«Құрылтай – өкілді билікті жаңғыртуға бағытталған маңызды реформа»

Қазақстандағы саяси реформалардың маңызды бағытының бірі—өкілді билік жүйесін жаңарту.Құрылтайды жаңа формата құруда елдің заң шығару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды өзгерістің бірі.

Жаңа органға Құрылтай атауы да кездейсоқ таңдалған жоқ. Қазақ мемлекеттілігі тарихында құрылтайлар қоғам өміріндегі аса маңызды мәселелер талқыланатын, елдің болашағын айқындайтын шешім қабылданатын және түрлі әлеуметтік топтардың мүдделері ескерілетін жиын болған.

Бұл атаудың қазіргі саяси институтқа қайта оралуы тарихи дәстүр сабақтастығын айқындай түседі. Сонымен бірге бұл өткен кезеңдегі тәжірибені сол күйінде қайталау дегенді білдірмейді. Қазіргі Құрылтай заманның өзекті міндеттері мен уақыт талабына сай жұмыс істейтін жаңа институт болмақ.

Маңызды өзгерістің бірі — жоғары өкілді органның бір палаталы үлгіге көшуі. Бұған дейін заң жобалары Парламенттің екі палатасында кезекпен қарастырылып келді. Мұндай жүйе қосымша келісу кезеңдерін қажет етіп, заң шығару үдерісінің ұзаққа созылуына әсер етуі мүмкін еді.

Заң шығару жұмысын бір ғана өкілді орган аясында шоғырландыру заң қабылдау рәсімдерін жеңілдетуге, артық бюрократиялық үдерістерді қысқартуға және өкілді билік қызметін халық үшін барынша түсінікті етуге бағытталған.

Алайда кез келген реформаның тиімділігі құрылымдық өзгеріспен ғана анықталмайды. Ең маңызды мәселе — жаңа институттың негізгі міндетін, яғни қоғам мүддесін білдіру және азаматтардың нақты мәселелерін ескеру қабілеті.

Құрылтайдың алдында мемлекет пен қоғам үшін маңызы бар мәселелерді қарастыруға, заң қабылдау үдерісіне қатысуға және ел дамуына қатысты ұсыныстарды талқылауға атсалысу міндеті тұр. Сондықтан оның жұмысының басты көрсеткіші — қабылданатын шешімдердің сапасы және қоғамдағы әртүрлі көзқарастарды ескере білуі болмақ.

Осылайша, Құрылтайдың қайта жаңғыруын тарихи атаудың қайтарылуы ретінде ғана бағалауға болмайды. Бұл — өкілді билік жүйесін жаңарту және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланыстың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды үдерістің бір бөлігі.

Тарихи дәстүр бұл институтқа ерекше символдық мән береді. Ал Құрылтайдың нақты маңызы оның күнделікті жұмысымен, яғни азаматтардың мүддесін қаншалықты тиімді таныта алатынымен және ел үшін маңызды мәселелерді шешуге қаншалықты үлес қоса алатынымен айқындалады.

Еркін Шүкірова, «Ақтөбе облысының аграрлық әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі