Бірегей бірліктің баянды жолы

Астанадағы Тәуелсіздік са­ра­йын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның ХХХІV сессия­сы өтті. «Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер» деген атпен өткен кеңейтілген отырыс ел ынтымағы мен қоғамдық келісім­нің алтын арқауына айнал­ған осы ұйымның 30 жылдық мерей­тойына арналды. Басқосуға Парла­мент депутаттары, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Кеңесі­нің, рес­публикалық этномә­дени бір­лестіктердің басшы­лары мен мүшелері, ҚХА қоғам­дық құ­рылымдарының өкілдері қатысты. Жиында ұйымның этносаралық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі, «Әралуандықтағы бірлік», «Біз әртүрліміз – бірақ теңбіз» қағидаттарын сақтау мен ілгерілетудің маңызы ерекше аталып өтті.

 

Egemen Qazaqstan

Egemen Qazaqstan

Бірегей бірліктің баянды жолы

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Ынтымаққа бастаған айрықша белес

Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау, стратегиялық бағдарға сай әрекет ету ұлт болашағын ойлаған азаматтар алдында тұрған аса маңызды міндет еді. Міне, осынау тұста тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы­мен 1995 жылы Ассамблея құрылды. Бұл бас­тама қазақ мемлекеттілігі қалыпта­сып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды.

– Бұл басқосудың тарихи мән-маңы­зы айрықша. Биыл Қазақстан халқы Ассам­блея­сының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғам­дағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алғашында консультативтік-кеңестік ор­ган ретінде жасақталған ұйымға 2007 жылы конс­титуциялық мәртебе берілді. Осы­лай­ша, Ассамблея жалпыұлттық бір­ліктің негізгі моделіне айналды. Тіпті кейін­гі жылдары атқарылған ауқымды өзге­ріс­тер арқылы бірегей институттың қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Мәселен, Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Мемлекет басшысы өзі тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды.

Оған қоса Қазақстан парламентаризмі тари­хында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты па­лат­а­аралық депутаттар тобы құрыл­ды. Бұл топ қоғамдық келі­сім­ді нығай­ту мә­сел­елерімен айналыса­ды. Қазір мем­ле­кет­тік органдар: министр­лік­­тер­­ден, об­лыс әкімдіктері мен барлық дең­гей­­дегі мәс­лихаттардан бастап ауыл әкімдік­теріне дейін түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Мемлекет басшысы Ассамблеяның бұл жұмысын ерекше атап өтті.

– Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыс­та жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті сұхбат, яғни диалог орнатуға ықпал етіп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр. Ассамблея сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескеруге тиіс. Сессиялар аралығындағы жұ­мысты Ассамблея кеңесі атқарады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер кіреді, – деді Қ.Тоқаев.

ҚХА Хатшылығы Президент Әкімші­лігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Бүгінде барлық өңірдегі Достық үйлері жүйелі жұмыс істеп жатыр. Онда мыңнан аса этномәдени бірлестік бар. Бұған қоса облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды.

п

Жалпы, Ассамблея құрылымында 4 мың­­нан аса қоғамдық ұйым жұмыс іс­тей­ді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА ардагерлерінің, «Ассамблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы сияқты құрылымдардың жаңа қоғамдық этиканы орнықтырып, «Адал азамат» қағидатын насихаттауға елеулі үлес қосып отырғанын жоғары бағалады.

– Мұндай жұмыстар ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыруда Ассам­б­лея­ның әлеуетін кеңінен қолдануға мүм­кіндік беретініне сенімдімін, – дей келе Мемлекет басшысы этносаралық түсі­ніс­пеу­шіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиция институтына тоқталды. – Кейінгі уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми-сарапшылар кеңесі мен 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін зерттейтін 360-тан аса сарапшыны біріктіріп отыр. ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбей­тін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақмер­зімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқым­­ды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мың­нан аса іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 мил­лионға жуық адам қатысты.

 

Қайырымдылық – ұлт бірлігінің көрінісі

Ассамблея 30 жылдықтың мерейлі белесінде тек бірлік пен ынтымақтың емес, жанашырлық пен мейірімнің де символына айналды. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ұйымның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан аса ерікті ортақ іске жұмылып, гуманитарлық көмек жинап, қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы айрықша екенін айтты.

– Соның айқын дәлелі ретінде Ассам­б­леяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақ­сыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсі­ресе, біздің айналамыздағы кейбір елдер­де не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бір­лік бар жерде ғана тірлік бар», – деді ол.

Ұйым биылғы «Жұмысшы мамандық­тары жылын» өткізуге де, жалпы қоғам­да кәсібилік және еңбекқорлық құнды­лық­­тарын дәріптеуге белсенді атсалысып жүр. Мәселен, былтыр Еңбек күнінде Сенат пен Мәслихат депутаттары Ассам­­блея мүшелерімен бірге еліміз­дің ірі кәсіп­орындарына барып, өндіріс ар­дагер­леріне құрмет көрсетті. Президент бұл бастаманы Еңбек күнін атап өтудің жаңа дәстүрі ретінде осы жылы да жалғастыруға болатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея Төрағасының былтырғы орынбасарларына ризашылығын, биылғы орынбасарлары болып тағайындалған Дмитрий Останькович пен Расул Ахметовке сенім білдірді. Одан кейін жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматына алғысын жеткізді.

– Ассамблея бүгінде қоғамдық келісім­нің бірегей инфрақұрылымын қалып­тастырған қуатты тармақтары бар инс­титутқа айналды. Жер жүзінде мұндай бірегей ұйым құра білген мемлекет кемде-кем. Ассамблеяның арқасында еліміздегі барлық этнос Қазақстандағы оң өзгеріс­тердің бел ортасында жүр. Қазақстанның Еңбек Ерлері Георгий Прокоп, Владимир Розметов, Юрий Пя, Иван Сауэр, Борис Князев, Алина Соловьёва, Вадим Басин, Александр Хмелёв, Геннадий Зенченко және басқа да тұлғаларды азаматтық жауапкершілік пен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі деп айтуға болады. Олар – бүгінгі заманның адал азаматтары, Қазақстанның дамуына мол үлес қос­қан тұлғалар. Ассамблеяны жанашыр әрі белсенді азаматтардың жолын аша­тын шынайы саясат мектебі және тиім­ді әлеуметтік баспалдақ деуге болады. Этно­мәдени бірлестіктерде, Ассамблеяның түрлі құрылымдарында өте білікті маман­дар еңбек етуде. Мен жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның барлық белсенді азаматтарына шынайы алғысымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

 

Тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің жаңа кезеңі

Әр жылдары елімізде түрлі диалог алаң­дары мен қоғамдық органдар құрыл­ды. Алайда Ассамблея қоғамды ортақ мақ­сатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегей­лікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналды. Демек Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес. Президент ұйым барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керектігін баса айтты.

о

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

– Басты міндет – Қазақстан халқы­ның татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекеті­міздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Біз болашақта да осы бағытта нақты шаралар қабылдаймыз. Мен 2022 жылы Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Оның мерзімі де аяқталып келеді. Сондықтан жаңа құжатты дайындау жұмысына қазірден бас­тап кірісу керек, яғни 2026–2030 жылдар­ға арналған басымдықтарды айқындау қа­жет. Тұжырымдаманың жобасында қо­ғам­ды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер көрініс табуы керек. Сондай-ақ Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностың құқық­тарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрсетілуге тиіс. Үкімет этносаралық саладағы республикалық және өңірлік жұ­мыс жоспарының барлығын жан-жақты са­рап­тап, оның тиімділігін арттыруға қа­тыс­ты ұсыныс енгізуі қажет. Жалпы, ұлт бір­лігін нығайтуда барлық мемлекеттік және қо­ғамдық механизмдерді жетілдіруді жал­ғас­тыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблея­ның бірлікке бастаған белесін баяндаған соң, бірқатар маңызды міндетке қысқаша тоқталды. Президент әуелі ұйымның аймақтардағы жұмысын жандандыруды, түрлі этнос өкілдері тығыз қоныстанған Алматы облысындағы Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Достық үйлерін ашуды тапсырды.

– Біз қоғамдық келісім инфрақұры­лы­мын біртіндеп кеңейте беруіміз керек. Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз аза­мат­тарымыз да, қажет болып жатса, шетел­дік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы керек. Ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналис­тер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкім­дері ҚХА журналистер клубының құра­мына жетекші бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдерін қосып, клуб жұмы­сының бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этностардың тілін­де шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқара­лық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн, – деді Қ.Тоқаев.

Бұған қоса Мемлекет басшысы «Бірлі­гіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдалану керек екенін айтты. Сөз арасында еліміздің мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұрған Алек­сандр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлерін көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда және басқа да қалаларда ұйымдастыру туралы ойын ортаға салды.

Бүгінде елімізде 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайы­мы болып жүр. Ассамблеяның 30 жыл­дығы аясында Президент осы театр­лардың басын қосып, Алматыда Қазақстан этностары фестивалін өткізуді ұсынды.

– Кейінгі жылдары еліміздің саяси-идео­логиялық келбеті түбегейлі өзгерді. Эконо­микада жүйелі реформалар қолға алынды. Ең бастысы, қоғамның сана-сезімі өзгере бастады. Біз заманауи және алдыңғы қатарлы қоғамға айнал­дық. Мұның бәрі біздегі қоғамдық келісім үлгісіне де тың талаптар қояды. Кеше ғана тиімді саналған әдіс-тәсілдер бүгін жарамсыз болуы мүмкін. Бізге ескілік­тің ізіне қайта түспеу үшін барлық жетіс­тік­теріміз бен сәтсіздіктерімізді таразы басына қойып, зерделеу қажет. Ең әуелі, Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қараған жөн. Менің түсінігімде Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы керек, – дей келе Президент аталған нақты міндеттерді жүзеге асыру ұлтаралық қарым-қатынас сияқты маңызды әрі нәзік салада, жалпы идеология бағытында атқарылып жатқан ауқымды істерді жаңа мазмұнмен толықтыратынына сенім білдірді.

Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың бас­ты бағыттарының бірі. Елімізде келісім, төзімділік, достық ұғымдары құр ұран емес, азаматтардың күнделікті өмір салтына айналған құндылық саналады. Сондықтан Мемлекет басшысы этносаралық және конфессияаралық қатынас мәселесін ешқашан саясат немесе түрлі арандату құралына айналдыруға болмайтыны, бұл мемлекеттің де, бүкіл қоғамның да бұлжымас қағидасы екенін ескертті.

Мемлекет азаматтардың ұлтына, діни наны­мына немесе әлеуметтік мәртебесіне қара­май, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – ел саясатының басты ұста­нымы. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

– Отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар. Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алады. Оған қажетті барлық жағдай жасал­­ған. Біз біреуге еліктеп, жан-жағы­мызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлт­ара­лық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек. Соның арқасында біздің елімізде қалып­тас­қан қоғамдық келісім үлгісі шын мәнін­де біздің халықаралық «брендімізге», беткеұс­тар жетістігімізге айналды, – деді Қ.Тоқаев.

 

Арандатуға қатаң тосқауыл қойылады

Мемлекет басшысының тағы бір көтер­ген мәселесі – мемлекеттік тіл мәртебесі. Қасым-Жомарт Кемелұлы тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келе­тін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмты­латын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланатынын баса айтты.

– Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: хал­қы­мыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріт­кі салғысы келетіндер заңға сәйкес қа­таң түрде жауапқа тартылады, тиісті жаза­сын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығай­туға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құр­метке ие болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сын мен мін тағудың ара-жігін ажыратпастан, сөз еркіндігін желеу етіп, кейбір азаматтардың арандатумен айналысып жүргенін де жоққа шығармады.

– Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл – Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасай­тын, тіпті мемлекеттік органдарды боп­са­лайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленгеніне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев олардың ісінен арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінгенін атап өтті. Сондай-ақ кейбір танымал грант алушы отандастарымыздың көлеңкелі әрекеттері де әшкере болған.

– Елімізде проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдер­дің үйретуімен немесе әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заң­нама аясында шешеміз. Осындай қисын­ды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықара­лық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін. Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Өз сөзінде Президент көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналғанын және жыл өткен сайын төлқұжатымыздың абырой-беделі көтеріліп келе жатқанын айрықша атап өтті. Бұл халықаралық қауымдастықтың бізге деген қызығушылығы артып, еліміздің ықпалы күшейе түскенін көрсететінін жеткізді.

– Әр құрлықтағы түрлі мемлекеттің азаматтары тұрақты тұру немесе демалу үшін біздің елді жиі таңдайтын болды. Бұл – кездейсоқтық емес. Қазақстан беделді халықаралық рейтингтердегі қауіпсіздік индексі бойынша айналамыздағы көптеген мемлекеттің бәрінің дерлік алдында тұр. Ал заң үстемдігі индексіндегі «Тәртіп пен қауіпсіздік» көрсеткіші бойынша, 142 елдің ішінен 43-орынға табан тіреді. Мұның бәрі – Қазақстанды жайлы әрі өмір сүруге қауіпсіз аумаққа айналдыруға бағытталған күш-жігеріміздің нәтижесі. Қастерлі Отанымызды көркейту – баршаға ортақ парыз, – деген Мемлекет басшысы өзінің бас­тамасымен былтырдан бері ел көлемінде «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

 

«Таза Қазақстан» – шынайы отаншылдық рәмізі

Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан аса адам қатысып, 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналған. 3,3 миллион көшет отырғызылыпты.

– «Таза Қазақстан», бұл – біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Біз әр азаматтың, әсіресе жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза я тазалық, бұл – киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды. Біз «Қазақстан – ортақ үйі­міз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан елі­міз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек. Ассамблея бұл идеяны жан-жақты дәріп­теп келеді. Бұл – өте тиімді әрі пайдалы жұ­мыс. Тазалық әр үйден басталуы керек. Сон­да ғана «Таза Қазақстан» боламыз. Кіш­­кен­­тай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр бола­­ды, – деген Президент Қазақстан хал­қы Ассам­блеясының мүшелерін, бар­лық этно­мәдени бірлестіктерді «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырды. Бұл үрдістің жай науқан ғана емес, бұл – өскелең ұрпаққа озық білім мен тәлім-тәрбие беру екенін баса айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміз­дегі барша азаматқа қатысы бар идеоло­гиялық маңызды іске әр қаланың, ауыл­дың, көшенің және ауланың тұрғын­дарын жұмылдыру керектігін атап өтті. «Таза Қазақстан» акциясын шынайы отаншылдықтың көрінісі екенін айтып, бәріміз Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақ­станда өмір сүргіміз келетінін жеткізді.

Сессияда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны екенін де нықтап айтты.

– Шетелдегі қазақтардың басым көп­шілігі ана тілі мен ата дәстүрін берік ұстанып келеді. Ел бірлігі – ең алдымен, күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі. Біз бұл туралы үнемі айтамыз. Кезінде Қазақстанға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауырына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам – қазір Қазақстанның толыққанды адал азаматтары. Олар мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүр, – дей келе Президент қазақ жұрты егемендігін алған соң қандастарымыздың елге қайтуына жол ашылғанын атап өтті.

Сол сияқты біздің елден де көптеген адам өзінің тарихи атамекеніне оралған. 4 миллионға жуық отандасымыз Германияға, Польшаға, Израильге және басқа елдерге көшкен.

– Бірақ олардың көбі қазақ жұртының жақсылығы мен қамқорлығын ұмытпайды. Қазақстанның туын төріне іліп, елге деген сағынышын көрсетіп отырады. Қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Жыл сайын Наурыз мейрамын атап өтеді. Барша Қазақстан азаматтары, шетелде тұрып жатқан барлық отандасымыз – бәрі де бір үлкен отбасы деуге болады. Отбасы құндылықтарын нығайту – тұрақты және үйлесімді қоғамның негізі, еліміздің жарқын болашағының кепілі. Жан-жақты дамыған тұлға да, жауапкершілігі зор азамат та, Отанға деген сүйіспеншілік те отбасында қалыптасады. Біз еліміздің әр шаңырағы, әр азаматы тойлайтын мерекеге құрметпен қарап, кеңінен дәріптеуіміз керек. Міне, сондай нағыз халықтық мерекелердің бірі бұл – Наурыз мейрамы. Биыл жаңа тұжырымдамаға сай біз Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өттік. Көктемгі көңіл күй мен мызғымас бірлік мерекесі еліміздің әр аймағында тойланды. Осылайша, біздің қоғамда жасампаз жаңа дәстүрлер қалыптасып, орнығуда, – деді Мемлекет басшысы.

 

«Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты

Қасым-Жомарт Кемелұлы бірер күн бұрын достық пен бірлік рухында Пасха мерекесін атап өткенімізге тоқталды. Шуақ­ты мереке қарсаңында митрополит Алек­сандр Қазақстандағы қызметіне 15 жыл то­луы­­­н­а орай жоғары мемлекеттік награда – І дә­ре­желі «Достық» орденімен марапатталды.

– Биыл православ және католик қауымдарының Пасха мейрамы қатар келді. Мұның символдық мәні зор. Бұл – сирек қайталанатын құбылыс. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліміздегі барша христиандарды осынау мерекемен тағы да құттықтаймын. Шетелдік қонақтар Қазақстанда түрлі салт-дәстүрдің бір-бірімен үйлесім тапқанына таңғалады. Бұл – олар үшін мультикультурализм және мультиэтникалық тұжырымдамалар тоқырауға ұшырап, тіпті, жоққа шығары­лып, батыс әлемі жаһанданудан бас тартып, оқшаулануға қадам басып жатқан кезеңде қайран қаларлық құбылыс. Біздің іс жүзіндегі тәжірибемізден мәдениетті жатсынбайтын бірегей болмысымызды аңғаруға болады. Діліміз бен тұрмыс салтымыздың бір бөлігіне айналған нағыз халықтық мейрамдарға баса назар аударуымыз қажет. «Наурыз», «Масленица», «Сабантой» және басқа да халықтық мерекелер – ас ішіп, аяқ босататын, көңіл көтеретін ғана емес, ұлтымыздың рухы мен тарихын көрсететін іс-шаралар. Қазақстандағы көптеген этностың дәстүрі, тілі, әдет-ғұрпы осы жиындарда тоғысады, – деген Прези­дент бұл «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидаттың нақты көрінісі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ қашанда көршісін қадірлей білгеніне ерекше тоқталды. Халқымыз қуанышта да, қиындықта да көршісіне сүйеніп, қашанда қасынан табылғанын айтты.

– «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген ұғым дінімізде және дәстүрімізде бар. Бұл – бізге атадан қалған өсиет, анадан берілген қасиет. Халқымыздың тату көршілік дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Қоныстас адамдар ұлтына, дініне, тіліне қарамастан, араласып, құраласып жатады. Қазақстан көрші мемлекеттермен достықты нығайта түсуге айрықша мән береді. Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді. Алатауды тең жайлаған қырғыздар – бір туған бауырларымыз. Ежелден еншілес өзбек ағайынды өз ағам деп қадір тұтамыз. Түбіміз бір деп түрікмендерді туыс санап, шын жүректен құрметтейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар қарт Каспийдің жағасындағы әзербайжан еліне деген ықыласымыз да ерекше екенін жеткізді.

– Бір сөзбен айтсақ, көрші елдермен қарым-қатынасымыз бауырластық рухында дамып келеді. Біздің арамызда түйткілді мәселе жоқ. Қазақстан мен Ресей құрлықтағы ең ұзын шекараны әуел бастан дау-дамайсыз шегендеп алды. Жақында Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан ұзақ жыл бойы шешімін таппаған шекара мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келіп, тарихи келісімге қол қойды деп айтуға болады. Біз бауырлас елдер үшін қуанамыз, оларды әрдайым қолдаймыз. Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ауызбіршіліктің қадірі арта түскені сөзсіз. Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Біз сындарлы сәтте жұрт болып жұмыла білеміз. Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқы­мыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза, – деген Мемлекет басшысы мейірім­ділік, қамқорлық және тілеулестік біздің ұлттық ерекшелігіміз екенін атап өтті. Біз осы құн­дылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақ­тың бойына сіңіруіміз керек екенін жеткізді.

 

Жеңіс ұмытылмауға тиіс

Президент сондай-ақ алда келе жатқан әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Жеңістің 80 жылдық мерейтойын да кең көлемде атап өтетінімізді айтып өтті.

– Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз Отан үшін отқа түсті. Ұлы Жеңістің тағылы­мы барша халыққа, әсіресе, саясаткер­лерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлт­тық үстемдікке, халықаралық құқық қағидат­тарын құрметтемеуге құрылған жауап­кер­шіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр. Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден аса көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көр­сететін маңызды қадам, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде Жеңісті ұмытпау дегеніміз, ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау екенін атап өтті. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтайтынымызды жеткізді.

– Мен Жеңістің 80 жылдығына дайын­дық туралы осыдан бір жарым жыл бұрын алдын ала айттым. Соған сәйкес біз «Ұлы Жеңіс: ерлікке – тағзым, ұрпаққа – үлгі» жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асыра бастадық. Осы ауқымды жұмыстың аясында 2 мыңнан аса мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Ең бастысы, әрине, мемлекет пен қоғам­ның ерекше қорғауында болатын құрмет­ті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз. Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өту­ге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ. Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағы­нан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент, өкінішке қарай, дүние жүзі сенім дағдарысымен бетпе-бет келген шақта экстремистік идеологияның оралуы, популизм мен талас-тартыстың өршуі, халықаралық құқықтың құнсыздануы, негізгі халықаралық институттардың әлсіреуі байқалатынын айтты. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң ұстануды, Ұйымды реформалауды дәйекті түрде ұсынып келе жатқанына тоқталды.

– Қазіргі жағдайда БҰҰ баламасы жоқ ғаламдық ұйым болып қала береді. Сондықтан біз БҰҰ-ны қолдаймыз. Еліміз түрлі мемлекеттер мен аймақтардың арасындағы достық пен ынтымақтастық­қа, өркениетті диалогті дамытуға дәнекер болу үшін көп күш жұмсап келеді. 20 жылдан аса уақыттан бері барлық негізгі конфессиялардың өкілдері әр үш жыл са­йын Қазақстанда бас қосады. Биыл күзде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының кезекті VIIІ съезін өткізу жоспарланып отыр. Былтыр Астанада Съездің Ізгілік елшілері сайланды. Олар адамгершілік идеяларын ілгерілетіп, әлемде диалог пен өзара түсіністік орнатуға ықпал етеді. Халықаралық қатынастардағы сенімсіздікті еңсеру үшін рухани дипломатиядан бөлек, ҚХА қызметімен ұштасып жатқан халықтық дипломатияның да мол әлеуетін пайдалану керек. Әртүрлі ел мен мәдениет өкілдерінің арасындағы достық байланыс қақтығыстар мен соғыстардың алдын алады. Бұл – ең тиімді тәсіл, – дей келе Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдегі диалог пен мәдени әралуандықты нығайтуға қызмет ететініне тоқталды.

 

Берекесіздікке бой алдырмау керек

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем жал­пыға ортақ өрлеуге бағытталған жасам­паз күн тәртібі мен үлкен жобалардың тапшы­лы­ғын қатты сезініп отырғанына назар аудар­ды. Ал еліміз барлық серіктесімен көп­жос­парлы әрі нәтижелі жұмысқа ден қояды.

– Берекесіздікке бой алдырмау үшін әлемдік қауымдастық мүдделер тоғыса­тын тұсты іздеуге, күрделі шешімдер қабыл­дауға және амалсыз мәмілелер жасауға мәжбүр болады. Диалог жоқ жерде қарсылық пен түсініспеушілік туындайды. Қазіргі сын-қатерлерді ауқымды халықаралық ықпалдастық арқылы ғана жеңе аламыз деп сенемін. Өзара біте қайнасқан әлемде ғаламдық мәселелерді шешудің бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан прагматизм мен өзара құрметке, теңдікке, әділдікке, ешкімді алаламауға негізделген сындарлы келіссөздер мен тұрақты байланыстар халықаралық жағдайды оңалтып, шиеленістердің түйінін тарқатады. Қазір бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұр. Осы алмағайып заманда стратегиялық бағдарымызға сай әрекет ету – алдымызда тұр­ған аса маңызды міндет. Біз қолға алған ауқым­ды жобаларды жүзеге асыра береміз. Елі­мізге инвестиция тартып, өнеркәсіп са­ла­сындағы әлеуетімізді арттырамыз. Біз қа­зіргі ахуалды ескере отырып, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарымызға қол жеткізу үшін тиянақты әрі тиімді жұмыс істеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кезекті бір мәселе ретінде қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайда­ланғысы келетін түрлі популистер мен сая­саткерсымақтар бар екеніне де тоқталды. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адам­дарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керектігін жеткізді.

– Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ. Мен көп жағдайда «Бұл қиындық та артта қалады» деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барын­ша жинақы болып, нақты нәтижеге ұм­тылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағ­дарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашы­лады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақ­­сатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұры­нып, байбаламға салынбай, жасампаз бол­ғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Бар­шаңызға мәлім, Заң мен тәртіп – менің стра­тегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөй­леген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқ­таламын, – деген Президент Таза Қазақ­стан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идея­лары­ның өзегі де осы екенін нықтап айтты.

Кейбір мемлекеттер үшін этностық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ Мемлекет басшысы өз сөзінде мұны біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стра­тегиялық артықшылығымыз деп бағалады.

– Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз. Біз өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізген, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлтпыз. Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – егемендік тарихындағы айтулы оқиға, – деп айрықша атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл мерейтой әр азаматтың бақ-берекесін арттыру жолында ұлтымызды ұйыстыратын маңызды белеске айналатынына сенетінін жеткізіп, халқымыздың береке-бірлігін нығайтуға үлес қосқан азаматтарымызға әрдайым құрмет көрсететінімізді айтты.

– Отыз жылда жеткен жетістіктеріміз осындай абзал жандардың еселі еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Береке-бірлі­гімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіз­дігіміздің баянды болуы да екіталай. Еліміз­дегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамб­лея мүшелері табанды еңбек етіп келеді. Мен баршаңызға шын жүректен алғыс айта­мын. Алдағы уақытта да ел игілі­гін арт­тыруға мол үлес қоса бересіздер деп се­немін. Ассамблеяның мерейтойы құтты болсын! Бірлігіміз бекем болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан жасай берсін, – деген Президент мерейлі жиында бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізіп, халқымыздың бірлігінің ыдырамауына, еліміздің берік іргесінің сөгілмеуіне барынша үлес қосып жүрген отандастарымызды марапаттады.

 

Татулық нүктесінде тоғысқан тілектер

Сессияда ҚХА-ның бірқатар мүшесі сөз сөйлеп, еліміздің бірлігі мен берекесін арттыру жолында мемлекет атқарып жатқан жұ­­мыст­арға, қолға алған батыл баста­малар­ға кеңінен тоқталып, мерейтойлық тілектерін жеткізді.

Алғаш болып Қазақстанның «Вайнах» шешен және ингуштар қауымдастығының тең төрағасы Ахмед Мурадов сөз бастады. Ол өз сөзінде ҚХА мерейтойы бүкіл халқымыздың ортақ мейрамы екенін атап өтті. Сондай-ақ Ассамблея ардагерлері мен республикадағы мыңнан аса этномәдени бірлестіктер атынан ел алдында сөз сөйлеу үлкен мәртебе екенін атап өтті.

– Бірінші және отыз төртінші сессия ара­лығындағы кезең – жай ғана отыз жыл емес, бұл еліміздің тарихындағы тұтас бір дәуір. Осы уақыт аралығында Ассамб­лея бір­лік, тұрақтылық пен дамудың берік негізі­не айналды. Отыз жылдық жолды жүріп өт­кен біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, нық сеніммен айта аламыз – еліміздегі барлық этнос әрдайым бірлік пен келісімнің жақтаушылары, реформалар мен жаңғырулардың белсенді қолдаушылары болды, – деді Ахмед Сейдарахманұлы.

Сондай-ақ сөз сөйлеген ҚХА Респуб­ликалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі қатарында 1 700-ден аса құрылым, 16 мыңнан аса белсенді ана бар екенін атап өтті. Олардың ең үлкені 80 жас­та болса, ең жасы 25-те екен.

– Аналар кеңесі – Ассамблеяның ерекше құрылымдық бірлігі. Ал еліміздегі әр ананың міндеті – еліне адал азамат тәрбиелеу. Бұл бағыттағы жұмысты тек білім мекемелерінің мойнына іліп қоюға болмайды. «Мектеп – ата-ана – оқушы» үштігінің бірлігі ғана оң нәтиже береді. Осы бағытты нығайту мақсатында Аналар кеңесінің біріктіруші рөлі орасан, – деген Н.Шанаи мемлекетімізде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін ұрпағы­мыз­­дың адами болмысынан, өрелі іс-әре­кеті­нен көретін күн алыс емес екеніне тоқталды.

«Келет» АҚ директорлар кеңесінің төраға­сы, Венгр мәдени орталығы төраға­сы­ның орынбасары Александр Папп еңбек адамының қоғамдағы лайықты бағасын алуға бағытталған Президенттің Жұмысшы мамандықтары жылы идеясын шын ниетпен және іс жүзінде қолдайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде заманауи білікті және тәжірибелі жұмысшы – жастар үшін лайықты әлеуметтік бағдар болатынын атап өтті.

Сенат депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев өз сөзінде Мемлекет басшысы тағайындаған сенатор ретінде сөз сөйлеу – өзі үшін үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік екенін жеткізді. Сондай-ақ ұлттық тұтастық тақырыбын қозғағанда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ерекше атап өтуіміз қажеттігіне тоқталды.

– 30 жылдық тәжірибе елімізде жалпы­халық­тық бірлікті нығайтуға бағытталған тиімді заңнамалық, басқарушы­лық және инсти­ту­ционалды тетіктердің толық орнық­қанын көрсетті. Ата Заңымыз – ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің мызғымас негізі. Ол этносаралық қатынастардағы үйлесімділікті қамтамасыз ететін нақты әрі толыққанды нормаларды қамтиды, – деді Ә.Сатвалдиев.

Республикалық неміс драма театрының бас режиссері, ҚХА мүшесі Наталья Дубс көпұлтты этностық театрлардың бүкіл ұжымының және Ассамблеяның бүкіл мәдени қауымы атынан барша жұрт­шы­­лық­ты мерекемен құттықтады. Ол Ассам­­блеяның биылғы мерейлі датасымен өзі отыз жыл еңбек еткен неміс драма театры­ның 45 жылдық мерейтойын қатар атап өтудің терең рәміздік мәні бар екенін айтты.

– Біздің театрлар неміс, корей, өзбек және ұйғыр театрлары – бірегей құбылыс. Олар «алуан түрліліктегі бірлік» қағидатын жүзеге асыра отырып, әр этностың мәдени жанына айналды, – деді Н.Дубс.

«Ядролық физика институты» РМК Астана қалалық филиалының директоры, Қазақстан Ғылым академиясының және ҚХА мүшесі Максим Здоровец Ассамб­лея тек рәміз емес, сонымен қатар әрбір азаматтың тұрақтылығы мен даму мүмкін­діктерін қамтамасыз ететін нақты тетік екенін атап өтіп, ол өзі елімізде әлемдік ғылыми қоғамдастықтың бір бөлшегі болуға үлкен мүмкіндік алғанын жасырмады.

Сондай-ақ ҚХА журналистер клубы төрағасының орынбасары, «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымының президиум мүшесі Алла Гаврина биыл Ассамблея жанындағы жастар қозғалысына 10 жыл толғанына тоқталды. Осы уақыт аралығында түрлі этнос жастары бір шаңырақ астына бірігіп, еліміздің белсенді қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар жылдар бойы Ассамблея түрлі ұлт өкілдері­нің жастары үшін әлеуметтік лифт, елдің тыныс-тіршілігіне етене араласудың бірегей платформасы болғанын жасырмады.

 

Зейін ЕРҒАЛИ,

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»