Мен ауылда тұратын қарапайым азамат ретінде мемлекет басшысы көтерген ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерімен толық келісемін


Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көп қолдау жасалып жатыр. Шаруаларға несие беріліп, субсидия бөлініп жатқанын көзіміз көріп жүр. Бұл – бұрын болмаған қолдау.

Дегенмен, ауылдағы жағдайды жақсы білетін адам ретінде айтарым: қаражат бөлінгенімен, оның тиімді жұмсалуы әлі де көңіл көншітпейді. Шаруаларға ең алдымен дұрыс жол көрсетіп, дайын өнімді өндіруден бастап, сөреге жеткізетін жүйелі жоспар керек. Егер осындай біртұтас жүйе қалыптасса, ауыл шаруашылығы әлдеқайда дамиды деп ойлаймын.

Ауылдағы еңбек адамдары үшін агрохолдингтердің тәжірибесі үлкен үлгі. Олар өндірістің барлық сатысын қамтып, мол табысқа жетіп отыр. Осындай тәжірибені шағын шаруашылықтарға жеткізу қажет. Сонда ауылдағы кіші кәсіпорындар да алға басады.

Жер мәселесіне келсек, жер – біздің ең басты байлығымыз. Жер бос жатпауға тиіс. Шынында да, оны тек қадірін білетін, еңбек ететін азаматтарға берген жөн. Сонда ауыл шаруашылығының әлеуеті толық ашылады.

Ауылда тұрып, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген халық мемлекеттен тек бір нәрсе күтеді – әділ қолдау мен нақты жағдай жасау. Қалғанын еңбекқор ауыл адамдары өз күшімен атқара береді.
Бақдаулет Медет Ғайнуллаұлы
“Ерасыл”шаруа қожалығы