Дайындық қызу жүріп жатыр

Байғанин ауданында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қызу жүріп жатыр. Ауданда 1 аумақтық және 23 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Аумақтық комиссияда — 7, учаскелік комиссияларда — 129 мүше бар.
Аудандағы 23 сайлау учаскесінің 6-ы — аудан орталығында болса, 17-сі — ауылдық округтерде орналасқан.
— Қазір сайлау комиссияларының жұмысы қалыпты жүріп жатыр. Сайлауға қажетті материалдық-техникалық жабдықтың бәрі дайын. Сайлаушылардың сұрақтарына жауап беретін байланыс орталығы да жұмыс істеп тұр. Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі — дауыс беру пропорционалды жүйе бойынша өтеді. Яғни сайлаушылар жеке кандидатқа емес, саяси партияға дауыс береді. Біздің мақсат — әр азаматтың еркін әрі кедергісіз дауыс беруіне жағдай жасау, — дейді Байғанин аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Жаңбырбаев.
Ауданда сайлаушылар тізімі де дайын. Қазіргі мәлімет бойынша, Байғанин ауданында 13 819 сайлаушы бар.
Тұрғындар өздерінің тізімде бар-жоғын алдын ала тексере алады. 7 тамыздан бастап әр азамат өзі тіркелген сайлау учаскесіне барып, жеке деректерімен танысуға мүмкіндік алды. Егер тізімде қате кеткен немесе сәйкессіздік болса, оны тиісті тәртіппен түзетуге болады.
Жанболат Жаңбырбаевтың айтуынша, учаскелерде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да барлық жағдай жасалған. Аудандағы сайлау учаскелері бірінші қабатта орналасқан, кедергісіз кіріп-шығуға болады. Арнайы кабиналар мен қажетті құралдар, соның ішінде компьютер, құлаққап және үлкейткіш құрылғылар дайындалған. Сайлау учаскелерінің орналасуы, шекарасы, комиссия құрамы және өзге де қажетті ақпарат Байғанин ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында және баспасөзде жарияланған.
Қысқасы, Байғанин ауданында сайлауға дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Комиссиялар өз міндетін атқаруға дайын. Ал сайлаушылар өз деректерін алдын ала тексеріп, дауыс беру тәртібімен таныса алады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ