Жарық неге жиі сөнеді?

Электр қуатына деген тәуелділігіміз артып келе жатқаны жасырын емес. Күнделікті көп тіршілік осы бір қуат көзіне тікелей байланысты. Әсіресе, қыстың көзі қырауда жарық жалп ете қалғанда тұрғындардың басты уайымы үйдің жылуы. Басқасы басқа, жылуыңның өзі электр энергиясына тәуелді болған заманда бұл жеңіл қарайтын мәселе емес. Аудан орталығы мен кей ауылдарға көгілдір отын келгелі тұрғындар жаппай ошақ – пештерін бұзып, үйді газбен жылытатын құрылғыларды орнатып алғаны белгілі. Сондықтан, мекеменің жұмысы да, тұрғын үйлердің тіршілігі де нақ осы қуат көзіне тікелей тәуелді. Қоғамда өмір сүру жағдайы жақсарған сайын электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түскенін көз көріп отыр.

Әсіресе, табиғат тосын мінез танытқанда  жарықтың жалп ете қалуы көпшіліктің орынды өкпе – назын туғызары анық. Кейде лезде қайта жанып жатса, кейде сағаттап, ал кешегі боранды күндері тәулікке дейін ұласқаны баршаға мәлім. Тұрғын үйлерден бөлек аурухана, балабақша секілді әлеуметтік нысандар шама – шарықтарынша жан бағуға тырысары сөзсіз. Бұл жағдай әсіресе биылғы қыста ауыл тұрғындарын зәрезап қылғанын аңғармау мүмкін емес. Әлеуметтік желілерде жан айқайын жеткізіп жатқан тұрғындардың бірі шыдамсыздық танытса, енді бірі түсіністік танытып, адуын желде электр тоғымен арпалысқан қызметкерлерге көмек қолын созуға дайын екендіктерін де білдіріп жатқандар жоқ емес.

Жарықтың жиі өшуіне тұтынушылардың, яғни, қарапайым халықтың ешқандай жазығы жоқ. Өйткені, өздері тұтынған электр қуатының ақшасын ай сайын төлеп отыр. Қолдарына түбіртек тиісімен басқасын ысырып қойса да, бірінші кезекте электр қуаты үшін бережақты төлеуге асығады. Уақытылы есептесіп отыруды жадыларынан шығарып алса, желіні қиып кететінін жақсы біледі. Сондай-ақ, олар тоқ көзіндегі тұрақсыздық үйлеріндегі тұрмыстық техникаларды істен шығара ма деп те қауіптенеді. Сол себепті аудандық «Энергожүйе» ЖШС Байғанин аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Ербол Әліповке хабарласып, қарбалас қызметінің арасында сұрақтарымызға жауап алдық. Мекеме басшысының айтуынша, электр энергиясын жеткізуде қиындық жоқ. Бұл бағытта біршама жүйелі жұмыстар атқарылған. — Кешегі боранды күндері аудан орталығындағы барлық көшелерде жарық сөнді. Бағана құлап, электр құрылғылары өртенген жағдай орын алған жоқ. Борап жауған қардың екпінімен электр қондырғыларының іші толып қалып, жарықты қосуға мүмкіндік бермеді. Қосқан жағдайда ылғалмен қайта ажырап қалады. Ауа – райының қолайсыздығына қарамай бірнеше бригада жұмыс жасады, арнайы 4 көлік жұмылдырылды. Қондырғылардың ішін тазартып, біртіндеп тоқ көзіне қостық. Сондай-ақ, бірнеше тұрғын үйлерге электр қуаты барып тұрған кабельдер үзілді. Селолық округ әкімдігіне қарайтын сымдар да, біздің жүйемізге қарайтын сымдар да  үзілді.  Түнгі мезгілде сымдар бір – біріне тиіп, от шашты. Сол күнгі желдің екпіні өте қатты болды. Бір – бірімізді көре алмайтын қараңғылық пен боран салдарынан таңғы уақытқа дейін жұмыс жасадық. Ауылдық округтерден тек, Бұлақтыкөл ауылының жарығы сөнді. Ол жақта да техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда Көкбұлақ ауылының жарығын реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосарал маңында  1 техника, 4 қызметкер жұмыстанып жатыр. Жарлы ауылында бас инженер мен 2 қызметкер жұмыс жасауда. Аудан орталығында да үзілген немесе үзілуге жақын сымдарды жалғап, жөндеп  жүрген қызметкерлеріміз әлі де жұмыстанып жүр. Подстанцияны қар басып қалуы себепті диспетчерлер қардан тазалау жұмыстарын жасауда. Бұндай жұмыстар бізде үнемі жасалады. Дегенмен, кешегі желдің екпіні оңайға соққан жоқ, — дейді Ербол Сәденұлы. Маман тапшылығы жоқ, штат толық екенін айтқан басшы техникалардың істен шыққандары уақытылы жөнделіп тұратынын жеткізді. Жалпы, өздеріне қарасты учаскелерге қажетті техникалардың жеткілікті екендігін де айтты. Дегенмен, бұрыннан келе жатқан қондырғыларды барынша ұқсатып, жарамсызын уақытылы жөндеп пайдаланып отырғандықтарын жасырмады. Қондырғылардың құрал – жабдықтары кезең – кезеңімен ауыстырылып тұратындығын алға тартты. Аудан орталығындағы кейбір көшелердің жарығы аталмыш мекемеге емес, ауылдық округке қарасты екені белгілі. Сол себепті, Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі Азамат Ерғалиевке де хабарласқан болатынбыз. — 6 – 7 ақпан күндері ауа – райының қолайсыздығына байланысты ауылда бірнеше жерде электр жарығы өшті. Тоқтардың үзілу фактілері орын алды. Ә.Молдағұлова, С.Бәйішев, К.Ержанов көшелерінде электр қуатын жеткізу жұмыстарында кедергілер орын алды. Тиісті мердігер мекемемен бірге жұмыстанып, бүгінгі таңға дейін жөндеу жұмыстары жалғасты. Жеке үйлердің де кабельдері үзілді. Қарауылкелді ауылдық оуһкругіне қарасты Болашақ тұрғын массиві, Жаңақұрылыс, Бірлік, Теміржол,Солтүстік – 1, 2, 3 көшелерін жарықтандыруға жұмыстандық. Сондай-ақ, ауылдың Ақшағала аумағында да біраз жұмыстар жасалды, — округ әкімі.

«Энергожүйе» ЖШС-нің энергия тасымалдау сапасы үшінші сапалы деп аталады. Бұл авариялық жағдайда сөнеді. Сөнгеннен кейін мамандар 24 сағаттың ішінде ақауды жоюға міндетеледі. Ал, ауа – райы құбылып, қолайсыздық тудырған жағдайда уақытпен санаспай жұмыс жасаймыз, — деді электр желілері мекемесінің басшысы Е.Әліпов. Тұрғындар тарапынан да электр энергиясына сұраныс көп екендігін айтқан басшы соған байланысты инвестициялық бағдарламалармен жұмыстар жоспарланып отырғанын алға тартты. Ол қымбат бағдарлама болғандықтан, көптеген жұмыстар жасалып, сұранысты дәлелдеу керектігін ортаға салды. Алдағы уақытта электр қондырғылары ауыстырылмақ. Қалай болғанда да, жарықтың жиі сөнуі энергия жүйесінде үлкен мәселе барын аңғартады. Әйтпесе, қауіпті мамандықтардың бірі саналатын мамандық иелері күн демей, түн демей жұмыс жасап жатқандары белгілі. Электр қуатын өндіру оңай шаруа, аз қаражат емес екендігін ұғынып, тұтынушылар тарапынан да тиімді пайдалану мен үнемдеуді үйренсек, жаман болмасы белгілі. Бұл тұста әсіресе жапондардан үйренеріміз көп.

Бақытгүл Жалғасбайқызы.