ҚЫСҚЫ ЖОЛ ҚАУІПТІ!

Біздің өлкедегі қыс өзінің суықтығы және болжамға бағынбайтынымен ерекшеленеді. Қыс маусымында бір елді мекеннен екінші елді мекенге автокөлікпен жол жүргенде күрделі ақаулық бір-екі адамның қазасы ғана емес, ондаған адамның мерт болуына себепкер болады. Сондықтан өздерінің балансында көлік құралдары бар кәсіпорындар, ұйымдар және мекемелердің басшыларына, сонымен қатар олардың апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық қызметке зор жауапкершілік жүктеледі.
Алайда, автомобильдердің техникалық жағдайын бақылау қаншалықты тиімді болғанымен, оның 100 пайыз апатсыз жұмыс істеуіне ешкім де кепіл бола алмайды. Қыста автокөлікті жылдам жөңдеп алу мүмкіншілігі аз екенін ескерсек, бірінші кезекте көлік құралдарының жолда болу уақытын үнемі бақылап отыру қажет. Егер автобус белгіленген уақытта елді мекенге келмесе, шұғыл түрде оны іздеуге кіріскен жөн. Ал жеке көлік иелерімен жағдай күрделене түседі. Егер сіз жылы да, жайлы салоны бар автокөлігіңізбен алыс жолға, тіпті таяу орындарға жолға шыға қалсаңыз, жыл маусымына сай жылы киініңіз, өйткені жолда не күтіп тұрғаны белгісіз. Термосқа ыстық тәтті шай немесе кофе құйып алу да артық болмайды, жылы биялайды үйде ұмытып кетсеңіз, сіз үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Бір-екі май шам салып алу да қажет-ақ (бұл қарапайым жарық беретін бұйымның тар бөлмені қыздыратын қасиетін екінің-бірі біле бермейді). Автомобильдің дәрі қобдишасында суықта болатын жарақаттарға қарсы дәрі-дәрмектің болуының да көп көмегі бар. Ең бастысы үйдегілер мен туыстарыңызды өзіңіздің сапарыңыз туралы құлақдар етіп, жолға қашан, қандай көлікпен шығатыныңыз туралы және діттеген орынға қашан жетуді жоспарлайтыныңызды айтуды ұмытпаңыздар. Бұл ақпаратты баратын адамдарыңызға да жеткізу де дұрыс болмақ. Егер жол-жөнекей бір оқиғаға кезігіп қалсаңыз, сіз ақпарат берген адамдар іздеуге тез шығары анық.
Егер сіз боранды көлік ішінде күтуді шешсеңіз, көлікті желге қарсы қойыңыз, барынша жылы киініп, жанармайды үнемдеу үшін оқтын-оқтын салонды жылытып отырыңыз. Пешті тоқтаусыз қосулы ұстасаңыз, жанар майды тауысып, одан да күрделі жағдайға ұшырауыңыз мүмкін. Көлікті қар басып қалатын жағдайда арасында есігін ашып, сізді салонның ішінде жауып тастамас үшін қарды лақтырып отырыңыз. Сіз қанша тоңсаңыз да, қар басып қалған автокөліктің қозғалтқышын от алдырмаңыз. Өйткені қозғалтқыш жұмыс істеген кезде улы газ бөлініп, салонның ішін толтырады, сөйтіп сіздің тұншығып қалуыңызға жағдай жасайды. Егер суық соншалықты қатты болса, автокөліктің газ шығатын мұржасын қардан аршып, газдың көліктің астына емес, ауаға кетуін қамтамасыз етіңіз. Бұл әрекетіңіз кезінде автокөліктен адасып қалмас үшін арқанның бір шетін автокөлікке, екіншісін өзіңізге байлап алыңыз. Бұл сақтықта артық болмайды: өйткені талай адамдар борап тұрған қалың қарда бағдарды жоғалтып, ақ түске оранған айналадағы әлемнің ішіндегі жалғыз қорғанысынан бірнеше мерт жерде ажал құшқандары қаншама.
Кез-келген жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін 112 телефоны туралы ұмытпаңыздар, өйткені сіздер әрқашан айналадағы жағдайды анық және түсінікті етіп жеткізе білсеңіздер, көмек жылдам келетіні сөзсіз.

Жоғарыда айтылған қағидалар өте қарапайым болғанымен, оларды сақтау жылдың осынау қауіпті кезеңіндегі төтенше жағдайлардан қорғап қалмақ.

Байғанин ауданының ТЖБ