Мемлекеттік қызметтерді үйден не жұмыс орныңыздан шықпай-ақ алыңыз: «Жеке менеджер» қызметі қалай жұмыс істейді

«Жеке менеджер» қызметі халыққа қызмет көрсету орталықтарында, көшпелі қызмет көрсету форматында да қолжетімді. Аталған қызмет әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналарға, жұмыс кестесі тығыз азаматтарға, кәсіпкерлерге және денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі жандарға өте қолайлы, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығына келуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың барлығына арналған. «Жеке менеджер» қызметі 2024 жылдан бастап іске қосылды және қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметтерді үйде, кеңседе немесе сіз үшін ыңғайлы кез келген жерде алуға мүмкіндік береді. Тек жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу қызметтері бұл сервис арқылы көрсетілмейді. Қызмет көрсететін маман сіздің өтінішіңіздің негізінде, алдын ала келісілген уақытта келеді. Қызмет құны – 7447 теңге, оған ұйымдастыру мен жеткізу шығындары кіреді.
Қызметті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтына кіріп, «Жеке менеджер» бөліміндегі «Өтінім қалдыру» батырмасын басып, қажетті ақпаратты енгізу керек. Одан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары сізбен хабарласып, келу уақытын нақтылайды. Сондай-ақ, өтінімді «ЦОН» мобильдік қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы да беруге болады. Операторлар кеңес беріп болған соң, сізге сілтеме жазылған жеке SMS-хабарлама жіберіледі. Сілтемеге өтіп, өтінімді онлайн беруге болады.
Мемлекеттік корпорация азаматтардың қажеттіліктерін ескеретін және мемлекетпен өзара байланысты жеңілдететін қызметтерді кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырады.




