Конституция – жарқын болашаққа бастар жол

Жаңа Конституцияның 40-бабында ел азаматтарының тарихи және мәдени мұраны сақтауға қамқорлық жасап, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауы міндеттелген. Меніңше, бұл — ел тарихын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызды конституциялық негізі.
Осы талапты басшылыққа ала отырып, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңір тарихын зерделеу, құнды тарихи деректерді жинақтау және ғылыми айналымға енгізу бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Ғылыми қызметкерлеріміз өлкенің өткені мен тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты зерттеп, тың деректерді анықтауға басымдық беріп отыр.
Біздің міндетіміз — тарихи мұраны тек сақтау емес, оны қоғамға түсінікті әрі заманауи форматта таныстыру. Сондықтан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін музей экспозицияларын жаңғыртуға пайдалануды жоспарлап отырмыз.
Алдағы уақытта тақырыптық залдарды қайта жасақтап, тарихи мұраны заманауи технологиялар арқылы таныстыратын арнайы виртуалды залдар ашу көзделіп отыр. Мұндай формат келушілерге Ақтөбе өңірінің тарихын тың қырынан танып, тарихи жәдігерлер мен деректерді жаңа тәсілмен қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде тарихи мұраны сақтау — музей қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жас ұрпақтың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыру маңызды. Өйткені тарихи жады сақталса, ұрпақ сабақтастығы да жалғасады.
Біз ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырып, жинақталған құнды деректерді музей қорын толықтыруға, экспозицияларды жаңартуға және тарихи мұраны көпшілікке кеңінен насихаттауға бағыттаймыз. Өткенді ғылыми тұрғыда зерделеп, оны бүгінгі технологиямен ұштастыру арқылы тарихи мұраны келешек ұрпаққа жеткізуге үлес қосуды мақсат етіп отырмыз.
Айбек Ертеміров, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.