ЖАҢА ЖОБАДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында еліміздің Ата Заңы — Конституцияның жаңа редакциясындағы өзгерістер түсіндіріліп, алдағы референдумға барудың маңыздылығы айтылды.
Кітапхана ұжымымен және оқырманымен кездесуге өңірлік коалиция мүшелері — облыстық мәслихат депутаттары Бижан Қалмағанбетов, Боран Ізбасов, қалалық мәслихат депутаты Шынар Ершілік және қоғамдық кеңес мүшесі Дамир Көпжасаровтар қатысты.
Спикерлер Ата Заңның жаңа редакциясына енгізілген өзгерістер, соның ішінде мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалар, адам құқы мен бостандықтары, отбасы мен неке құндылықтары, т.б. тақырыптар төңірегінде айтты.
— 15 наурызда еліміз үшін маңызды саяси оқиға — Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өтеді. Бұл бастама Мемлекет басшысының өткен жылдың қыркүйек айындағы халыққа Жолдауынан кейін көтерілген болатын. Конституцияның жаңа жобасында ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, елімізде екі палаталы Парламентті біріктіріп, бір палаталы Парламент — Құрылтай құру, Вице-президент лауазымын енгізу, Халық кеңесін құру сияқты маңызды жаңашылдықтар қарастырылып отыр, — деді Б.Ізбасов.
Б.Қалмағанбетов жаңа жобаның басты ерекшелігі ретінде адам құқығының конституциялық деңгейде бекітілуі, азаматтардың цифрлық ортадағы құқығын қорғау нормаларының алғаш рет енгізілуін атап өтті. Еліміздің басты құжаты мемлекеттігіміздің тұғыры, халық пен билік арасындағы өзара қарым-қатынасты айқындайтын басты құжат екенін айтып, референдумға белсенді қатысуға шақырды.
— Барша Ақтөбе халқын 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысып, өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділік танытуға шақырамын. Еліміздің болашағы — өз қолымызда! — деді ол.
Шынар Ершілік пен Дамир Көпжасаров адам және оның өмірі, құқығы мен бостандықтары туралы нормаларға тоқталды. Жаңа жобада адам және оның құқығы ең жоғары құндылық ретінде бекітілген.
— Отбасы және неке институтына қатысты нормалар да нақтыланған. Қазақы дәстүрге сай, неке ер мен әйелдің одағы ретінде айқындалған. Бұл — ұлттық құндылықтарымызды сақтау тұрғысынан маңызды қадам деп есептеймін.
Екінші маңызды мәселе — әйелдердің құқығы. Қоғамда түрлі жағдай орын алып жатады, сондықтан әйелдердің құқығын қорғау, ер мен әйелдің құқықтық теңдігін қамтамасыз ету — өте өзекті мәселе. Бұл мәселе мен үшін де маңызды, себебі менің отбасымда анам, қыздарым, апаларым бар, — деді Д.Көпжасаров.
Спикерлер кітапханашылар қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу мүшелері екенін тілге тиек етіп, 15 наурызда болатын референдумға барып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсететініне сенім білдірді.
М.ТАБЫН.






