Қазақстан көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға көп күш салды – Біләл Ердоған
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған Астанадағы V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға Қазақстан елордасы Астана қаласына ат басын бұрғаныма өте қуаныштымын. Бұл шара тек дәстүрлі спорт түрлерін біріктіру үшін ғана емес, әлемге ортақ мәдени мұрамызды сақтап қалуға және оны болашақ ұрпаққа табыстауға бел буғанымызды көрсететін маңызды оқиға. Қазақстан көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға көп күш жұмсады. Бұл қазақ халқының күш қуатын, дәстүрге деген адалдығын айқын көрсетті», — деді Біләл Ердоған салтанатты шарада.
Сондай-ақ, шетелдік мейман Мемлекет басшысы мен дүбірлі доданы ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғыс айтты.
«Бауырлас елдердің дүниежүзілік көшпенділер ойындары ынтымақ, бірлігін нығайтады. Астанада Ұлы Дала дүбірі ұранымен өткен бұл құнды жиын тек спорт жанкүйерлері арасында ғана емес, сонымен қатар барлық елдер, әсіресе Түркия мен Қазақстан үшін жаңа достық, ынтымақтастық, мәдени ауыс-түйіске серпін беретініне нық сенемін», — дейді ол.
Айта кетейік, Астанада басталған V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.