Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл. Осыған орай аудан әкімшілігінің мәжіліс залында ҚР ауған соғысы ардагерлерінің орталық кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаев және облыстық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің мүшесі Естай Имағанбетов аудан активімен кездесті. Аудан әкімі Айбек Көпеновтің қатысуымен өткен жиынға аудандық мәслихат депутаттары, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, АӘД пәні мұғалімдері, сондай-ақ, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері қатысты.
Ауған соғысының ардагері, облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев қоғамдағы келеңсіздіктер турасында айта келе, рушылдық дерті, ұлттық тәрбие турасында тұщымды әңгімелерімен бөлісті. Аю мен айдаһардың ортасында отырған елге тентектікпен емес, тектілікпен алға озу керектігін ұғындырды. Аудандық мәслихат депутаты Мирғалым Дауылбаев қорғаныс саласының ардагері ретінде сөзін сабақтай келе, Ауған соғысына ауданнан 30 шақты жауынгер аттанғанын, қазіргі таңда 7 ардагер бар екенін айтып өтті. Патриоттық орталық ашу турасындағы өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ, 1968 жылы салынған ғимаратта жұмыс жасап отырған әскери комиссариатқа жаңа нысан қажеттігін де көтерді. Аудандық ардегерлер кеңесінің төрағасы Құрманғали Әлжан да өз сөзінде жастар тәрбиесіне әсер ететін негізгі жағдайларды айта отырып, ауған соғысы ардагерлерінің жәрдемақысы жайын сөз етті.
Түс ауа қадірменді меймандар аудан жастарымен кездесті. Жастар ресурстық орталығында өткен басқосуға ауған соғысының ардагері Сағынтай Жүрсінов пен Айтбай Рахманов та қатысты. Шара барысында Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ардагерлерге арнайы медаль табысталды. Ауған жерінде оқ пен оттың ортасынан аман оралып, бейбіт күнде еңбек еткен азаматтар өткен күнді еске алып, тағылымды әңгімелерімен бөлісті.
«Жем – Сағыз» ақпарат.