Аяқ киім төңкеріліп жатса, неге оң қаратады?

 

Аяқ киім төңкеріліп жатса, неге оң қаратады?
Жолда күнге кеуіп, жалғыз сыңары жатқан аяқ киім болса да оны оң қаратып жүретіндерді көреміз. «Неге олай еттіңіз?» деп сұрай қалсаңыз, «аяқ киім оң қарап жатса жолың оңғарылады» деп ырымдайды. «Алла сапарыңызды жемісті, жеңісті етіп әу баста жазып қойған болса, оны қайдағы жаман көксіген аяқ киім быт-шыт етіп, Алла әмірін жойып тастай ала ма?» десең: – Алла жазғанын ешкім өзгерте алмайды, бірақ бұл ырым ғой, не болса да ата-бабамыз бір нәрсеге сүйенген болар, – деп бей-жай қарайды. Расында аяқ киімді төңкеріп қалдырмау деген ырым біздің тарихымызда бар. Бірақ, ол ешқандай тылсым, соқыр сенім емес. Егер аяқ киімді төңкеріп тастаған болса, үйге келген мейман егесінің қайғыға ұшырағанын білетін болатын. Содан кейін үйге кіргенде өзін салмақты ұстап, сабырға шақырып, басу айтуға бейімделген. Үй алдында төңкерілген аяқ киімді көрген адам орынсыз әзіл айтып, жеңіл мінез танытпаған. Ал, мейман үйге кіргенде екі аяқ киімін екі жаққа тастап, шашып келсе, үй егесі оның жолының болмай келе жатқанын аңғарған. Сондықтан аяқ киіміңді жинап қой, төңкеріп тастама деген тыйымдар пайда болған. Егер төңкеріліп қалса, адамның ойына жамандық келеді деп өз ойларынан өздері сескенген. Бұл тыйым келе-келе балалардың санасында жаңғырып, көшедегі аяқ киімдерді оң қарату ырымына ұласқан. Ал, көшедегі аяқ киімнің бұл салтқа еш қатысы жоқ.

 

Дін мәселелері және қоғаммен

 байланыс жөніндегі орталығы» КММ-сі