Presight компаниясы Астанада өңірлік кеңсесін ашты

Presight компаниясы Астанада өңірлік кеңсесін ашты

Абу-Даби тақ мұрагері шейх Халед бин Мохаммед бин Зайд Әл Нахайянның Қазақстанға ресми сапары аясында Presight компаниясының Астанадағы шетелдік кеңсесінің салтанатты ашылуы өтті.

Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық трансформация саласындағы негізгі бастамаларды іске асыру мақсатында Presight компаниясы Астанада кеңсе ашып, елдегі жобаларды қолдап, операциялық қызметін кеңейтуде. ЭКСПО аумағында орналасқан жаңа кеңсе Presight компаниясының БАӘ-ден тыс шетелдік өкілдігі болып табылады және Орталық Азиядағы өңірлік хаб ретінде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта кеңседе 40-тан астам қазақстандық маман еңбек етуде, бұл жергілікті кадрларды дамыту мен елдің цифрлық трансформациясына компанияның қосқан үлесін көрсетеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бин Мохаммед бин Зайдтың қатысуымен өткен ресми рәсім барысында Presight қатысқан үш келісімге қол қойылды:

– Астана қаласы әкімдігі және ҚР Цифрлық даму министрлігімен жалпы құны 190 миллион АҚШ долларын құрайтын «ақылды қала» жобасын іске асыру туралы келісім;

– Қазақстанның цифрлық трансформациясы аясында жоғары өнімді есептеу орталығын құру үшін екі Nvidia H200 суперкомпьютер кластерін жеткізу жөніндегі келісім.

Presight жобалары Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлін нығайта түсуде. Астанадағы Alem.AI орталығы базасында елорда инфрақұрылымының зияткерлік өзегіне айналатын жағдайлық орталық құрылады. Бұл заманауи платформа энергетика, қоғамдық қауіпсіздік және қалалық инфрақұрылымды басқару сияқты негізгі салаларда интеллектуалды мониторинг пен шешім қабылдауды қамтамасыз етеді.

«Presight компаниясының Астанада өңірлік кеңсе ашуы – Орталық Азиядағы инновациялар мен технологиялар орталығы ретіндегі мәртебемізді нығайтудың маңызды қадамы. Presight сияқты жетекші компаниялармен серіктестік цифрлық шешімдерді ғана емес, бүкіл қоғам мен бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бұл елімізде жасанды интеллект дамуына қосылатын маңызды үлес, оны әртүрлі салаларда қолдануға жол ашады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

«Астанада кеңсе ашу – Presight-тың халықаралық кеңеюіндегі маңызды кезең. Қазақстан – Presight өз қызметін БАӘ-ден тыс бастаған ел. Бұл елдің цифрлық трансформациясын қолдауға және жасанды интеллект дамуына деген берік ұстанымымызды білдіреді. ЭКСПО аумағындағы шетелдік кеңсеміз Қазақстанның стратегиялық көрегендігіне, көшбасшылығына және адами капиталына деген сенімімізді көрсетеді. Жергілікті сараптаманы дамытып, елдің ақылды және технологиялық болашағына үлес қосатынымызға қуаныштымыз», – деді Presight бас директоры Томас Прамотедхам.

Астанадағы «ақылды қала» жобасы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтады және цифрландырудың жаһандық деңгейдегі үлгісіне айналады. Жоба қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, қалалық инфрақұрылымды нақты уақыт режимінде тиімді басқаруға, тұрақты энергия тұтынуға және азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған сервистерді дамытуға бағытталған. Айта кету керек, жобаның 60%-ы қазақстандық жеткізушілердің қатысуымен жүзеге асады, бұл жергілікті бизнестің белсенділігін және ел экономикасына қосқан үлесін айқындайды.

Шейх Халед бин Мохаммед бин Зайд Әл Нахайянның Қазақстанға жасаған ресми мемлекеттік сапары БАӘ мен Қазақстан арасындағы сенімге, стратегиялық серіктестікке және астаналардың цифрлық трансформациясына деген ортақ ұмтылыстарға негізделген берік екіжақты қатынастардың айғағы. Бұл сапар екі елдің өмір сапасын жақсарту мен тұрақты даму мақсатында озық технологиялар саласындағы ортақ бастамаларды ілгерілетуге деген ұмтылысын паш етеді. Presight пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық екі ел басшылығының толық қолдауымен іске асуда. Бұл серіктестік жасанды интеллект мүмкіндіктерін әлеуметтік-экономикалық тұрақты даму үшін пайдалану жолындағы ортақ мақсаттарды көрсетеді.

Анықтама

Presight – Абу — Даби қор биржасында (ADX) тіркелген, көпшілік акционері G42-БАӘ-де орналасқан жетекші технологиялық топ. Presight-жасанды интеллект технологияларына негізделген үлкен деректерді талдау саласындағы жаһандық көшбасшы. Компания экономикалық дамуға және қауіпсіз, салауатты және тұрақты қоғамды қалыптастыруға ықпал ететін шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету үшін AI, аналитика және әртүрлі деректерді түсіндіру саласындағы сараптаманы біріктіреді. Генеративті AI негізіндегі шешімдер желісінің көмегімен Presight мемлекеттік және жеке ұйымдарға AI стратегияларын тезірек жүзеге асыруға және маңызды нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі