының №2 ҚПБ анықтау бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Еркебұлан Кеңес, № 14 орта мектептің «Даналық мектебі» клубының мүшесі Мария Қарамбаева қатысты.
— Құқықтық білім, құқықтық мәдениет — әділ қоғамның кепілі. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру балалық шақтан, яғни отбасы тәрбиесі мен мектеп қабырғасынан басталуы керек. Конституция — барлық заңдардың бастауы. Бүгінгі іс-шара, ең алдымен, Конституцияның басты құндылықтарын жас ұрпаққа түсіндіру, санасына сіңіру, сондай-ақ жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр, — деді мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ажар Омарова.
Алдымен полиция капитаны Еркебұлан Кеңес сөз алып, жаңа Конституцияда айқындалған азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне тоқталды.
— Конституция — мемлекеттің ең жоғарғы заң күші бар негізі заңы. Конституцияда атап көрсетілгендей, заң алдында барша азамат тең. Құқықтық тұрғыдан қандай да бір сауалдар туындаған жағдайда, жасөспірімдер оның жауабын ата-ана, мұғалім сынды ең сенімді адамдар немесе сенімді ақпарат көздері арқылы ғана іздеуі керек, — деп атап көрсетті ол.
Кездесу барысында оқушылар құқық қорғау органдарының өкіліне, басқа да қонақтарға «Сен сұра — маман жауап береді» айдары арқылы өз сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, заң үстемдігі, тәртіп, жауапкершілік ұғымдары төңірегінде пікір алмасып, өз ойларын жеткізді:
— Қоғам үшін, адам үшін ең маңызды ұғым — әділдік деп ойлаймын. Әділдік бар жерде әр адам өзін еркін сезіне алады. Ал әділдік тек заң үстемдігі мен тәртіп бар жерде ғана орнайды, — дейді 10-сынып оқушысы Бану Сағитжанова.
Іс-шарада әлеуметтік желідегі жауапкершілік, кибербуллинг, жеке адамның құқықтарын қорғау, әділдік, қоғамдық тәртіп және жасөспірімдер арасындағы даулардың алдын алу мәселелері де талқыланып, мамандар тарапынан нақты жағдайларға байланысты құқықтық түсіндірме берілді.







