Байғаниннен шыққандығын мақтан тұтатын ұрпақ өсіп шыға берсін!
Аманғос Мектептегі. Бұл кісінің аты – жөнінен – ақ ерекшелікті байқап отырған боларсыз. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, тегіміздегі ов пен ев түгілі атасының атын құжат бойынша деген желеумен әлі күнге орысша жазатындар жетерлік. Ал, құжатты қазақшалап алуға не кедергі екені әркімнің өзіне аян болар. Айтпағымыз, жерлесіміздің аты – жөнін ерекшелеуден тайсалмай, қазақ ғылымына қосқан үлесін былай алып қойғанда, «Оян, қазақ!» деп жырлаған Міржақып Дулатов, «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынов сынды Алаш арыстарын баспасөз беттерінде алғашқы насихаттаушылардың бірі екендігін мақтанышпен айта отырып, Аманғос ағамыздың биыл мерейлі 70 жасқа келіп қалғанын білдік.
Жерлесіміздің қазақ түркология ғылымына таудай үлес қосып, көне руна жазуын зерттеп, жас ұрпаққа үйретіп жүрген еңбегін аға буынның есіне салсақ, кейінгі буынға таныстыру мақсатында аудандық газет бетінің төрінен орын беруді жөн көрдік.
— Өскен өңіріңізден сізге дұғай сәлем жолдай отырып, биылғы мерейлі жасыңызбен құттықтаймыз!
«Жем – Сағыз» газеті Байғанин өңірінің көзі, құлағы, тілі ғой. Кезінде аудандық газетке мақала шығарудың өзі жүрек тебірентерлік үлкен арман еді. Кезінде кішкентай ғана мақаламыз, суретіміз газет бетіне шыққанда жүрегіміз жарылардай қуанушы едік. Сондай сезім болады адамда. Осындай кішкентай қадамдар үлкен армандарға жетелейді. Аудандық газетте талай таланттардың көзі ашылды. Ұлтымыздың талай ақын – жазушыларының қолтаңбасы қалған газет. Тобық Жармағанбетов, Есенбай Дүйсенбай, Өтежан Нұрғалиев, Мәди Айымбетов бәрінің де тырнақалды туындылары осы газетке шыққанына шүбәм жоқ. Сол қаламгерлердің ішінде аудандық газетте жұмыс жасағандары да бар. Менің де ғылым — білім жолында атқарған тірліктеріме осы аудандық газет түрткі болғанын мақтанышпен айта аламын. Бала күнімізде осы газетті жата жастанып оқушы едік. Газетте аңыз әңгімелер, халық ауыз әдебиетінің небір жыр – дастандары да жарияланып тұрушы еді. Ескінің көзін көрген адамдар соны жазып, газетке жариялап, ол дүниелер кейінгі ұрпаққа мұра боп қалды. Ұлттық әдет – ғұрып пен дәстүрді еміп өскен үлкендеріміздің сөздері де, сөйлемдері де сондай ғажап еді. Өйткені, олар қазақтың табиғатын жақсы игерген адамдар болатын. Аудандық газетте ертеде шыққан дүниелерді мен әлі сағынышпен еске аламын. Соларды зерттейтін адам болса деп ойланамын. Сондықтан, газет қай уақытта да өз құндылығын жоймақ емес.
— Қазақ баласының қазақ даласына жаттығы жоқ. Дегенмен, әркімнің өз туған жері — өзіне ыстық. Солай емес пе? Талай тұлғалар түлеп ұшқан Жарқамыс топырағында дүниеге келген екенсіз. Ұлт руханиятында, мәдениетінде, ғылымында өзіндік орны бар жерлесіміз өскен өңірі мен балалық шағы турасында қандай әдемі естеліктер айтар екен…
Иә, әркімнің туған жері өзіне ыстық. Туған жерін сағынбайтын адам жоқ шығар сірә… Оның үстіне балалық шағыңдағы естеліктерің туған жеріңмен байланысты болса, тіпті оның жөні бөлек. Балалық шақ – адамның әсершіл кездері ғой. Бала кезімде Жарқамыс – мен үшін Швейцария болатын. Өйткені, көгілдір Жем, анау сиыр салғанның құмы, жалпы Жарқамыс ол кезде көкпеңбек болатын. Ол тұста Жарқамыстың атақты теректері жайқалып өсіп тұрушы еді. Жарқамысқа жақындаған тұстан –ақ сол ақ теректер көзге көрінетін. Біздің қиялымызды өсірген, біздің биікке самғауымызға жетелеген Алатау секілді заңғар биіктік болатын. Сол теректер біз үшін биіктіктің өлшемі секілді болған еді. Балалық шақтың сол бір әдемі көріністері әлі күнге көз алдымызда тұр. Кейін естуімше, сол теректерді кесіп тастаған секілді. Кезінде сол теректер Жарқамыстың бренді болатын, көркемдік өлшемі болатын. Туған жеріміз, өскен өңіріміз Байғанин болғанымен халыққа қызмет қылған шағымыз Алатаудың етегінде өтуде. Өскен ортамыздан жырақта, Алматы деген алып шаһарда халыққа қызмет қылып жатқан жайымыз бар. Екі өлке де мен үшін ыстық мекендер. Елге барсам, Алатауды сағынам, Алматыға барсам, елді, туған жерді, көгілдір Жемді сағынам. Жер бетінде Жемнің суындай су жоқ, жердің бетінде Жемнің жағасындағыдай құм жоқ. Балалық шағымнан келе жатқан сол бір әдемі сурет:
Көгілдір Жемнің бойында,
Жарқамыс деген ауыл бар.
Мен тудым соның бойында
Мен өстім сонда бауырлар! – деген Өтежанның өлеңінде айтылғандай, біздің сағынышымызды жеткізетін поэтикалық жолдар деп айтуға болады. Ал, Қарауылкелдіде 1965 жылдан онжылдықты бітіргенше өмірімнің бір бөлшегі өтті. Онда да өмірімнің әсерлі шақтары өтті. Жарқамыс кіндік қаным тамған жер болса, Қарауылкелді үлкен өмірге түлеп ұшқан жылы ұям деп айта аламын. Кезінде Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы мектеп аталған білім ордасын аяқтадық. Шын мәнісінде, балалықтың бал дәурені өткен сол шақтардың әрқайсысының алар орны ерекше. Қарауылкелдіде бірге ойнап, бірге оқыған достарым мен замандастарым, ет бауыр жақындарым бар. Қарауылкелдіде қарындасым мен інім тұрады. Ал, Ақтөбе шаһары — біздің ең бірінші көрген қаламыз. Қала мәдениетін көру, танысу Ақтөбеден басталған. Елдің адамдарының әңгімесі, әр сөзі, бітім – болмысы жанымызға жақын. Әке – шешеміздің көзін көрген, сөзін естіген, қызметіне жүгінген адамдары бар өлке қашан да ыстық. Алматыда жүріп Байғаниннің адамын кезіктірсек, бірге тумасақ та, туғаныңды көргендей сезімде боласың. Сондай өңірдің киесі бізге үлкен өмірге жолдама берді. Сондықтан да, жердің қай түкпірінде жүрсек те, туған жер естен кетпек емес. Туған жердің ауасын жұтып, топырағын басқанда еңсеміз бір көтеріліп қалады. Себебі, болмыс – бітіміміз туған жерде, өскен өлкеде қалыптасып, негізі қаланады.
— Кезінде аудандық газетте мақалаларыңыз бен түсірген фотоларыңыз жарияланып тұрған екен. Ғалым, ұстаз ретінде ғана емес, журналистика саласында да қолыңызға қалам ұстағаныңызды білеміз. Журналистика факультетінде сабақ беріп, жазу тарихынан да дәріс бергеніңіз белгілі. Бүгінде не жазып жүрсіз?
Аудандық, облыстық басылымдар біздің тәжірибе жинақтаған, журналистикаға қадам басуымызға түрткі болған, тіпті біздің тұсауымызды кескен деп те айтуға болатын газеттер. Біз осы газеттер арқылы өстік. Газетке не нәрсе жазсаң да, көпшілікке пайдасы тиетін дүние жазуға тырысасың. Қазір қазақтың тұңғыш университеті саналатын Әл – Фараби атындағы университетте журналистика факультетінде сабақ беремін. Болашақ журналистерге сабақ беретін болғасын, жазу – сызудан басқа ең әуелі жазу өнері бізге қайдан келді, содан бастап үйретеміз. Біздің тарихымыз орыс империясы дәуірлеп тұрған шақта біраз бұрмаланғаны белгілі. Ғылым – білім үйретілген күннің өзінде ұлтымыз алға дамысын деген қамқорлықтан емес, уысында ұстап, қадағалап – бақылап отыру ниетінде жасалғаны белгілі. Тәуелсіздік алсақ та, әлі де сол аурадан шыққан жоқпыз. Оқу – білім, ғылым методологиясы әлі де бұрынғы империяның көшірмесі деп айтуға болады. Кеңес Одағы кезіндегі оқу – білім саласынан әлі де асып түсе алмай жатырмыз. Өйткені, адамдардың өзгеруі баяу жүреді. Бұл консервативті жүйе. Ол адамдардың да ой қабілеті баяу өзгерді. Оның үстіне ұлт зиялыларының барлығы Кеңес заманында білім алған, сол заманның өнімі, сондықтан бірден өзгеріп кетуі қиын болары сөзсіз. Қанша жерден таланты, атақ – лауазымы болса да, олар шын мәнісінде ұлттық биікке көтеріле қойған жоқ. Ішінара бұзып – жарып шығатын таланттар болады, әрине олар өз алдына. Ал енді инкубатордың балапаны сияқты бәрінің алған білімі, оқыған – тоқығаны бәрі бірдей. Сондықтан, ілгеріде бізде үлкен – үлкен өзгерістер болатынына көзім жетіп отыр. Тәуелсіздігіміз баянды болатын болса, әлі талай өзгерістер болады. Әрине, ол ұлттың мүддесіне қарай жақсы өзгерістер дегенді айтқым келеді. Бізге 30 жыл бойы өткен империяның қулық – сұмдығы, берген білімі сіңген тұлғалар бар. Сондай тұлғалардың бірі бізді басқарып, біз дамып кетудің орнына, сондай мүмкіндігіміз бола тұра, біздің кері кеткен жағдайларымыз болды. Яғни, бір адым алға жасасақ, екі адым артқа жасадық. Оны көпшілік оқып, біліп түсініп жатыр. Бұрынғы билік 30 жыл тәуелсіз боп тұрған кезде халықтың мақсат – мүддесінен бұрын өзінің мақсат – мүддесін алға қойды. Жаппай халықтың қазынасын ұрлау, халық игілігін өзіне пайдалану, жаман бағыттағы істер біздің ілгері басуымызға кедергі болды. Құдай амандығын берсе, заман өзгеріп келе жатыр. «Дүние – алма кезек» деген бар. Бірте – бірте айымыз оңынан туып, ұлттың дамуына, өсуіне, алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуға мүмкіндігі зор. Біздің жерімізде Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Кезінде ауылшаруашылығы өркендеген ел болдық. Мысалы, біздің Байғанин ауданының өзінде кез – келген отбасында 30 – 40 алды 1000-ның үстінде малы болатын, төрт түліктің түрі болатын. Қазір ондай азайды. Өйткені, заман өзгерді дегенде, заман жақсы жағына өзгерді. Бірақ, заманның жақсы жаққа өзгеруін өз мүддесіне пайдаланып кеткен билікте де, басқада да адамдар болды. Тетікте отырған азаматтардың ниетінің терістігінен жекешелендіру деген кезде қарпып қалу, үлесті көбірек алып қалу дегенді алға шығарып жіберді. Сондықтан, дамуымызға зиянды жақтары көп болды, кедергі болды. Ауыл шаруашылығы – біздің ата кәсібіміз. Тек ауылшаруашылығы саласын мықтап қолға алған күннің өзінде де бай мемлекет болуымыз керек еді. Территориямыздың үлкендігі сондай 5 Франция, 99 Бельгия сиятын жер ғой. Шұрайлы жерлері де, таулы жерлері де, орманды жерлері де, өзен – көлі бар жерлері де, бәрі де бар. Небір елдерде болдым, бір елдерде қыс болмаса, бір елдерде қу тақыр жер. Ал, біздің елде бәрі бар. Тек соны ұқсатып, шаруашылыққа бейімдеп, соны ұйымдастыратын мықты – мықты азаматтар керек. Кейде ондай игіліктер елдің пайдасына емес, пысықайлардың пайдасына жарап кетеді. Енді бізге өткеннен сабақ алып, кемшіліктерді түзетіп, алға қадам басуымыз керек. Сонда ғана елдің әлеуметтік жағдайы көтерілетін болады. Өткен жылы Байғанинде болдым. Ауданмен облыс орталығын жалғайтын жолды көріп, қатты қуандым. Бұрын ол аралықта көлікпен жүру қиыншылық тудырған еді. Бірте – бірте игі қадамдар жасалып жатыр. Қазір, Байғанинде жақсы өмір сүрудің алғышарттары бар. Қолынан келетін адамдар талаптанып та жатыр. Соған қарап, басқалар да талпынатын болады. Сондай-ақ, Дәуімшар ескерткішін көріп, қатты қуандық. Себебі, ол біздің тарихымыз. Өз тарихымызды білу, түсіну осылай жүзеге аса бермек. Біз кезінде өз тарихымызды өзіміз білмедік. Аудандық музейде болғанымда, директорына айттым, ауданда тарихи жәдігерлер өте көп. дегенмен, оны аралап, арнайы баруға көпшіліктің мұршасы келе бермейді. Жасап жатқан жұмысын тастап, ешкім де тау – тасты аралап кете алмайды. Ал, егер, арнайы экспедиция ұйымдастырып, біздерді шақыратын болса, тарихи жерлерге байланысты түрлі зерттеулер жүргізіп, түрлі ғылыми, танымдық мақалалар жазуға болар еді. Тұтастай тарихымызды жазып шығуымыз үшін, мектеп оқулығына енгізетін мәліметтер үшін жұмыстануға болады. Аудандық музейде де талай дүниелер тұр. Біздің жерімізден табылған қызықты жәдігерлер бар, олардың тарихы жазылса деймін. Әйтпесе, ауданда беймәлім тұрған тарихи дүниелер көп. Ол тек Байғанин ауданының тұрғындарына ғана емес, ол тұтас ұлтқа, халыққа, қазаққа керек дүниелер. Байғанин – кең байтақ қазақ жерінің бір пұшпағы. Қазір де жазып жүрген дүниелерім көп. Бірақ, оның бәрі бірдей керемет дүниелер деген сөз емес. Тарихымыздың өте керекті деген тұстарын елеп – екшеп, кейінгі буынға жеткізуіміз керек. Келер ұрпаққа қажетті болғандықтан, біз сонымен шұғылданамыз.
— Өзіңіз айтпақшы, Тарихын тасқа жазған елдің ұрпағымыз. Байғанин өңірін де, «ашық аспан астындағы мұражай» деп атайтыны белгілі. Өскен өңіріңізде қандай дүниелер зерттелмей жатыр деп ойла йсыз? Өзіңіз айтпақшы, «құлпы ашылмаған» құлпытастар бар ма, туған өлкемізде…
Байғанин ауданы дегенде алдымен ауданның кең байтақ көлемі көзге елестейді. Жер көлемі бұрынғы Молдаван СССР-ының территориясымен бірдей. Қазіргі Молдовия республикасының жер көлемі біздің ауданның жер көлеміне жетпейді. Өйткені, олар екіге бөлініп кетті. Ал, осындай үлкен аумақта біздің ата – бабаларымыз өмір сүрді. Бір ғана статистиканың өзі біздің бұрынғы деңгейімізге әлі жете алмай келе жатқанымызды көрсетеді. ХХ ғасырдың 30 жылдарымен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылық бар. Өйткені, отарлаудың түрлі – түрлі залалдары, жерін тартып алу, халық жауы ретінде қуғындалу, біреуді банда қылып шығару, әйтеуір Кеңес үкіметіне қарсылық жасағандардың бәрі жау болды ғой. Сөйтіп, білімді адамдардың барлығының басы кетіп, ашаршылық заман халықты есеңгіретіп, аман қалуды ойлағандар тым – тырақай өзге елдерге қоныс аударып кетті. Ауғанстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Қытай, Түркия секілді көптеген елдерге ауып кетті. Қазір оларды оралман деп, қандас деп деп қарсы алып жатырмыз. Дегенмен, олар да елге там – тұмдап келіп жатыр. Әсіресе, біздің Байғанин ауданының халқы солай азайды. Ұлан – ғайыр жердегі халық саны аз. Бұл тек біздің ауданда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде де орын алды. Кезінде «Ана тілі» газетіне «Геноцид» деген мақала жазғанмын.
Осы қырғынның барлығы біздің халқымызды жою үшін жасалды. Бұрын біздің аузымызды аштырмайтын. Ұлт араздығын туғызады деп кінәлайтын. Шындықты айтқан адамның барлығы жазаланатын. Жазаланған адамдардың барлығы ұлы адамдар еді. Мысалы, солардың бірі Ахмет Байтұрсынов. Оның қандай шығармалар жазғанын қазір ел оқып жатыр. Ол – ұлттың ұстазы бола білген адам еді. Әлихан Бөкейханов қандай адам еді? Ұлттың болашағын ойлаған, сауатты, көп тіл білген, сан қырлы адам еді. Алаш зиялыларының қай – қайсысын да алып қарасақ, ұлт үшін ұшан – теңіз еңбек сіңірген адамдар. Солардың барлығын Кеңес үкіметі жау қылып шығарды. Жауыңның жаулығын айтсаң, өзің де жау болып шыға келетінсің. Себебі, бізге сыртымыздан басқа ұлттың өкілдері билік жүргізді. Солардың тәрбиесін көрген, өз ішімізден шыққан сатқындар да болды. Дегенмен, түптің түбінде ондай адамдар аласталып, ұлтқа қызмет қылатын адамдар өз биігінде қалады. Мәдениетімізді, руханиятымызды әрине біз бүгін жалғайтын боламыз. Тарихымыз толығып, жаңаратын болады. Себебі, осы күнге дейін біздің тарихымыз дұшпандарымыздың көзімен, солардың пиғыл – ниетімен жазылып келген еді. Енді ұлттың таза көзқарасымен жазылатын болады. Сол кезде біздің Байғанин ауданы туралы да тың деректер жазылары сөзсіз. Менің аудан туралы білетінім де көп, білмейтінім де көп. Егер, экспедициямен шығып, тарихи жерлерді көріп, соған байланысты зерттеп, кәріқұлақ ақсақалдардан, білікті адамдардан мәліметтерге қанығып, басқа деректермен салыстырып, талдап, қазбалайтын болса, әрине, біздің жерімізде зерттелетін дүниелер өте көп. Өйткені, қазақ жерінің барлығы тұнып тұрған тарих. Себебі, бізге дейін де талай мәдениет болған, ұмытылған. Өйткені, өзімізде билік болмады.
Барымызды Мәскеу иемденді. Қысқасы, біздің мәдениетімізге қажетті дүниелеріміздің біразынан айырылып қалдық. Енді соларды қайтадан жинақтау керек. Мектептерден бастап, көп жұмыстар жүргізілу керек. Туған өлкені зерттеу жұмыстары арнайы бағытпен жүргізілуі тиіс. Жер – су атауларының өзі тұнып тұрған тарих. Сондай мәліметтер жиі жазылып тұрса, нұр үстіне нұр. Бұрын халықтың көзін аштырмай, тек қана шаруашылық жайы айтылып, жоспарды орындау деген желеумен рухани мәдениетке көп аса мән берілмеді. Дегенмен, кезінде ауданның газеті сапалы материалдармен қамтылып, жақсы жұмыс жасады. Ауданның сарғайған газеттерінен – ақ, көптеген құнды мәліметтерді табуға болады деп ойлаймын. Өңір тарихына қатысты сондай дүниелерді жинақ қылып шығаруға да болады. Оқушыларға, жас ғалымдарға үлкен пайдасы тиер еді.
— Балалық шақтағы Байғанин қандай еді?
Мен көп адамдарға ұқсамайтын суретшінің отбасында дүниеге келдім. Әкеміз соғысқа қатысқан адам. Жапондарға қарсы соғысқа да қатысқан. Одан кейін әскери қызметтер атқарған, авиациямен байланысты салада еңбектенген. Авиафотоқызметі деп аталатын салада суретке түсіру маманы болған. Аспаннан құпия карталар түсірген. Қазақтар арасында сирек кездесетін топограф мамандығын иегерген. Негізгі қызметі суретпен байланысты болған. Бейбіт өмірде де фотограф болып қызмет етті. Суретпен Байғанин ауданының шежіресін жасады деуге де болады. Сол заманда Байғанинге біраз адамдар келген. Әкемнің түсірген суреттерін шығаруға мен де көмектесетінмін. Жазушы Тобық Жармағанбетов, академик Сақтаған Бәйішев сынды белгілі тұлғалардың түскен суреттері болды үйімізде. Дегенмен, ондай еңбектің бағалануы кемшін болғаны жасырын емес. Ал, қазір тіпті. Сурет деген екінің бірі түсіре салатын қолжетімді құралға айналды. Сол себепті оның қадірін біле бермейміз. Ал, шынтуайтында отбасылық альбом — әр адамның өткен өмірінің шежіресі. Байғанин топырағына фото өнерді алып келген менің әкем. Фото – жәй ғана сурет емес, ол эстетикалық таным, эстетикалық тәрбие, әдемілікке тәрбиелеудің құралы. Оны екінің бірі түсіне бермейді. Халық біздің әке – шешемізді құрметтеді, әлі күнге шейін аңыз қылып айтып жүр. Дегенмен, бірсыпыра дүниелері қолды болып кетті, қадірін білмедік. Ол кісінің қолдан жасаған құралдары болды. Ол кісі электр тоғы жоқ кездің өзінде білтешаммен жұмыс жасайтын. Соған байланысты өзіне қажетті құралдар жасап алатын. Бұл дегеніміз жасампаздық екен. Ал, бала күнімізде оның мәнісін аса түсінбеппіз. Фотоаппаратының объективі Петр заманынан келе жатқан дүние болатын. Ал, қазіргі музейде тұрған объектив ол кейінгі тұтынған дүниесі еді. Ал, негізгі объективінің қайда қалғанын білмей қалдық. Құнды жәдігер ретінде қадірін білмегендіктен, таппай қалдық. Ондай дүниелер көздің қарашығындай сақталуы қажет еді. Түсірген суреттерінің де көбісі жоқ болды. Тарихты білу үшін ұсақ – түйек саналатын дүниенің өзі маңызды саналады. Кезінде біздің үйіміз мыңдаған суреттерді шығаратын конвейер болды десек те болады. Сондай қара жұмысқа біздің әке – шешеміз жегілді, кейін біз де қолғабыс ете бастадық. Суретке деген құмарлық солай оянды. Осылайша, біздің жанымызды өнерге жақын ете бастады. Газеттерге сурет беріп, кейін мақала жаза бастадық. Көзімді ашқалы көргенім сурет болғасын, суреттен жиренген кездерім де болды. Кейін тіпті қолым жүрмей қалған кездерім де көбейе бастады. Нәтижесінде ол жолды қумадым. Дегенмен, қажет дүниелерімді өзіме суретке түсіріп жүремін. Түсірілген суреттерімді ғылым жолында пайдаланамын. Әкеміз талай қызықты жйттарды да айтушы еді. Әуелгі уақытта адамдар суретке түсуден қашқан, енді бірі бас киімін шешуден бас тартқан. Аудан аумағын жаяу аралап жүріп суретке түсірген. Ауылдарға жаяу барып тұрған кезде адамдар суретке түсіруге келісім бермеген деген секілді талай қызықты жайттар өткен. Ондай жағдайлар елдің де есінде ғой деп ойлаймын. Сондықтан, естеліктер әлі де талай айтылар. Әке – шешеміздің сүйегі де Байғанинде жатыр. Сондықтан, біздің Байғанинмен арамыз үзілмейді ғой деп ойлаймын. Сиректеу болса да барып тұрамыз. Байғанинге байланысты талай дүние жазылар. Ал, менің жазып жүрген дүниелерімнің көпшілігі ғылымға, тарихқа, тілдің тарихына қатысты мәселелер.
«Жем – Сағыз» газетіне үлкен табыс тілеймін. Аудан жылнамасын жазуда қаламдарыңыз мұқалмасын деймін. Өз тарихымызды өзіміз зерттейтін заманға жеттік. Өзінің Байғаниннен шыққандығын мақтан тұтатын ұрпақ өсіп шыға берсін!
— Әңгімеңізге рахмет!
Бақытгүл Жалғасбайқызы.
Белгілі рунолог-ғалым, көсемсөзші Аманқос Мектеп-тегі Құлтанұлы 1954 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Журналистер одағының мүшесі. 1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 1981-1996 жылдар ҚР ҒА-ның А.Байтүрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми кызметкері. 1995-1996 жылдары Республикалық «Жалын» журналы проза бөлімінің меңгерушісі. 1996 жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде оқытушылық қызметте. Аманқос Мектеп-тегі — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтүрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Смахан Бөкейхан т.б. мұрасын баспасөз бетінде алғашқы насихаттаушылардың бірі. Аманқос Мектеп-тегі алаш тақырыбына байланысты зерттеу мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде және «Бес арыс», «Тіл тағлымы», «Аламан», «Халел тағлымы», «Бекет-Ата», «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антолоғиясы», «Антология педагогической мысли Казахстана», «Халел Досмұхамедұлының өмірі және оның шығармашылығы», «Ұлттық рухтың ұлы тіні», «Ағартушы Халел» т.б. монографиялар мен ғылыми-танымдық жинақтарда жарияланған.