Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев Байғанин ауданына жұмыс сапарымен барды.
Депутат шаруа қожалығында еңбек адамдарымен кездесіп, әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады.
Депутат алдымен «Мұңал» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған шаруашылық қой еті мен ірі қара малын бордақылап, шетелге экспорттаумен айналысады. Оның құрамына «Мәдина» және «Адай-Ерсін» шаруа қожалықтары кіреді. Жер көлемі 12 624 гектарды құрайтын шаруашылықта үш мыңнан астам қой, бес жүзге жуық жылқы және жүзге жуық ірі қара мал бар. Қазіргі таңда қожалықта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Шаруалармен кездесуде Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев мал шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқталып өтті.
-Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мал шаруашылығын дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылданып, 6 пайызбен несие беру жоспарлануда. Еліміздің ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті жоғары, әсіресе ет бағытындағы мал шаруашылығының әлеуеті зор. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту үшін ветеринария саласын реформалау қажет. Ветеринар мамандарына жүктемені қайта қарап, техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету мәселелері де өзекті, – деді депутат.
Сондай-ақ Қазыбек Әлішев Қарауылкелді ауылында салынып жатқан 400 орындық жаңа Мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы араланды. Жобада заманауи кітапхана қарастырылған. Бұл нысан ауылдың мәдени өмірін дамытуға серпін беріп, қоғамдық және мәдени іс-шаралар өткізетін маңызды орталыққа айналмақ. Қазіргі таңда ғимараттың екінші қабаты толық қаланып, инженерлік желілермен қамтамасыз етілген, шатыр жабу жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Аудан бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үй құрылысына да ерекше назар аударылды. Биыл аудан аумағында 43 пәтерден тұратын 22 тұрғын үй салынған. Бұл үйлер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасыларға, І–ІІ топтағы мүгедектерге, толық емес отбасыларға, зейнеткерлерге және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған. Барлық үйлер инженерлік желілермен толық қамтылған. Аталған мақсаттарға жалпы 819 млн теңге бөлініп отыр.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Қарауылкелді ауылында екі өрт сөндіру көлігіне арналған жаңа өрт сөндіру депосының құрылысын бақылады. Нысан төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда депо инженерлік желілермен толық қамтылып, асфальт жабындысы төселген, футбол алаңы аяқталған, жылу қазандығы орнатылған. Құрылыс жұмыстары 95 пайызға орындалып тұр.
Қазыбек Әлішев «AMANAT» партиясы Байғанин аудандық филиалының ғимаратында аудандық мәслихат жанындағы фракция мүшелерімен және партия белсенділерімен кездесті.





