Заң мен тәртіп — қоғамның негізі

Конституция — мемлекеттің басты құжаты, елдің саяси-құқықтық жүйесінің берік негізі. Ол қоғамдағы тұрақтылықты, әр азаматтың құқықтары мен бостандығын айқындайды. Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің даму бағытында заң үстемдігіне, әділеттілікке және азаматтық жауапкершілікке басымдық берудің маңызын көрсетеді.
«Заң мен тәртіп» — құқықтық мемлекеттің басты қағидатының бірі. Заңды құрметтеу, өз құқығыңды білу және өзгенің құқығына қол сұқпау — әрбір азаматтың міндеті. Бұл құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру отбасынан басталып, білім ордасында жалғасын табуға тиіс.
Осы бағытта Благодар орта мектебінде де жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, оқушылар арасында «Заң мен тәртіп — қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында бірнеше рет дебат ұйымдастырылды. Пікірсайыс барысында оқушылар заңға бағынудың маңызы, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік мәселелері төңірегінде ойларын ортаға салды. Қарсы пікірлерді тыңдап, дәлелді сөйлеуге, өз көзқарасын қорғауға және ортақ шешімге келуге дағдыланды.
Мұндай шаралар оқушылардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға да ықпал етеді. Әсіресе, тарих пәнінде мемлекетіміздің қалыптасу жолын, Ата Заңымыздың тарихи маңызын түсіндіру — жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды тетігі.
Елдің болашағы — білімді, саналы, заңды құрметтейтін ұрпақтың қолында. Конституцияны құрметтеу — Отанды құрметтеу. Ал заңға бағыну мен тәртіпті сақтау — әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі. Заң үстемдік құрған жерде әділет орнап, елдің ертеңіне деген сенім нығаяды.

Ерболсын Көбеков, Ақтөбе қаласы, Благодар орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.