ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУ БАСТАУ АЛДЫ

Президенттік жастар кадр резерві – дарынды, бастамашыл, кәсіби білікті жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды жоба екендігіне назар аударды. Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумында атап өткендей, «еліміздегі бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар жеткілікті. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру керек».

Бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге қатысуға жалпы 60 мыңнан астам қазақстандықтар қызығушылық танытты. Іріктеулер қорытындысы бойынша резервке 400 адам қабылданды. Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалып, экономиканың түрлі салаларында еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.
Атап айтқанда, 167 – орталық мемлекеттік органдарда, 37 -жергілікті атқарушы органдарда, 62 – ұлттық компанияларда, 52 – өзге ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ 39 резервші саяси лауазымдарда, 3 – «А» корпусының лауазымдарында, 2 – Мәжіліс депутаты, 1 – мәслихат депутаты болып қызмет етуде.
Биылғы іріктеудің басты ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, нақты бағыттар бойынша үміткерлерді іріктеуді қамтамасыз етеді.
Іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта, сыртқы саясат және инвестициялар; экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам сынды 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі. Кандидат тіркелу кезінде көрсетілген салалық бағыттардың бірін таңдауы қажет.
Үміткерлерге қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады: іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.
Құжаттарды қабылдау – 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.

3f9302f6-3bab-454a-a889-9adb949dd854