Ел болашағы үшін саналы таңдау маңызды

Құрылтай депутаттарының сайлауы — қоғам өміріндегі маңызды саяси әрі азаматтық үдерістердің бірі. Құрылтай — елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуындағы өзекті мәселелерді талқылап, халықтың ұсыныс-пікірін жеткізетін алаң. Сондықтан оның құрамына ел мүддесін терең түсінетін, қоғамның әр саласының мәселесін білетін, жауапкершілігі мол азаматтардың сайлануы аса маңызды деп есептеймін.
Колледж директоры ретінде мені, ең алдымен, білім беру мен жастар мәселесі алаңдатады. Бүгінгі студент — ертеңгі маман, ал білікті маман — ел экономикасының негізгі тірегі. Осыған байланысты жастарға сапалы білім мен кәсіби бағдар беру, техникалық және кәсіптік білімнің беделін арттыру, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, жастардың еңбекке араласуына жағдай жасау — мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар міндет.
Құрылтай депутаттары осы мәселелерді назардан тыс қалдырмай, білім беру саласының нақты ұсыныстарын мемлекет деңгейінде көтеріп, жастардың әлеуетін жүзеге асыруға бағытталған бастамаларды қолдайды деген сенімдемін.
Сайлау — тек дауыс беру емес, бұл — елдің ертеңіне деген азаматтық жауапкершілік. Сондықтан әрбір сайлаушы кандидаттардың ұстанымына, атқарып жүрген жұмысына, ел игілігі жолындағы нақты бастамаларына мән бергені жөн.
Білім саласында қызмет атқаратын азамат ретінде мен еліміздің болашағы білімді әрі еңбекқор ұрпақтың қолында екеніне кәміл сенемін. Ал сол ұрпаққа лайықты жағдай жасау — бүгінгі қоғамның ортақ міндеті.
Ел болашағы үшін жасалған әрбір дұрыс таңдау — келешекке салынған инвестиция. Ел ертеңіне бейжай қарауға болмайды. Сондықтан Құрылтай депутаттарын сайлау ісіне ел тағдырына деген жауапкершілікпен қарап, саналы таңдау жасау маңызды.
Жеңісгүл Мұхамбетпайызова, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры




