«БӘРІ ДЕ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ»

Раукен ОТЫНШИН,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,
Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы:
«БӘРІ ДЕ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ»
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз — «Құрмет» орденнің иегері, «Қазақстан Республикасының
мәдениет қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті
журналисі» Раукен Отыншин.
Ол қазіргі уақытта облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник»
газеттері және «Үш таған» журналы мен «YouTube» каналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының
төрағасы.
Раукен Сағызбайұлы, сіздің негізгі мамандығыңыз тарихшы екен, ұстаздық қызмет
атқарыпсыз, қолыңызға қалам алдырған не тылсым? Қаламгерлер мекені атанған
Байғанин жерінің киелі топырағынан ба?
— Расында да Байғанин өңірінен талантты ақын-жазушылар аз шықпаған. Бір кезде аудан
орталығы болған Жарқамысты — жарты Жазушылар одағы деп атаған ғой.
Біз мектепте оқып жүрген кезімізден Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Сағи
Жиенбаев, Есенбай Дүйсенбаев сияқты талантты қаламгерлердің шығармаларын оқып,
сондай болсақ деп армандап өстік. Менің журналистикаға келуіме де бәлкім осы жайлар өз
әсерін тигізген болуы керек деп ойлаймын.
Ал бұл салада еңбек еткен жылдарымда алғашқы мамандығым — ұстаз болуымның да көп
пайдасы тиді.
Мұғалім болу шәкірт тәрбиелеу, жас буынға жақсы жол көрсету ғой. Ал журналистиканың міндеті де соған ұқсас.
Еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз. Газетке корректор болып қызметке
кіріп, сегіз жыл ішінде жауапты шығарушы, тілші, жауапты хатшының орынбасары,
жауапты хатшы лауазымынан өту үлкен еңбекті талап етті ме?
— Мен Атыраудағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітіріп келгеннен кейін
еңбек жолымды Қарауылкелді селосындағы Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы
мектепте бастадым. Сол кездегі талап бойынша мұғалім болып жүргенімде армия қатарына
шақырды. Сөйтіп бір жарым жыл Москва әуе қорғаныс әскери округінде азаматтық борышымды өтедім.Елге оралғаннан кейін мектеп директорымыз Нұрман Қорбин білікті басшы, тәжірибелі
педагог болатын. Мені мектеп директорының орынбасары қызметіне ұсынды. Тәжірибем де
аз, әрі жаспын, осы күнге дейін ол кісінің маған соншалықты сенім артқанына, қолдау
білдіргеніне таң қаламын. Жасыратыны жоқ, сол кезде менің кандидатурама қарсы
болғандар да болыпты. Жас кез ғой, ондайларға көңіл аударған жоқпыз. Бірақ Нұрман Ықыласұлы айтқанынан қайтпады, беделді, принципшіл адам болатын, мені қызметке
тағайындады.
— Тағдыр деген бар. Осы қызметте жүріп еңбек ете бердім. Бәрі де жақсы болып келе
жатты. Бірақ өмірде ойламаған жағдайлар болады ғой. Аяқ-астынан ауырып, күрделі
операцияларды басымнан өткіздім. Соңында Москвадағы Боткин атындағы орталық
клиникада емделіп, аман қалдым. Денсаулық жағдайыма байланысты мұғалімдік қызметтен
қол үзуге тура келді.
Содан Ақтөбеге келдім. Басқа жұмыс іздей бастадым. Ол кезде қаладағы музей үйі алдында
облыстық газеттердің жаңа сандары ілулі тұратын. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің
төртінші бетіндегі «Газетке корректордың көмекшісі керек» деген хабарландыруға көзім
түсті. Жоғары білім болуы айтылған. Нендей қызмет екендігіне толық көзім жетпесе де,
тәуекел деп редакцияға бардым.
Осылайша баспасөзге алғашқы қадамым басталды. Бұл 1988 жыл болатын.Ол уақытта облыстық газет аптасына бес рет шығады. Менің қызметім — баспаханада. Әріп құйылатын қорғасынның иісі мұрын жарады. Соның ортасында жүріп, газет беттерін оқимыз. Журналист ағаларымыз осында кезекшілікке келеді. Солармен жақын таныса бастадым.Шынында да газет жұмысы мені өзіне тарта бастады. Сол тұста қаламы жүйрік журналист ағаларым Төлемес Меңдіғалиев, Төребек Досқалиев, Қуаныш Тектіғұлов, Аманқос Орынғалиұлы, Сатыпалды Сәуірбаев, Серікқали Байменшин, Сағындық Ниянқұлов,Нұрмұхамбет Дияровтармен қызметтес болдым. Журналист Төлеміс Меңдіғалиевтің кітабы шыққан кезде маған төмендегідей автогроф жазып бергені есімде қалыпты.«Раукен мақала жазып, гонорар күзе, Содан соң кітап жазуға маңдай түзе», — деп қолдау білдірген әріптес ағаларымның тілегі қабыл болып, шығармашылық ортамен етене араласып кеттім.Көп ұзамай редакцияның өзіне қызметке келдім. Газетте жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы қызметтерін атқардым. Секретариатқа келгеннен газет жұмысын жандандыру мақсатында арнайы Ресейден мамандар шақырылып, алғаш рет компьютер орталығы ашылды. Газетіміздің бет-бедері өзгеріп, жаңа офсеттік тәсілге көштік. Басылым беттері оған дейін ескі линотип машинасында теріліп, тақырыптардың әріптері қолмен істелетін.Бұл менің журналистикадағы алғашқы тұсауымды кескен жерім. 1998 жылдан Халықаралық «Түркістан» газетінің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы аймақтық тілшісі болдым. Одан кейін аймақтық ақпараттық-сараптамалық «Экономика- Бизнес» газетінің, апталық «Жаңа ғасыр – Новый век» газетінің бас редакторы болдым. 2002 жылдан «Отандастар Полиграфия» баспаханасында бөлім бастығы, директордың орынбасары, ал 2002-2007 жылдары «Атырау Ақпарат» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны баспаханасының директоры қызметінде болған тұста, Батыс аймағында алғаш рет құрылған «Атырау Ақпарат» медиахолдингсін негізін қалаумен бірге шетелдік жаңа технологиямен жабдықталған баспахананы іске қостық.Бұның барлығы мен үшін өмір мектебі, тәжірибе жинау, толысу, елге қызмет етудің елеулі кезеңдері болды.
Сіз өмірдегі қиындықтарға қалай қарайсыз, онымен қалай күресу керек?
Менің әкем Сағызбай Отыншин — Ұлы Отан соғысының жауынгері, Бірінші Украина майданына қатынасып, майданда ел қорғап, жеңіспен оралған соң, Байғанин ауданында шаруашылықта еңбек етті, колхоз басқарды, ауыл совет төрағасы, ферма меңгерушісі болды.Анам Зияба Әбілғазықызы екеуі ұл-қыздарын өмірге әкеліп, бақытты ғұмыр кешіп келе жатқанда әкем қапыда өмірден өтті. Мен ол кезде төрт жаста едім. Қазірге дейін өзім үшін осы қымбат жанның дидарын алыстан буалдыр сәуле ішінен көргендей болып жүремін.Анам ерте жесір қалды, соған қарамастан аяулы анамыздың аялы алақаны біздерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ешкімнен кем қылмай өсіріп жеткізді.Бірақ әкемнің жоқтығы, жанымда болмауы талай рет жүректі ауыртты. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Мектепте оқып жүргенде де, студент шағымда да әкесі бар балаларға қызығатынмын. Сөйтіп жүріп, қатарымнан қалмауға тырыстым, барымша алға ұмтылдым.Он жасымнан еңбекке ерте араласып, совхоздың маусымдық жұмыстарына да көмектесіп жүрдік. Қиындықпен күресу деген бәлкім, осы шығар…
Сіз газетте мол тәжірибе жинадыңыз, одан кейін баспахана саласында еңбек еттіңіз.Ал содан кейін өзіңіз үшін тың қызмет — «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына басшы болып келдіңіз. Мұнда басшы болып он жыл еңбек еттіңіз. Енді осы тақырыпты тереңірек өрбітсеңіз?
— Ақтөбе облыстық телеарнасы бұған дейін де мамандар ұстаханасы ретінде танылған байырғы шығармашылық ұжым ретінде белгілі еді. Бірақ, менің алдымнан біраз қиындықтар күтіп алды. Ғимарат ескірген, телеарнаның материалдық базасы нашарлаған, заманауи техникамен жабдықталуы кенжелеп қалған екен. Хабарлар түсірілетін студиялардың да жайы мәз емес. Ауылдағы көрермендер жергілікті арна хабарларын тәулігіне бір сағаттан артық көре алмайды. Міне, алдағы жұмыс бағыты осы арнада өрбуі қажет болды. Ең алдымен телеарна ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Бейнематериалдарды түсіретін, монтаждайтын техника атаулы жаңартылды. Хабарлар түсірілімі өтетін студияға салқын жарық беру жабдығы орнатылды. Облыстық бюджеттің қаржысына салынған «Кателко» спутниктік байланыс стансасы жергілікті телеарна хабарларын аймақтың 112 елді мекеніне таратуға мүмкіндік берді.2015 жылы шетелдік «Synergy» цифрлық жүйедегі қондырғы жаңаша безендірілген бірнеше студиялар пайдалануға берілді. Сол жылдарда эфирден берілген «Біз айтпасақ, кім айтады?», «Айтарым бар», «Кто, если не мы?», «Тағдырлары табыстырған халықпыз», «Көзқарас», «Төртінші билік», «Барыс жылы— ырыс жылы», «Отауы болған ән-жырдың, Ақтөбе теледидары», «Шын жүректен», «Сәті түскен сұхбат», «Үмітпен соққан жүрек», «Әкім сағаты», тағы басқа бағдарламалар мен ток-шоулар көрермендерді көп жинады.Осы кезеңде телеарнаның жарты ғасырлық тойы атап өтілді. Көптеген мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылды, «Елмен бірге 50 жыл» атты кітап шығарылды.Мен үшін телеарнаға басшылық жасаған он жыл өмірімнің өзекті бір кезеңі болды деп айта аламын. Көп шаруалар тындырылды, республика бойынша қай жағынан да алдыңғы қатарда жүрдік.         — Сіздің жас кезіңізден күнделік жазып жүретініңізді естіген едік. Осы туралы айта кетсеңіз?
— Байқап қарасаңыз, көптеген жазушылар күнделік жазуды дағдыға айналдырған. Бұл ретте Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовты үлгі етуге болады.Меніңше, күнделік — көңіл айнасы. Өмірде қуанышты күндерің, сәтті сағаттарың болады.Сондай-ақ кейде ренішке тап боласың, тіпті әртүрлі ойға кетесің. Сондайда көңіл күйіңді қағазға түсіріп отырсаң, бір түрлі жеңілдеп қаласың.Қазір жас кезде жазған бұдан кейін студенттік шақ пен әскердегі күнделігіме үңіле қарап, өткен күндерімді еске аламын.Мен мектептен кейін совхозда жас шопандар бригадасында еңбек еттім. Ауылдан қашықта жүрген біздің, оқушылық кезді, қатарластарыңды сағынып, еске алатын күндер болады. Сол кездерде былай деп жазыппын: «1978 жылғы 6 сәуір. Таңертеңгі сегізде ұйқыдан тұрдық.Күн бұлтты, күшті жел соғып тұр. Қиынбай, Меруеш қойды өргізіп кетті. Гүлжан екеуміз ат арбамен жүктер тасыдық.Бүгін де электр жарығы жоқ. Елсізде отырған сияқтымыз. Радиоқабылдағыш сөйлеп тұр.«Замандастар» хабарын беріп жатыр. Бір кезде «Неге солай?» әні шырқалды».«8 мамыр. Таңғы салқын бар. Ауа райы жақсы. Атты ерттеп алып, қойды өріске шығардым.Күндер көңілсіз өтуде. Бригададан кетіп қалғың келеді. Бірақ енді қалғаны бір ай 23 күн ғой. Сабырлы болу, шыдамды болу керек қой. «Сабыр түбі сары алтын, жеткізер сол мұратқа!» дегендей, аз ғана қалған уақытты кеудемізді көтере ұстап, шабытты еңбекпен аяқтауымыз керек. Қазір жалғыз қалғасын ба өткен-кеткенді көп ойлаймын.
Достар, достар, өміріме қажетсің,
Бірің ерен, бірің қайсар, өжетсің.
Күні құрсын жалғыз жүрген адамның,
Достарменен шалқығанға не жетсін!».
«1978 жыл 25 мамыр. Далада жаңбыр жауып тұр. Аспан бұлтты. Бүгін мектеппен қоштасқанымызға бір жыл уақыт өтіпті. Қайран оқушылық кез, мәңгі ұмытпаймын.Мектеп бітірген 48 оқушының әрқайсысы әр жақта, бірі оқуда, бірі жұмыста, әрбіреуі әр тарап жолға түсті».Міне, менің күнделігімнің келбеті осындай. Мен үшін соның бәрі қымбат. Өткен шақты,жүріп өткен жолдарымды еске аламын.Жастарға айтарым, күнделік жүргізіңдер, кейін ол өткен өмірлеріңізді көз алдарыңызға әкелетіні сөзсіз.
Сіз баспагерлік жұмысымен де біраз шұғылдандыңыз. Қазір кітап жазуға құштарадамдар көбейіп кетті. Бұған қалай қарайсыз?
— Ия, тағы да өткенге оралуға тура келеді. 1994 жылы белгілі жерлес жазушымыз Тобық Жармағамбетовтің туғанына алпыс жыл толды. Сол кезде «Сәлем саған, ер Тобық» деп
аталатын естеліктер кітабы әзірленді. Енді оны баспадан шығару керек. Содан демеуші іздедік. Бұл осы бағыттағы алғашқы қадам еді. Сәті түсіп, облыстық баспаханадан кітап шықты. Сол кездің өлшемімен алғанда, безендірілуі, көркемделуі көп көңілінен шықты.Осы кезеңде «Бекет ата» шығармашылық қорын басқарып, баспа ісімен жүйелі түрде шұғылдануға тура келді. Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді насихаттау бағытында өнер, мәдениет, білім және ғылымға байланысты «Жазушы» және «Арыс» баспаларынан «Алтынды орда қонған жер», «Жадыңда болсын, жас ұрпақ», «Тәрбие деген тәңір бар»,«Ғибратты ғұмыр», «Ұрпағым мұны білсін деп…», «Алтын жұлдыздың жарығы», «Өлкенің өнер күмбезі», «Өмір өткелдері», т.б. кітаптар жарыққа шықты. Ақтөбеде алғаш рет баспа ашып, кітап шығарумен айналысқан баспагерлердің бірімін деп айта аламын.Рас, кітап шығарушылар көбейіп кетті деген сөздің жаны бар. Әр түрлі естелік кітаптар, басқа да туындылар, шежіре кітаптары шығып жатыр. Бұл жерде мынаны ескеру қажет. Оқырман қолына тиетін кітап сауатты, әдеби талғамға сай болуы тиіс.
Бүгінде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, «Үш таған» журналы» мен «YouTube» каналы, сайттарыңыз «Ақтөбе Медиа» құрамында біріктіріліп отыр. «Актюбинский вестник» ғасыр биігіне көтерілді. «Ақтөбе» газетіне биыл 100 жыл толғалы отыр. Енді осы бағыттағы жұмыстарыңыз жөнінде айтсаңыз? Дәстүрлі басылымдар қатарында саналатын республикамыздағы байырғы басылым «Ақтөбе» газеті 100 жылдығын облыс аумағында кең көлемде атап өтпекші. Түрлі кездесулер, мәдени шаралар ұйымдастырылуда, арнайы республикалық медиа форум өткізуді жоспарлаудамыз. Біздің бұл бағыттағы іс-шараларымызға облыс басшысы қолдау білдіріп отыр. «Ақтөбе» газетінің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Облыс баспасөзінің қара шаңырағына айналған «Ақтөбенің» қазіргі бағыты — қоғамға, ұлтқа қызмет ету. Газет ұжымы қоғамдағы түрлі проблемаларды назардан тыс қалдырмай, мемлекеттің саясатын жүргізіп, аймақ ақпараттарын жұртқа жеткізуде, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа түсіндіруде күн сайын тынымсыз қызмет атқарып келеді.«Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдығы мерекесі қарсаңында «Жүз жыл жылнамасы» айдарын алға шығарып, өзін тарихын тағы бір түгендеуде. Таяуда бір топ ақтөбелік алпинистер Тянь-Шаньға жасалған сапарында облыстық «Ақтөбе» газетінің туын 3200 м биіктіктегі Альтус тауына тіккен болатын. Сөйтіп еліміздің байырғы басылымдарының бірінің атрибуты жоғарыда желбіреді.Газет облыстың барлық аудандарында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, халықтың жағдайын, көкейкесті мәселелерін тұрақты көтеріп жүр. Соңғы жылдары газеттің Ойыл, Байғанин, Шалқар, Темір және Ырғыз, басқа да аудандарындағы күндері өтті. Кездесулер барысында «Ең белсенді оқырман», «Жанашыр оқырман», «Ең жас оқырман» номинациялары бойынша сыйлықтар тапсырылды. Бірқатар тұрақты оқырмандарға Астана қаласында өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесіне жолдамалар табысталды. «Сарыағаш», «Мерке», «Шипагер» шипажайына және редакция қызметкерлерінің балалары «Ақбөбек» балалар демалыс орталығында демалу мүмкіндігіне ие болды. 2020 жылы Байғанин өңірінде «Жыр арқауы — Жарқамыс» атты үлкен шара өткіздік. Онда Ыбырайым ахуннан бастап, Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, одан бері жалғасатын буындар легі жырлары оқылды, жастар арасында арнайы сыйлықтар белгіленді.Аудандардағы жүздесулер барысында сол өңірлерден шыққан елдің танымал тұлғалары Бек  Сүлейменов, Ишанбай Қарақұлов, Жансен Кереев, Әжімағи Смағұлов, Нұрқасым Бердіқұлов, Тобық Жармағамбетов, Қуандық Дүйсенов, Өтежан Нұрғалиев, Құрал Тоқмырзин, Есенбай Дүйсенбаев және басқаларының есімдеріне құрмет көрсетіліп, олардың атындағы сыйлықтар тағайындалуы рухани сабақтастықтың жалғастығы өскелең ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз…
Сұхбаттасқан Рита Халыққызы.