Болашағым бұлыңғыр болмасын десең…


Сейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы №16 орта мектепте «Заңды құрметте — болашағыңды қорға!» тақырыбында кездесу өтті.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған басқосуға Астана ауданына қарасты ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрхан Ағниязов, ауған соғысының ардагері Гумер Галеев, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Динара Иванова келіп, жиналғандармен тақырып бойынша әңгіме өрбітті. Мұндағы мақсат — жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, заң талабын түсіндіру, құқықбұзушылықтың алдын алу және оқушылардың өз құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына ықпал ету.
— Бүгінгі басқосуымыздың мәні ерекше. Себебі заңды білу — өз құқығыңды қорғау, ал заңды құрметтеу — өзгенің құқығына қол сұқпау деген сөз. Адамның азаматтық болмысы оның қоғамдағы жауапкершілігінен, іс-әрекетінен және заңға деген көзқарасынан көрінеді. Бұл «Жасөспірім және заң» профилактикалық онкүндігі аясында өткізіліп отыр, — дейді аталған мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлбану Байжанова.
Жиында қоғамдық тәртіпті сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, құқықбұзушылықтың салдары, буллинг пен өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу мәселелері туралы айтылды. Сондай-ақ мұғалімдер Мира Кекілбаева мен Ардақ Мырзағұлдың мұрындық болуымен оқушылар арасында «STOP: Құқықбұзушылыққа жол жоқ!» интерактивті ойыны өткізілді.




