Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам басты

Конституция еліміздің алдағы онжылдықтардағы даму бағдарын айқындайды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Конституциясын сапалы жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.
«Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – еліміздің алдағы онжылдықтардағы даму бағдарын айқындайтын негізгі құжат. Ата заңның қабылдануы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңін азаматтарымыздың жаппай қолдайтынын анық көрсетті.
Жаңа Конституция экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейтін озық әрі қарқынды дамудың берік институционалдық негізін қалыптастырады.
Президент жаһандық өзгерістердің көшін қуып жетумен ғана шектелмей, жаңа экономикалық ахуалды қалыптастыратын белсенді қатысушыға айналуымыз керек екенін атап өтуде.
Жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы дәл осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Ал, олардың түп негізінде жаңа Конституциямыз тұр»,
— деп атап өтті Премьер-министр.
Премьер-министр барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталғанын атап өтті.
«Жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің барлығы қоғамдағы тұрақтылықты одан әрі сақтау, азаматтардың әл-ауқатын лайықты деңгейде қамтамасыз ету, «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту, сондай-ақ қазақстандықтардың озық ойлы әрі жоғары интеллектуалды буынын қалыптастыруға бағытталған»,— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкімет инфляцияны төмендету шараларын бақылауды қамтамасыз етеді
📌 Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жаңа Конституцияны жүзеге асыру шараларын талқылау шеңберінде тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі міндеттерге назар аударды.
«Күні кеше Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында Мемлекет басшысы барлық реформаның басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Биыл инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру орнықты экономикалық өсімге жол ашатын маңызды фактор болып отыр. Оған қол жеткізу үшін тиісті құралдар бар. Жұмыс Ұлттық банкпен үйлестіріле отырып, жүргізілуге тиіс. Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына Макроэкономикалық тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын, сондай-ақ Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы жүзеге асыруды қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Отандық өндіріске қолдау көрсету, нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, сақтау инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту шараларын, сондай-ақ баға саясатын реттеу және “Инвестицияларға тапсырыс беру” құралдарын толық жүзеге асыруды жалғастыру қажет»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін ескере отырып, теңгерімді тарифтік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
12 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу және құрылыс көлемін арттыру: Үкіметте Президент тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қарастырылуда
📌 Үкімет отырысында Президенттің Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды.
«Бүгінде “Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту” ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.
Жыл соңына дейін шамамен 12 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп министрлігі отандық тауар өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді басым тәртіппен сатып алу арқылы олардың өндірістік қуаттарын арттыру үшін жағдай жасауы қажет»,
— деп атап өтті Премьер-министр.
Сондай-ақ Олжас Бектенов құрылыс көлемін арттыру қажеттігіне назар аударды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, құрылыс көлемін қазіргі деңгейде сақтап қана қоймай, оны арттыра түсу қажет.
Осыған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жоспарланған тұрғын үй көлемінің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Инженерлік инфрақұрылымды уақтылы жүргізу және құрылыс жұмыстарының сапасы ерекше бақылауда болуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.




