Тұрақты экономикалық өсімге жол ашады
Еліміз алдағы онжылдықтардағы болашағын айқындайтын стратегиялық шешім қабылдаудың алдында. Ол – елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізі бола алатын атом электр стансасының (АЭС) құрылысы. Мемлекет басшысы Жолдауда осы мәселеде елдің бір тоқтамға келер сәті таяғанын еске салып, референдум уақытын белгіледі.
Egemen Qazaqstan
«Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын», деді Президент. Сөйтіп, бұл мәселенің біз үшін қаншалықты өзекті екенін айқындап берді. Жүйелік оператордың болжамынша, 2030 жылға қарай еліміз электр энергиясының тапшылығын қатты сезіне бастайды. Тапшылық 2030 жылдың соңына қарай өндірістік қуат деңгейінің шамамен 10%-ын құрауы мүмкін. Бұл тапшылық қазірдің өзінде жүйеде 2 000 МВт-тан астам қуатты қамтамасыз етуге қабілетті ауқымды генерацияны құру қажеттігін көрсетеді. Егер мүмкіндігі мен болашағын ескерсек, атом энергетикасы бұл қиындықты еңсерудің оңтайлы шешімі сияқты.
Біріншіден, еліміз айтарлықтай уран қорына ие. Әлемдік нарықта жетекші орын алады. 2023 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде уранның дәлелденген қоры 990 мың тоннаны құрайды. Ал оны кейінгі жылдағы өндіру көлемі 21 мың тоннадан асты. Бұл елімізді осы стратегиялық ресурстың ең ірі өндірушісіне айналдырады. Уранды АЭС-терде электр энергиясын өндірудің негізі ретінде пайдалану еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік беретіні анық.
Екіншіден, елдің энергетикалық қоржынына АЭС-ті енгізу электр энергиясының импортына тәуелділік мәселесін шешуге көмектеседі. Биыл бірінші жартыжылдықта Ресейден электр энергиясын жеткізу өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға өсіп, 1 млрд кВтсағат болды. Бұл Ресей электр энергиясының жалпы экспортының 50%-ын құрады. АЭС-тің артықшылығы сол – елдің энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Әсіресе ең жоғары жүктеме кезеңдерінде және күзгі-қысқы мезгілде.
Үшіншіден, атом энергиясы экологиялық тұрғыдан таза. Көмір, мазут және газ сияқты дәстүрлі энергия көздерімен салыстырғанда, АЭС атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды. Бұл оны климат өзгеруіне қарсы жаһандық күресте ерекше өзекті етеді. Ел көміртегі ізін азайтуға және қоршаған ортаны сақтауға міндеттеме алған мемлекет ретінде атом энергиясын осы мақсаттарға жетудің сенімді құралы ретінде қарастырады.
Төртіншіден, АЭС құрылысы елдегі өнеркәсіп пен ғылымның дамуына да серпін береді. АЭС-ті салу арқылы 2 000-ға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады. Елімізде қазірдің өзінде атом энергетикасы саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған мамандар мен ұйымдар бар. Соның нәтижесінде жобаны тиімді жүзеге асыра аламыз деп сенемін.
Кейінгі бірнеше жылда еліміз ұзақ мерзімге арналған электр энергетикасы саласын дамыту стратегиясын әзірлеуде елеулі жұмыс атқарды. Осы стратегияның аясында АЭС салу мүмкіндігіне қатысты барлық аспекті зерттеліп, оған еліміздің энергетикалық жүйесіне органикалық түрде сәйкес келетінін растайтын техникалық-экономикалық модельдеу жүргізілді. Президенттің осы жолғы Жолдауында айтқан энергетика және коммуналдық сектор туралы тезистер стратегияны әзірлеу барысында алған тұжырымға толық сәйкес келеді.
Осылайша, біз электр энергиясы нарығының 90%-дан астамын біріктіретін еліміздің негізгі сарапшы энергетикалық қоғамдастығы ретінде Қазақстанда АЭС салу туралы шешім қабылдау тұрақты экономикалық өсу мен елдің энергетикалық дамуы жолындағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз.
Талғат Темірханов,
«Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығы» ММ төрағасы