Жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетілді
6 — 7 ақпан күнгі қолайсыз ауа – райы біраз адамды әбігерге салды. Әсіресе жол жүрген жолаушыларға оңайға соқпады. Ескертуді елемей жолға шыққандар мен ұзақ жол жүретін жолаушыларды жолда қалдырмас үшін жергілікті билік өкілдері мен құтқару қызметі үзіліссіз жұмыс жасады.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, өңірде 100-ден аса жолаушы жолда қалған. Олардың барлығы да Қ.Мұхамбетқалиұлы атындағы мектеп – гимназияға орналастырылған. Жолда қалған жолаушылардың арасында 20 шетел азаматы, қалғандары ел азаматтары болса, олардың 13-і бала, 22-сі әйел адам. Діттеген жеріне жете алмай, аялдап қалғандарға жатын орын мен ыстық тамақ беру ұйымдастырылған. Аудандағы тамақтану орындары да тосын оқиғадан сырт қалмай, жолаушыларға ыстық тағамдарын ұсынған. Қайырымдылық жасаған кәсіпкерлер мен еріктілер де тікесінен тік тұрып, жолаушыларға қызмет көрсеткен.
«Жем – Сағыз» ақпарат.