Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуы басталды
АСТАНА. KAZINFORM – «Астана Арена» стадионында V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр. Алдымен үлкен экранда «Қош келдіңіздер!» деген сөз шықты. Сонымен қатар мемлекеттік Ту шығарылып, Әнұран орындалды.
Айтулы шараның мәртебелі қонақтары қатарында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның III Президенті Намбарын Энхбаяр бар.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына 20 мың көрермен жиналған.
Алдағы екі сағат бойы 3 мың өнерпаз өнер көрсетеді. Қатысушылар арасында еліміздің түрлі өңірінен мәдениет саласының өкілдері, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мекемелердің әртістері бар.
Елімізде дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалу және өткізу мақсатында ҚР Премьер-Министрі орынбасарының төрағалығымен арнайы комитет құрылды. Бүгін басталған дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені сияқты 6 нысанда өтеді.
Ашылу салтанатын «Қазақстан», «Қазспорт», «Хабар», «Ел арна», «Jibek Joly», «Silk Way», «Sport Plus» арналарымен қатар, Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түрікменстанның мемлекеттік арналары тікелей эфирде көрсетіп жатыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, дүниежүзілік көшпенділер ойындары тарихында бұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынып отыр.
Айта кетсек, дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда өтті.