«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты коалиция мүшелері «ҚазақГазАймақ» ҚБ ұжымымен кездесті.


Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Естай Сисенбаев сөз сөйлеп, Жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – халық мүддесін қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру және әр азаматтың құқығын нақты кепілдендіру екенін атап өтті. Ол Конституция – ел дамуының темірқазығы екенін айтып, өзгерістер қоғам сұранысына сай болуы керектігін жеткізді.
Ардагерлер бірлестігінің төрағасы Серік Ботағарин өз сөзінде аға буынның тәжірибесі мен ел бірлігінің маңызын тілге тиек етті. Ол Конституция жобасында әлеуметтік әділдік, ардагерлер мен әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелері нақты көрініс табуы тиіс екенін айтты.
Мәслихат төрағасы Марғұлан Сержан өз сөзінде Жаңа Конституция жобасы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды құжат екенін атап өтті. Ол Конституцияның басты мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін күшейту және халық пен билік арасындағы сенімді нығайту екенін жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті өкілді органдардың өкілеттігін кеңейту арқылы өңірлердің дербестігін арттыру, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беру қажеттігін айтты.
«AMANAT» партиясы Байғанин аудандық филиалының атқарушы хатшысы, өңірлік коалиция жетекшісі Нұржан Жанин Конституция жобасын талқылауда ашықтық пен қоғамдық пікірдің маңызына ерекше назар аударды. Ол әрбір ұсыныс назардан тыс қалмайтынын айтып, барша азаматтарды белсенді қатысуға шақырды. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, ұжым қызметкерлері өз ойларын ортаға салды.