Берікбайдың берекелі ісі

Берікбайдың берекелі ісі

Жастайынан еңбекке араласып, әке өнегесін жалғастырған жандардың бірі – Берікбай Бекболұлы. Оны ауылдастары қолының шеберлігі бар, техниканың тілін білетін әрі еңбекқор азамат ретінде қадірлейді. Бұзылған көлікті бір демде қарап-ақ дерттемесін қойып, дереу жөндеуге кірісетін, оған көпшілік көмек сұрай келеді. Ал, Берікбай болса олардың көңілін қалдырып, қолын қайтарған емес. Бір қызығы ол еңбегіне ақша алмайды. «Техника жөндеу менің сүйікті ісім. Маған күні түскендердің еңбегім үшін кейбірі төлем жасайды, кейбірі жасамайды. Бұл үшін мен еш ренжімеймін», — дейді өзі.

Талипов Берікбай Бекболұлы 1986 жылы 9 ақпанда Ебейті ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Қопа орта мектебін бітірген. Сол кезден бастап жеке шаруа қожалығы бар әкесі Бекболдың жанында болып, шаруашылыққа қолғабыс еткен. Техникаға ептілігі 9 класта байқалған. Ең алғаш рет «Урал» маркалы мотоциклды жөндеп бастаған. Бірте-бірте бұл іске машықтанған ол кейін трактор, Уаз, Камаз, Нива және тағы басқа көлік түрлерін жөндей бастаған. Тәжірибесі молайған соң қазір барлық техниканың тілінде сөйлеп, шемішкідей шағады. Қолынан дәнекерлеу өнері де келеді.

«Әкем 27 жыл совхозда тракторшы болған. Кейін мал шаруашылығымен айналысты. Мен бойымдағы барлық қасиетті әкемнен жұқтырдым деп ойлаймын. Техника жөндеу еңбек пен уақытты талап етеді. Көмегіме жүгінген адамдардан нақты ақы сұрап көрген жоқпын. Әркім өзінің қал-қадірінше еңбекті бағалап жатады, соны ғана аламын. Бұл менің сүйікті хоббиім іспеттес. Ал негізгі жұмысым әкемнен қалған шаруа қожалығында. Қожалық қазір інім Алтынбайдың иелігінде. Бірақ бар шаруасына 2 інім – Алтынбай мен Бексұлтан үшеуміз бірігіп жүріп кірісеміз. Бірлік бар жерде тірлік бар. Бұл салада жүргеніме биыл 21 жыл болды», — дейді Берікбай.

Шаруа қожалығы ірі қара малмен айналысады. Жылқы, сиыр сынды малдарды бағып, жемісін көріп отырған қожалықта әркімнің өз ісі бар. Мысалы Берікбай техника тілін білген соң әр маусымда шөп шабады, жинайды. Яғни мал азығымен қамтамасыз етеді. Оның бұл ісінің жемісін тек өз қожалықтары ғана емес бүкіл ауыл да көреді. Өйткені Берікбай жылда жаз шыға шөп шабатын тракторын ең бірінші оталдыратын еңбекқор жігіт. Содан ала жаздай аптаптын астында жүріп, тер төгетін ол күз келе еңбектің жемісін де көре бастайды.

Алдымен өз шаруашылығының шөбін лық толтырып алған соң, ауылға сатуды бастайды. Оның бұл ісі үшін ауылдастары да дән риза. Жаз бойы өзіне тиесілі жердің шөбін шауып бітірген соң ауылды қамту үшін басқа да жерлерді сұрап, ретін тауып іске кіріседі. Бір маусымда 4 мыңдай рулон дайындайтын еңбек адамының ауылда қашан да маңдайы жарқырап жүреді. Өткен жылы мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер ауыл саябағына Мемлекеттік рәміздер стендін тарту еткен. Олардың арасында Берікбай да бар. Қолынан өнер тамған жігіт сол Елтаңба құрылысында да белсенділік танытқан.

Ағайын – тума, жора – жолдас алақандай ауылдағы бар жан Берікбайды беске таниды. Қолынан дәнекерлеу келгесін үйлерге жылу жүйесін де жүргізіп беріп жатады. Бірақ Берікбайдың айтуынша негізгі табыс сол әке мұра еткен қожалықтан келеді. Қалған қолынан келетін алуан істі ауылдастары үшін ол ізгі ниеттен істейді. Есесіне еңбек адамының қашанда еңсесі биік болып, ізінен ергендерге үлгі болып келеді. Бейнеті мен зейнеті қатар жүретін мал шаруашылығы да шымыр жігітті одан әрі шыңдай түседі. Отбасында анасы мен бауырлары – әрдайым қолдаушылар жары. Үй түтінін түзу шығарып, берекесін арттырса, бес баласы оның еңбек етуге деген басты мотиваторы болып жүрегін елжіретеді. Нағыз еңбек адамы деп Берікбайды айтуға болады.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ.