Айтылды-орындалды

Ноғайтыда балаларға арналған қос нысан ашылды
Ноғайты ауылында аудан әкімі Айбек Купеновтың қатысуымен екі бірдей нысанның ашылу салтанаты өткізілді. Балалар ойын алаңы мен жасанды төсеніші бар футбол алаңы «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-нің демеушілігімен салынып, ауыл балаларына сыйға тартылған. Ашылу салтанатында аудан басшысы ауыл тұрғындарын қос қуанышымен құттықтады. «Бір жыл бұрын, өткен жылдың желтоқсан айында «Сағыз Петролеум Компани» компаниясының өкілдерімен кездескенде жалпы ауданға, соның ішінде Ноғайты, Қопа және Жарлы ауылдарына көмек көрсету мәселесін талқылаған болатынбыз. Сол кезде Ноғайты мен Қопа ауылдарына балалар ойын алаңын және демалыс паркін салу жөнінде ұсыныс айтылды. Бүгін, міне, сол ұсыныстың нәтижесінде осындай тамаша сый жасап отыр. Компания басшылығына аудан атынан алғысымды білдіремін», – деді Айбек Мұратқалиұлы. Жасанды төсеніші бар футбол алаңының ұзындығы 30метр болса, ені 15 метр. Айналасы темір торлы қоршаумен қоршалған. Балабақша жасындағы балаларға арналған ойын алаңының табаны резина тартан материалымен жабдықталған. Алаңда 6 ойын құрылғысы бар. Қос нысан да жарықтандырылған. Енді ауыл балалары екіойын алаңында тиімді уақыт өткізіп, ауылтұрғындары игілігін көретін болады.
