Таза Қазақстан» акциясы: экологиялық сананы қалыптастыру жолында
Бүгінде қоршаған ортаны қорғау мәселесі тек мемлекет деңгейінде ғана емес, әрбір азаматтың саналы таңдауы болуы тиіс. Осы ретте елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамды табиғатты аялауға үндейтін маңызды бастамалардың бірі болып отыр. «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – елді мекендердегі экологиялық ахуалды жақсарту, заңсыз қоқыс үйінділерін жою, жасыл аймақтарды көбейту және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру. Бұл бастама мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындардың және еріктілердің күшін біріктіре отырып, қоршаған ортаға деген ұқыпты көзқарасты насихаттауға бағытталған.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында республика бойынша көптеген экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде: елді мекендер мен су айдындарын қоқыстан тазарту, орман алқаптары мен саябақтарды көгалдандыру, тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру бойынша лекциялар мен семинарлар өткізу, өнеркәсіптік кәсіпорындарға экологиялық стандарттарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Жыл бойы бұл акцияның аясында жүздеген тонна қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберіледі. Сонымен қатар, мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұның бәрі тек табиғатты қорғап қана қоймай, адамдардың экологиялық мәдениетін дамытуға ықпал ететініне сенімдімін.
Сондай-ақ, экологиялық ахуалды жақсарту тек сенбіліктер мен қысқа мерзімді акциялармен шектелмеуі керек деп ойлаймын. Ол үшін әрбір азамат күнделікті өмірде экологиялық жауапкершілікті сезініп, табиғатқа жанашырлықпен қарауы қажет. Бұл тұрғыда қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыру, қағаз, пластик және басқа да зиянды қалдықтарды шамадан тыс пайдаланбау, су мен электр энергиясын үнемдеу секілді қарапайым әдеттерді қалыптастыру маңызды.
Мектептерде, жоғары оқу орындарында және жұмыс орындарында экологиялық мәдениетті насихаттау арқылы ғана біз қоршаған ортаны қорғауға шынайы үлес қоса аламыз деп есептеймін. Қорыта келе, «Таза Қазақстан» акциясы – экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өткім келеді. Бұл тек табиғатты қорғау шарасы ғана емес, болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыру жолындағы азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Осы бастамаға әрбір қазақстандық атсалысып, табиғатты аялауды өмір салтына айналдырса, еліміздің экологиялық жағдайы әлдеқайда жақсаратыны сөзсіз.
Экология – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясына қатысу – тек қоршаған ортаны қорғау емес, өз болашағымызды сақтау деген сөз.
Нұрдәулет Өскінов, жас маман