Ардагерлер пленумы өтті
Өткен аптада аудан әкімі Айбек Көпеновтің төрағалығымен аудандық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, еңбек ардагерлері, мемлекеттік орган басшылары, ауыл әкімдері жиналған басқосуға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов және кеңес мүшелері Бердіхан Кемешов пен Түрікпенбай Айжарықовтар қатысты.
— Ауданда 2483 зейнеткер бар. Олардың 6-уы ҰОС мүгедектеріне теңестірілгендер болса, 26 – сы тыл ардагерлері. Сондай-ақ, 6 ауған соғысының ардагері, 5 тәжік – ауған соғысының ардагері бар. Ауданда аудандық ардагерлер кеңесі мен 9 бастауыш ардагерлер ұйымдары жұмыс жасайды, — деді аудан әкімі А.Көпенов. Алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің атқарылған жұмыстары туралы Серік Шаңғұтов баяндама жасаса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрманғали Әлжан ауданда атқарылған істер турасында баяндады. Аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын жақсарту мақсатында әрбір кеңес мүшелеріне жұмыстар бөлініп берілгенін, атап айтқанда мүгедектер қоғамы Н.Шекееваның, «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын Б.Кенжебаева, аудандық қоғамдық кеңес мүшелігіне Н.Өскінов, өлкетану жұмыстарында И.Ермекбаевтар қызмет атқарып жүргенін айтты. Отбасы және әйелдер істері комиссиясының құрамында Қ.Аманғалиева бар екенін тілге тиек етті. Тәрбиелік мәні бар іс – шаралардың бел ортасында жүретін ардагерлер спорттық шаралардан да қалыс қалмайтынын жеткізді. Биыл ауданда ардагерлерге жағдай жасау мақсатында белсенді өмір сүру орталығы ашылатынын сүйіншілеген Қ.Әлжан әлі де атқарылуы тиіс істердің бір парасын айтып өтті. Өңірден шыққан белгілі тұлғаларды ұлықтап, 80-90 жасқа келген көзі тірі қазыналы қарттарды да елеусіз қалдырмай, елеп – ескеруге ұсыныс білдірді. – Жергілікті әкімдердің жұмыстары қауырт екенін білеміз. Дегенмен, үлкендердің батасын алу артықтық етпейді, — деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ел Президентінің биылғы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында да тұлғалардың насихатталуы керектігі айтылғанын да еске салды. Осыған орай, біздің өңірде де академик Қаныш Сәтбаевтің 125 жылдығы, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағанбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтардың 100 жылдығы, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуы ескерусіз қалмауы керектігін айтып өтті. Ел ішіндегі бірлікті сақтап, ұйытқы болуды көздеген қарияларымыз құндылықтар жолында әлі де тер төгуге тура келетінін айтты.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы халық арасында беделі, өмірлік тәжірибесі, қажыр – қайраты бар ардагерлердің потенциалын тиімді пайдалана алу қажеттігін, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт сияқты салалық ардагерлер қозғалысын қолға алып, қоғамдағы проблемаларға орай жүйелі жұмыс жасау қажеттігін нықтады. Жиын барысында бірқатар ардагерлер марапатталды. Еңбек ардагерлері Нұртан Саламатов пен Ертай Қарабасов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тілеулесұлының алғыс хатымен марапатталса, Наталья Шекеева, Бәтима Кенжебаева, Қоблан Түгелбай аудан әкімі Айбек Мұратқалиұлының алғыс хатын алды.
«Жем – Сағыз» ақпарат.