2024 жыл қорытындысы бойынша шолу материалдары
- Тұрғын үй құрылысынан зейнетақыны көбейтуге дейін: 2024 жылы Үкіметтің әлеуметтік қолдауының негізгі шаралары.. 2
- Жыл қорытындысы: Елімізде дәнді дақылдар жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде, саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі 580 млрд теңгеге дейін артты.. 10
- Жыл қорытындысы: 6 млн ішкі турист және 224 млрд теңге кіріс Қазақстандағы туризмді нығайтты.. 17
- Цифрлық трансформация: Қазақстанда технологиялардың көмегімен тұрмыс сапасы қалай жақсарады.. 24
- Жыл қорытындысы: Өнеркәсіптік жаңғырту және отандық өндірушілерді қолдау – экономикалық тұрақты өсудің негізі 29
- Жыл қорытындысы: Су инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанның орнықты болашағы үшін технологияларды енгізу. 36
- Жыл қорытындысы: Күре жолдан бастап энергия көздерімен жабдықтауға дейін – Қазақстан инфрақұрылымы қалай жақсаруда. 47
- Жыл қорытындысы: Ел экономикасының шикізаттық емес секторды дамыту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау шараларын күшейту арқылы өсуі 56
- Жыл қорытындысы: Еліміздің энергетика саласындағы басты жетістіктері мен болашақ даму бағыттары.. 64
- Жыл қорытындысы: құқық бұзушылыққа қарсы күресті күшейту, әйелдер мен балалар құқығын қорғау, ТЖ алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар қабылдау. 75
1. Тұрғын үй құрылысынан зейнетақыны көбейтуге дейін: 2024 жылы Үкіметтің әлеуметтік қолдауының негізгі шаралары
(жарияланған күні: 2024 жылғы 5 желтоқсан)
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикалық даму стратегиясының негізінде азаматтардың мүддесі болуы қажет екені атап өтілді. 2024 жылы Үкімет бұл бағытты маңызды әлеуметтік бастамалармен жүзеге асыруды жалғастырды.
2024 жылы Қазақстанда әлеуметтік сала қарқынды дамуын жалғастырды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында білім, денсаулық сақтау салаларының сапасын арттырып, азаматтарды әлеуметтік қорғауды нығайту қажеттілігін атап өтті. Осы міндеттердің шеңберінде реформалар жасалып, бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.
2024 жылы мемлекеттік бюджеттің жартысынан астамы (52,8%) әлеуметтік салаға бағытталды. Жыл сайын зейнетақыны көтеру аясында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлемдер: базалық зейнетақы 7%-ға, ынтымақты зейнетақы 9%-ға инфляцияны ескере отырып, индекстелді. Нәтижесінде 2,4 млн зейнеткердің оның ішінде, БЖЗҚ жинақтау қорынан зейнетақы алатын 459,3 мың зейнеткердің зейнетақысы көбейді. Орташа зейнетақы көлемі 165 мың теңгеден асты. Бұдан бөлек, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен көбейту жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы 2028 жылға қарай 5%-ға ұлғаяды.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін артты. 1,8 млн адам, оның ішінде бюджет қызметкерлері қамтылды. 600 мың азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын кезең-кезеңімен 20%-ға арттыру жалғасуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау шаралары жүзеге асырылып жатыр, табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны азайып келеді. Цифрлық отбасы картасы арқылы 8430 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтер көрсетілді.
845 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 401 мыңнан астамы жастар. 9 мыңға жуық азамат, оның ішінде мүгедектігі бар жандар және ерекше қажеттілігі бар балалы ата-аналар бизнес-идеясын жүзеге асыруға грант алды.
Мемлекеттік инвестициялар тиімділігін арттыру және сапалы жоспарлау үшін Жобалардың инновациялық навигаторы әзірленді. Бұл жүйе кадрларға қажеттілікті болжап, талдау жасайды, сондай-ақ жобаларды үйлестіруге, сапасын бақылауға және тиімділігіне мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Платформа арқылы жалпы құны 33 трлн теңге болатын 755 инвестициялық жоба қадағаланып отыр. Бұл жобалар аясында 150 мыңға дейін жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар навигатор қажетті еңбек ресурстары жоқ адал емес жеткізушілерді анықтауға мүмкіндік береді.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда интернет-платформаларда жұмыс істейтін адамдар ең төменгі әлеуметтік кепілдікпен қамтылды. Жеке кәсіпкерлер үшін e-salyqBusiness қосымшасы арқылы әлеуметтік төлем мөлшерлемелерін 4%-ға дейін төмендету және интернет-платформа операторларын салық агенттері ретінде тану арқылы жағдайлар жеңілдетілді. Бұл операторларға жеке кәсіпкерлер атынан жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу міндетін жүктейді. «Яндекс.Такси» компаниясымен жүзеге асырылған пилоттық жоба аясында аталған тәсіл сынақтан өткізілді. 36 мыңнан астам жүргізуші Яндекс платформасында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Олардың фискалдық чектер саны 36,9 млн болды. Мемлекеттік кірістер комитетінде фискализацияланған жалпы кіріс көлемі 47,5 млрд теңгеге жетті.
«Ұлттық қор – балаларға»: тұрғын үй және білім алуға арналған төлемдер
2024 жылдан бастап Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады және оны мерзімінен бұрын шешуге болмайды. 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап төлемдер басталды, олар Қазақстан азаматтығы бар 18 жасқа дейінгі барлық балаға арналған. 2024 жылы бағдарлама қатысушыларының шоттарына $695,5 млн төленді.
$30,6 млн 2024 жылы 18 жасқа толған немесе толатын балаларға төленеді. Қазірдің өзінде уәкілетті операторлар арқылы $3,4 млн сомасына 33,5 мыңнан астам өтінімнің қаражаты банктік шоттарға аударылды. Оның ішінде $1,8 млн сомасына 18 мыңға жуық өтінім тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталса, $1,6 млн сомасына 15,5 мың өтінім білім алу үшін төленді.
Тұрғын үй құрылысы
Тұрғын үй құрылысы әлеуметтік саясаттың маңызды элементі болып табылады. 7 жыл ішінде Қазақстанда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Сондай-ақ 2024 году жылы тұрғын үй құрылысы 18 млн шаршы метрге жетеді. Осылайша 1 млн-нан астам отбасы баспанамен қамтылады.
Тұрғын үйді уақытылы пайдалануға беру үшін Астана, Шымкент және облыстар әкімдіктері биыл қолданысқа берілетін нысандар нақты көрсетілген Жол картасын әзірлеп, бекітті. Қаңтар-қазан аралығында 14 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 123,8 пәтер мен үй пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, 2024 жылы ел бойынша тұрғын үйлердегі 200-ден астам лифтіні ауыстыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде мыңдаған қазақстандықтың өмір сүру деңгейін жақсартпақ.
Денсаулық сақтау және инфрақұрылымды дамыту
2024 жылы әсіресе ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрқұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын тапты. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жоба аясында 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жоспарланған – 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория. 251 нысан құрылысы аяқталды. Бұл медициналық қызметтерді шалғай елді мекен және ауылдық жерлердегі халыққа қолжетімді етеді. 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Бұдан бөлек, фельдшерлік-акушерлік пунктілер мен дәрігерлік амбулаторияларды қоса алғанда, жаңа денсаулық сақтау нысандар құрылысына қаражат бөлінді.
Еліміздегі әлеуметтік саясаттың басты міндеттерінің бірі – ана өлімін азайту. 2024 жылғы көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда 15%-ға жақсарған.
Жаңа бағдарламаларды енгізу, оныі ішінде клиникалық хаттамаларды қайта қарау, босануға тарифтерді арттыру денсаулық сақтау саласындағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға септігін тигізді.
Биыл амбулаториялық деңгейде жалпы сомасы 212,8 млрд теңгеге 3,5 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Амбулаториялық көмекті жақсартуға басымдық бере отырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінде дәрілік заттар мен медициналық заттарды тіркеу, бағасын белгілеу процестерін цифрландырумен, сондай-ақ олардың есебін жүргізу және айналымының цифрлық жүйесін жасаумен айналысатын жобалық кеңсе құрылды. Бұл жүйе дәрі-дәрмек саясаты процестерін кешенді талдау функциясын қамтиды. Нәтижесінде дәрілердің объективті бағасын анықтап, үстеме баға қосуға жол бермейді.
Білім беру және мектепке дейінгі тәрбие
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы белсенді іске асырылуда, оның мақсаты бүкіл еліміз бойынша заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді білім беру мекемелерін ашу. Жоба мектеп оқушыларын оқыту үшін жағдайды жақсартуға, сондай-ақ мектептерді заманауи технологиялармен жабдықтауға және уақыт талаптарына жауап беретін инфрақұрылым дайындап, білім беру сапасын арттыруға бағытталған.
Жобаны іске асыру шеңберінде жаңа мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде салынды. Онда оқу кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография және спорт залдары, демалыс аймағы мен нетворкинг бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдайлар қарастырылған. Сыныптарда интерактивті тақталар мен компьютерлер орнатылған. Барлығы 36 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, оның 15-і ауылдық елді мекендерде салынды. 31 желтоқсанға дейін 76 нысан есігін айқара ашады.
Білім беру саласында 2024 жылы балалардың мектепке дейінгі білімге қол жеткізуін жақсарту бойынша жұмыстар да жалғасын тапты. Бүгінгі таңда Қазақстанда 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 988 мыңнан аса бала тәрбиеленуде, мектептерде мектепалды даярлықпен 160 мың бала қамтылды. Балаларды қамту 92,5%-ға жетті, 62,3 мың орындық 547 жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда 4,2 мыңнан астам консультация пункті жұмыс істейді.
Білім беруді цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді, мысалы, ата-аналарға бала күтімі бойынша консультациялық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қосылды. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың жеке картасы цифрлық форматқа аударылды. Ол Ұлттық білім беру дерекқорымен біріктірілген, бұл ақпаратты мектептерге жіберуге мүмкіндік береді әрі мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы үздіксіз ауысуды қамтамасыз етеді. Бұл жаңалық бастауыш сынып мұғалімдері үшін балалардың мектеп бағдарламасын одан әрі дамытудың маңызды құралына айналды.
«Қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидатын іске асыру мақсатында білім беру қызметтерін алушылар бойынша дербестендірілген білім беру қызметін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) орналастырудың жаңа тетігі әзірленді, ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында сынақтан өткізілді.
Пилоттық жобаның мақсаты мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру процесіне мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету болып саналады.
Студенттердің шәкіртақысын өсіру
Қазақстанда инновациялық экономика құру және білім деңгейін арттыру мақсатында студенттер, ғалымдар үшін жағдайды жақсарту, ғылыми зерттеулерді дамыту үшін маңызды қадамдар жасалды. Осы шаралардың барлығы елімізді ғылыми-техникалық прогресс көшбасшыларының қатарына қосуға мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесіндегі ең маңызды қадамдардың бірі студенттерге арналған шәкіртақыны көбейту болды. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында 2020 жылдан бастап елімізде шәкіртақыларды арттыру бойынша дәйекті жұмыстар жүргізілуде, 2025 жылға қарай олар ЖОО студенттері үшін 2 есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе көбейеді деп жоспарлануда.
Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер үшін – 75 600 теңгеге дейін ұлғайтылды. Интерндердің стипендиясы енді 85 376 теңгені, ал резиденттердің стипендиясы — 123 122 теңгені құрайды. Магистранттардың стипендиялары 15%-ға, 107 061 теңгеге дейін, ал докторанттар үшін – 240 000 теңгеге дейін көбейді.
Жоғары білім беруді жаңғырту және халықаралық серіктестіктер
Қазақстанда жоғары білім беруді дамыту және жаңғырту, оның ішінде шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік орнату арқылы да жалғасуда. 2021 жылы жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы қабылданды, ол 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 12 филиалын ашуды көздейді. Осы тұжырымдама аясында 12 елдің, соның ішінде Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның университеттерімен 23 стратегиялық серіктестік пысықталды. 2024 жылдың қазан айында стратегиялық серіктестер – 67 шетелдік университеттің 120 өкілі қатысқан форум өтті. Жаңа оқу және ғылыми әріптестік құру Қазақстанға жаһандық білім беру кеңістігіне кірігуге көмектеседі әрі студенттердің ең заманауи білім беруге және ғылыми әдістемелерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Отандық ғалымдар мен ғылыми жобаларды қолдау
Гранттық бағдарламалар мен докторантурадан кейінгі зерттеулер арқылы отандық ғалымдарды қолдау және дамыту да маңызды бағыт саналады. Осындай бастамалардың жарқын мысалдарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында әзірленген және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» жобасы.
2021 жылдан 2024 жылға дейін гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді. Нәтижесінде жас ғалымдар 2 мыңнан астам ғылыми жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде 686 жоба инженерлік білім мен технологияларды академиялық зерделеуді дамытуға бағытталған докторантурадан кейінгі бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жаңа конкурс жарияланды, бұл еліміздің ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және инновацияларды дамыту
Сондай-ақ маңызды күш-жігер ғылыми әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыруға бағытталған, бұл инновациялық экономиканы құрудың маңызды міндеттерінің біріне айналды. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша 5 конкурсты іске асыру шеңберінде ғылымды қажетсінетін өнімді сатудан түскен кірістерді, қоса қаржыландыру мен салықтық түсімдерді қосқанда, 97 млрд теңгеден астам қаражат алынды. Бұл ретте ғылыми зерттеу өнімінің экспорты 571 млн теңгені құрады.
Осы жетістіктер негізінде венчурлік қаржыландыруды одан әрі дамыту, технологиялық стартаптарды қолдау үшін қорлар Қорын құру және ғылыми-акселерациялық бағдарламаларды дамыту жоспарлануда. 2025 жылы стартаптар мен коммерцияландыру кеңселері үшін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламасы іске қосылады, бұл ғылым мен технология саласындағы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бірегей ғылыми өнімдер мен технологияларды дамыту
Отандық ғылымның маңызды жетістігі бірегей өнімдерді дамыту. Мысалы, тазартылған селен 2023 жылға дейін Қазақстанда өндірілмеген. Селен фармацевтика, жартылай өткізгіш өнеркәсібі және металлургия сияқты әртүрлі салаларда қолданылатын маңызды элемент саналады. 2023 жылы «Қазақмыс Прогресс» ЖШС өндірістік қуаты арқылы селенді тазарту бойынша учаске пайдалануға берілді. Технология сапасы 99,5%-дан асатын жоғары тазалықтағы селен алуға мүмкіндік береді. Бұл аталған жоғары технологиялық салада Қазақстан үшін жаңа перспективалар ашады. Алдағы жылдары қуатын кеңейту және құрамында селені бар материалдарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін енгізу жоспарлануда, бұл елімізде кірістерді ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін болады.
Сонымен қатар Қазақстанда онкологиялық аурулармен күресуге бағытталған жаңа дәрілік препараттар белсенді әзірленуде. Осындай жобалардың бірі – D-изоаскорбин қышқылы негізінде дәрі-дәрмек жасау. Ол KRAS мутациясы бар қатерлі ісіктерді емдеу үшін қолданылады. Nazarbayev University қолдаған жоба фармацевтика саласындағы маңызды қадам болды және Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуді айтарлықтай жақсарта алады. Биыл жоба одан әрі клиникалық зерттеулер мен емдеу әдістерін әзірлеу үшін 2,1 млрд теңге сомасына мақұлданды.
2. Жыл қорытындысы: Елімізде дәнді дақылдар жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде, саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі 580 млрд теңгеге дейін артты
(жарияланған күні: 2024 жылғы 6 желтоқсан)
Егін жинау науқаны
Биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын табысты жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалды. Президент тапсырмаларын орындау аясында агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландырудың қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгені құрап, бұл қаражат егіншілерге тікелей несие беру, пайыздық мөлшерлемені төмендедіп, форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қолайлы күзгі ауа райы егін жинау кезіндегі жауын-шашынға қарамастан, науқанды айтарлықтай шығынсыз өткізуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, республика егіншілері дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады: орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер, 26,7 млн тонна астық бастырылды. 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл (өнімділік 10,9 ц/га), 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Агротехнологияларды дұрыс қолдану, сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар және өсімдіктерді тиімді қорғаудың арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізілді.
Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табады. Президент тапсырмалары бойынша әзірленген Жол картасы аясында 2024–2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндеті қойылды. Жалпы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2030 жылға қарай бидай өнімділігін гектарына 20 центнерге дейін арттыру жоспарланып отыр. Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға арналған көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру биылдың өзінде басталып кетті.
Астық қабылдау
Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. Атап айтқанда, қолданыстағы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында – 12,7 млн тонна, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 17,4 млн тонна астық сақталады. Көрсетілген қуаттылық көлемі өткен жылдардан қалған қорларды ескере отырып, жиналған өнімді сақтауға жеткілікті.
Астық қабылдау кәсіпорындарына шамамен 7,9 млн тонна астық тапсырылды, оның 5,7 млн тоннасы – бидай. Қалған астық егіншілер қоймаларында сақталуда. Қазіргі уақытта лицензияланған элеваторлар жүктемесі 44%-ды құрайды. Жаңа өнімді қабылдау үшін элеваторларды босату мақсатында астықты тасымалдау және өткізу жұмыстары жалғасуда. Тамыз айынан қарашаға дейін 3,5 млн тонна астық тасымалданды.
Егіс алқаптарын әртараптандыру
Қазақстан ауыл шаруашылығының үлкен әлеуетіне ие, бұл еліміздің әртараптандырылған және инклюзивті экономикалық өсуіне ықпал ете алады. Негізгі артықшылықтарының бірі – кең байтақ аумақ, халық тығыздығының төмендігі және үлкен ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы. Республикада өндірісті сұранысқа сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ өсірілетін дақылдардың биологиялық қажеттіліктерін жергілікті агроклиматтық және табиғи жағдайларға неғұрлым көбірек сәйкестендіруге бағытталған ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша шаралар қабылдануда.
2024 жылы жалпы егіс көлемі 23,3 млн гектарды құрады, оның 21,1 млн гектары – жаздық егіс. Өткен жылмен салыстырғанда бидай алқабы 560,9 мың гектарға қысқарып, 13,1 млн гектарды құрады. Майлы дақылдар көлемі 135,5 мың гектарға ұлғайып, 2,9 млн гектарға жетті.
Сонымен қатар қант қызылшасы алқаптарын (5,5 мың гектарға арттырып, нәтижесінде 25,2 мың гектарға дейін) ұлғайту және ылғалсүйгіш дақылдар: мақта (10 мың га) және күріш (2,2 мың га) алқаптарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілді.
Нәтижесінде, қысқартылған алқаптарда әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдардың егіс алқаптары артады. Сондай-ақ өңірлерде берік жем-шөп базасын құру мақсатында жемдік дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Өнімдерді өткізу
Қазақстан жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның ішінде 6,5-7,5 млн тоннасы – бидай. Экспорт географиясы 40-тан астам елді қамтиды. Дәстүрлі нарықтар – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис. Биылғы қараша айының соңына дейін 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық.
Өзбекстанға жеткізілімдер көлемі 42%-ға өсіп, 944 мың тоннаны құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 665 мың тонна болған еді. Тәжікстанға жеткізілім 2023 жылғы 254 мың тоннадан 49%-ға артып, биыл 377 мың тоннаға дейін жетті. Қытайға экспорт көлемі 17%-ға артып, 355 мың тоннаға жетті (өткен жылы 304 мың тонна), Ауғанстанға жеткізілімдер көлемі 71%-ға ұлғайып, 115 мың тоннаны құрады (өткен жылы 67 мың тонна болған). Иранға экспорт көлемі 30 есеге дейін – 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға артты.
Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деп болжануда. Негізгі нарықтар – Орталық Азия елдері, Қытай, Ауғанстан, Италия және басқа елдер. Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан (Түркменстан арқылы транзитпен), Иран, Ирак, Солтүстік Африка елдері мен Еуропалық Одаққа Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізілетін астықты 2 млн тоннаға дейінгі көлемде тасымалдауды ұйымдастыру мәселесі пысықталуда.
Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Қазақстанда астықты тасымалдауды жоспарлау үшін жедел астық штабын құру жұмыстары басталды. Экспорт географиясын кеңейту мақсатында халықаралық дәліздер құру жөніндегі жобалар іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар нарыққа реттеуші ықпал тигізу мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ егіншілерден астық сатып алу шараларын қабылдайды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмаларын орындау аясында жаңа өнімді тікелей сатып алу жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Үкімет резервінен 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу арқылы 150 мың тонна өнімді нарықтық бағамен сатып алу ұсынылып отыр. Астықтың алғашқы сатып алуы шағын шаруа қожалықтарынан жүзеге асырылады, бұл өнімнің әділ бағамен сатылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ артық астықты сатып алу тетігін енгізу арқылы ішкі нарықтағы баға жағдайына делдалдар ықпалын барынша азайту көзделіп отыр. «Азық-түлік корпорациясы» белгіленген стандарттар мен сапа талаптарын сақтай отырып, астықты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден конкурстық шарттармен сатып алады.
Тыңайтқыштарды субсидиялау
Тыңайтқыштар нарығында ең көп таралған аммиак селитрасы, аммофос, карбамид(несепнәр), аммоний сульфаты, сульфоаммофос және NPK (азот,фосфор,калий). Сонымен қатар аммоний нитраты мен аммофос жалпы тұтынудың 60%-дан астамын құрайды.
Қазақстанда тыңайтқыштардың үш түрі бойынша толық өндірістік цикл құрылған: аммиак селитрасы «ҚазАзот» АҚ-да, аммофос – «Қазфосфат» ЖШС-да, аммоний сульфаты – «ҚазАзот» АҚ-да және «Qarmet» ЖШС-да өндіріледі. Тыңайтқыштарға ғылыми қажеттілік физикалық салмақта 3,2 млн тоннаны құрайды, ал отандық өндірушілер қуаты осы қажеттіліктің 56%-ын, шамамен 1,8 млн тоннаны құрайды (оның ішінде «ҚазАзот» АҚ 420 мың тоннаны, ал «Қазфосфат» ЖШС 1 млн тоннаны өндіреді).
Қазіргі уақытта Қазақстанда субсидияларды 60%-ға дейін ұлғайта отырып, аванстық өтінімдерді қарауға басымдықпен, отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Сондай-ақ 1 гектар егістік алқабына тыңайтқыш енгізу нормасы да ұлғайтылды, бұл топырақты негізгі қоректік заттармен толықтырады. Облыс әкімдіктері кепілдігімен отандық өндірушілер тыңайтқыштар төлемі үшін шаруларға бөліп төлеумен қамтамасыз етеді.
Биылғы 1 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес, шаруалар 1,3 млн тонна тыңайтқыш енгізді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Шаруалардың субсидияларға деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыру мақсатында тыңайтқыштарды субсидиялауға қосымша қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ өнім түрлерін кеңейте отырып, минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін ұлғайту жоспарлануда. Тыңайтқыш өндірушілерді жылжымалы құраммен уақтылы қамтамасыз етуге назар аударылады.
Несие қаражаттарының қолжетімділігін арттырудың маңызды құралы – сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің төлем қабілеттілігін арттыруға, несиенің қайтарылмау қаупін азайтуға және агробизнестің несиелік жүктемесін жеңілдетуге ықпал етеді.
Биыл саладағы несие құнын төмендету тәсілдері қайта қаралды. Алғаш рет алты тарату арнасын пайдалана отырып, дала жұмыстарын қаржыландыру үшін бәсекелестік жағдай жасалды, ал Аграрлық несие корпорациясының тарапынан қаржыландыру көлемі 82,3 млрд теңгені құрады
Кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры несие сомасының 85%-ын жабатын қарыздарға кепілдік беру тетігін енгізді. Сондай-ақ айналым қаражатын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы толықтыру мақсатында өңдеу кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы да әзірленді, ол егін мен шикізатты өткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық қайта өңдеу зауыттарының жүктемесін ұлғайтуға бағытталған.
Мал шаруашылығын дамыту
Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еліміздің ауыл шаруашылығында мал басы мен құс саны артты. Ірі қара мал (ІҚМ) – 8,2 млн бас (120,6%), оның ішінде сиыр – 4,4 млн бас (123,3%), жылқы – 4,1 млн бас (104,9%), түйе – 2,8 млн бас (104,7%). Сүт өндірісі 3 млн тоннаға (104,2%) жетті, оның 1 млн тоннасы (107,5%) ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірілді.
Тауық жұмыртқасын өндіру 3,7 млрд данаға дейін (100,9%) жетті, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында 3,1 млрд данаға дейін (101,5%) ұлғайды.
Жергілікті атқарушы органдар деректеріне сәйкес, республика бойынша 2024-2025 жылдардағы қыстау кезеңінде 35,2 млн тонна шөп немесе жоспардың 143,9%-ы, 2 млн тонна пішен не жоспардың 117,9%-ы, 5,1 млн тонна сабан немесе жоспардың 111,9%-ы, 2,3 млн тонна сүрлем немесе жоспардың 117,9%-ы, сондай-ақ 5,8 млн тонна жем не жоспардың 104,4%-ы дайындалды.
Дайындалған мал азығының көрсетілген көлемі өнім мен төл алудың жоспарлы көлемін, жалпы мал басының сақталуын, толыққанды азықтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту
2024 жылы 7 жыл мерзімге жылдық 5%-дық мөлшерлемемен 120 миллиард теңгеге ауқымды жеңілдікті лизинг бағдарламасы іске қосылды. 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша шаруалар 212,9 млрд теңгеге 9 887 техниканы лизингке алды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артық.
Келесі жылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 200 млрд теңгеге дейін, ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағдарлама бюджетін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуда оң өсу динамикасын қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 149,9 мың трактор, 38,7 мың комбайн, 5 мың егіс кешені, 76,4 мың тұқым сепкіш және 219 мыңға жуық топырақ өңдейтін және мамандандырылған техника бар. Соңғы 8 жылда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі оң динамика көрсетті: 2017 жылғы 1,9%-дан 2023 жылы 4,5%-ға дейін (екі есе), технологиялық жаңарту нормасы 8-10%.
Биыл ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді:
- Қазақстанда өндірісі жолға қойылған техниканың импорттық аналогтарын субсидиялау мүмкіндігі алынып тасталды;
- Отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасы үшін жоғары норматив субсидияланады – 30%;
- Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға несиелер/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың сараланған тетігі қолданылды: отандық өндіріс техникасы үшін сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін, импорттық техника үшін 15%-ға дейін субсидияланады.
- Қазақстанда өндірісі жолға қойылмаған мамандандырылған техника үшін (мысалы, мақта, картоп жинау үшін) субсидия нормативі 25%–ға., ал қант қызылшасын жинау техникасы үшін 50%-ға дейін құрайды.
Жаңа тәсілдер қосымша бюджет қаражатын тартпай-ақ отандық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
3. Жыл қорытындысы: 6 млн ішкі турист және 224 млрд теңге кіріс Қазақстандағы туризмді нығайтты
(жарияланған күні 2024 жылғы 9 желтоқсан)
2024 жыл Қазақстан туризмі үшін айтулы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде туризм саласын жаңғыртуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық экономикаға кірігуге бағытталған жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдаудың, инвестиция тарту мен халықаралық аренада ілгерілетудің арқасында еліміз экономикалық өсу мен мәдениетаралық өзара іс-қимылдың маңызды қозғаушы күшіне айналып отырған туризм саласындағы оң нәтижелер көрсетіп отыр.
Еліміздің туризм саласы тұрақты түрде дамып келеді. 2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты. Бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен туристік бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды.
Саланың экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Орналастыру нысандарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд теңгені құрады. Орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке өсіп, 4 315-ке жетті, ал олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға дейін артып, 226 мыңды құрады. Бұл Қазақстанның ішкі және халықаралық туристерді қабылдауға дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Туризмге салынған инвестиция көлемі қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға артып, 668,1 млрд теңгені құрады. Негізгі жобалар қатарында алдын ала құны 194 млрд теңгені құрайтын Астана туристік ауданы бар, ол 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, толық іске қосылғанда жыл сайын 10 млрд теңге салық аударымдарын түсіреді. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.
Екінші жоба – Маңғыстау облысындағы Каспий Ривьерасы, онда ҚР Премьер-министрінің қатысуымен туризм бойынша халықаралық ауқымды форум өтті. Жоба жағажай демалыс орны, гольф қонақ үйі, виллалар кешені, аквапарк және ойын-сауық орталығы сияқты бірнеше бастама аясында «Жылы жағажай» аумағын кешенді игеруді қамтиды. Жобаның жалпы бағалау құны 137,4 млрд теңгені құрайды, ал жоспарланған іске асыру мерзімі – 2024–2026 жылдар.
Елімізде туризм саласын мемлекеттік қолдау күшейтілді. Биыл мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі 3 есеге артты. Тек 2024 жылдың өзінде 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2,1 млрд теңге мақұлданды.
Халықаралық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылды Қытайдағы Қазақстандық туризм жылы деп жариялау Қазақстанды ілгерілету үшін маңызды қадам болды. Қытайдың ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара өтті.
18 қарашада Қазақстан «цифрлы» көшпенділерге арналған Neo Nomad Visa енгізді, бұл елімізді қашықтан жұмыс істейтін саяхатшылардың жаңа буыны үшін тартымды етеді. Прогресс халықаралық рейтингіде де көрініс тапты: Қазақстан 2019 жылғы 80-ші орыннан позициясын жақсартып, 119 елдің ішінде 52-ші орынға көтерілді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Астанада өтуі халықаралық аренада маңызды оқиғаға айналды. Ойындарға 89 елден 2 700 қатысушы жиналды. «Астана – Арена» және «Қазанат» ипподромы сияқты спорт нысандарын қайта жаңарту қаланың инфрақұрылымын жақсартты.
Сондай-ақ Қазақстан ауылдық туризмді дамытқаны үшін марапаттарға ие болды: Саты ауылы Best Tourism Village Award жүлдесін алды, ал Катонқарағай ауданының жобасы ITB Berlin 2024 көрмесінде үшінші орын иеленді.
2024 жылдың соңына дейін жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын 119 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр, бұл 1 319 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Негізгі бастамалар қатарына Түркістандағы «Medina Palace» қонақ үйінің құрылысы мен жаңа қонақ үй нысандарын қосу арқылы «Ақсу – Жабағылы» шипажайын жаңғырту кіреді.
Глэмпинг алаңдары мен қонақ үйлер құру арқылы 10 мың ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтамасыз ететін агротуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық парктер аумақтарындағы инфрақұрылымды дамытуға арналған қонақүйлерді жіктеу жүйесін жаңарту және жергілікті атқарушы органдар өкілеттіктерін кеңейту жоспарланып отыр.
Аймақтардағы туризм: өсу, инвестиция және инфрақұрылымның дамуы
Ақмола облысы
Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша өңірге келген туристер легі 1 млн-нан астам туристке жетті, оның ішінде 404,7 мың адамға орналастыру орындары қызмет көрсетті. Бурабай курорттық аймағына 932 мың адам келді. Туризм саласынан бюджетке түсетін салықтық түсім мөлшері 3,1 млрд теңгені құрады, өсім 30%-ды құрады.
Биылғы 10 ай қорытындысына сәйкес, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 23,1 млрд теңгені құрап отыр.
Алматы облысы
2024 жылдың 9 айында туристер саны 384,1 мың адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға көп (322,3 мың адам). Туристер арасында «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері», «Шарын» өңірінің мемлекеттік ұлттық табиғи парктері пайдаланылады. Биылғы 10 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгені құрады.
Алматы облысы еліміздің туристік стратегиясындағы негізгі бағыттардың біріне айналған бірегей тау кластерін белсенді дамытып келеді. Туристік саланы дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған бекітілген тұжырымдамасы шеңберінде Түрген көркем шатқалынан Қаскелең шатқалына дейін тау шаңғысы базаларын құру мен жаңғыртуды қамтитын кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Аталған жоба таулы демалыс үшін заманауи және сұранысқа ие инфрақұрылымды қалыптастыруға, сондай-ақ Алматы өңірінің халықаралық деңгейдегі туризм орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға қабілетті жаңа тартымды орындар ашуға бағытталған.
Алматы қаласы
9 айдың қорытындысына сәйкес, 2024 жылы туристердің жалпы саны 14%-ға (2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда) өсіп, 1,7 млн адамға жетті. Шетелдік туристер саны 24%-ға өсіп, 507,5 мың адамға жетті. Ішкі туристер саны 1,2 млн адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артық. Туристер легінің артуы негізгі капиталға инвестицияның ұлғаюымен қатар жүреді. 2024 жылдың 10 айында 29,3% өсіммен 86,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Туризмнен түскен салық түсімдері 76,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге жоғары. Қаланың туризм саласында 83,1 мың адам жұмыспен қамтылған.
2024 жылы Алматыда жеке қаражат есебінен 25 туристік нысан ашылды, атап айтқанда, 15 қонақ үй, 4 глэмпинг алаңы, 4 жатақхана және 2 қонақ үй. Сондай-ақ жеке инвестиция есебінен 2027 жылға дейін 339,5 млрд теңгеге қонақүй құрылысы бойынша 30 жобаны аяқтау және 125 млрд теңгеге 29 туристік нысан салу жоспарланып отыр.
Батыс Қазақстан облысы
2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда елімізге келушілер санының 18%-ға артқаны байқалады. Туризм саласында 2024-2026 жылдарға жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын 14 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 14,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47%-ға артық.
Жетісу облысы
Жалпы, өңірде туризм саласын дамыту 5 негізгі бағыт: Алакөл және Балқаш көлдері, «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауы тау сілемі әлеуетіне негізделген.
2024 жылғы 9 айда туристік нысандарға 253 мыңнан астам адам келген, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артық. 10 айдағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биыл 9,4 млрд теңгені құрады.
Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмысы аяқталды, «Талдықорған – Үшарал» автомобиль жолдарының (313,5 шақырым) асфальтбетон жабыны қамтамасыз етілді, «Тальго» жүрдек пойызы іске қосылды.
Қарағанды облысы
2024 жылы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі – 7 млрд теңге немесе өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішімен салыстырғанда 75%. Салаға құйылған инвестиция 17,4 млрд теңгені құрады.
Жыл басынан бері жалпы құны 4,1 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске қосылып, 23 жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ 2025–2027 жылдары туризм саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған: Балқаштағы қалалық жағажай жағалауы аймағын абаттандыру және қаладағы әуежайды реконструкциялау жұмыстарын аяқтау.
Қызылорда облысы
Биыл өңір 9 айда 116,6 мың турист қабылдады. Биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес, туризм саласына құйылған инвестиция көлемі – 26,1 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,5%-ға артық.
Маңғыстау облысы
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы ресми деректер бойынша облысқа 367,4 мың турист келген, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 13%-ға артық. Өңірде көрсетілген туристік қызметтердің жалпы құны 15,2 млрд теңгеге жетіп, 34,7%-ға өсті. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына құйылған инвестиция көлемі – 6,6 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артық.
2024 жылы жалпы инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылды, бұл 80 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
2025–2027 жылдар аралығында жалпы құны 100 млрд теңге болатын 500-ге жуық жұмыс орнын құра отырып, 11 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдар Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, Кендірлі туристік аймағын дамыту бойынша мастер-жоспар әзірленіп жатыр.
Ұлытау облысы
2024 жылғы 9 айда орналастыру орындарында қызмет көрсетілген туристер саны 21,2 мыңнан астам адамды құрады, оның ішінде 732-ден астамы – шетелдік туристер. Орналастыру орындарында көрсетілген қызметтер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5%-ға артып, 497,9 млн теңгеден асты.
Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі – 2 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,6%-ға артық.
Сонымен қатар 1 млрд теңге сомасына 3 қонақ үй кешені іске қосылды. 2025 жылы жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын екі қонақ үйді пайдалануға беру, тарихи орындар бойынша жеңіл инфрақұрылым мен далалық навигация орнату жоспарлануда. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 2025 жылы Тасбұлақ бқлағы аумағын абаттандыру және Сәтбаев қаласынан Жошы хан және Домбауыл кешеніне дейін құны 12,5 млрд теңгені құрайтын тас жолын салу жұмыстары да қарастырылған.
Қазақстан мәдени бай мұраны, табиғи әртүрлілікті және заманауи инфрақұрылымдық шешімдерді үйлестіре отырып, саяхат үшін ең тартымды бағыттардың бірі ретінде өзінің имиджін қалыптастыруды жалғастырып келеді.
4. Цифрлық трансформация: Қазақстанда технологиялардың көмегімен тұрмыс сапасы қалай жақсарады
(жарияланған күні: 2024 жылғы 11 желтоқсан)
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты ел халқына Жолдауында цифрландыру саласында қол жеткізілген нәтижелерді күшейтудің маңызын атап өтті. Жасанды интеллект технологияларын «Электронды үкімет» платформасына енгізу саласында жұмысты ерекше жандандыру қажет.
Бүгінде БҰҰ бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында ілгері жетістіктерді көрсетіп отыр. Біздің еліміз 193 мемлекет арасында 24-ші орында, сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі бойынша 10 көшбасшының қатарына кіреді. Мысалы, интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу 92%-ға жетті.
Сонымен қатар биометриялық сәйкестендіру және QR-қолтаңба қызметтері енгізілуде, бұл электронды қызметтерді алу үдерісін едәуір жеңілдетті. 2024 жылы QR-кодтардың көмегімен 8 млн-нан астам қол қойылды, ал Digital ID жүйесі арқылы 18 млн-нан астам сәйкестендіру жүргізілді.
«Электронды үкімет» платформасын жетілдіру және жаңғырту процесі үздіксіз және үшінші нұсқаға көшудің белсенді кезеңінде. Жаңа eGov ЖИ технологияларын қолдану арқылы айтарлықтай тұрақты әрі ыңғайлы болады.
Қазақстан Тәжікстан, Того, Сьерра-Леоне сияқты елдермен электронды үкімет саласындағы озық шешімдерін бөлісе бастады. Мемлекет тіркеуден бастап компанияларды таратуға дейінгі қолдаудың толық циклін қамтамасыз ете отырып, бизнес үшін де осындай сервистерді әзірлейді.
IT саласындағы инновациялар
2024 жылы Қазақстанның IT саласы қарқынды өсімді көрсетті. IT-компаниялардың саны 18 683-ке жетті. Соңғы үш жылда 16% өсім. Мәселен, елімізде «Astana Hub» халықаралық технология паркі жұмыс істейді. Бүгінде ол Қазақстандағы IT-стартаптарды дамыту орталығы ретіндегі рөлін айқындады. Технопарк 1,5 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Олардың ішінде 1102 қазақстандық және 437 шетелдік компания бар. Қатысушылардың жалпы табысы 1,2 трлн теңгені құрады. Өсім соңғы бес жылда 31 есе артты. Биыл экспорттық түсім 140 млрд теңгеден асты. Төрт жылдағы жылдық өсім де 10 еседен астам. Осылайша, «Astana Hub» өңірдегі жетекші технопарк ретінде өз позициясын нығайтуды жалғастыруда.
Инновациялық экожүйенің негізгі элементі – аймақтық хабтардың дамуы. Бүгінгі таңда бүкіл еліміз бойынша осындай 18 алаң жұмыс істейді. Олар жергілікті стартаптар мен кәсіпкерлікті дамытуға белсенді ықпал етеді. Стартаптар мен IT индустриясын дамыту жөніндегі барлық бағдарламалар аймақтық IT-хабтар үшін қолжетімді. Осыған сәйкес, өңірлік хабтар дарындарды ашуға және күшті инновациялық экожүйені құруға ықпал ететін Қазақстандағы IT-индустрияны дамытудың маңызды драйверіне айналуда.
Қазақстанда IT-саланың әлеуетін толыққанды ашу үшін «Ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезесі» құрылды, онда IT-мамандарға, инноваторларға және ғылыми қайраткерлерге мемлекеттік қолдау шараларының көпшілігі шығарылды. Портал мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Бүгінде оны жыл сайын жарты млн-нан астам адам пайдаланады. Портал EGOV секілді бірыңғай терезеге айналды деп айтуға болады.
Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды мамандарды тарту үшін жағдайлар жасалуда. АХҚО базасында Экспат орталығы жұмыс істейді. Ол шетелдік мамандар үшін мемлекеттік қызметтерді алудың бірыңғай терезесі ретінде қызмет етеді.
IT қызметтерін экспорттау
Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты қарқынды өсімді көрсетіп отыр. 2023 жылы оның көлемі $529 млн-ға жетті, ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш $305 млн-нан асты. Яғни, Мемлекет басшысының 2026 жылға қарай IT-қызметтер экспортын $1 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы сенімді түрде орындалуда.
Ол үшін Қазақстанда жетекші сарапшылар мен инвесторлар тартылатын түрлі акселерациялық бағдарламалар жүргізілуде. Осылайша, коммерциялық өнімдердің сыртқы нарықтарға шығуын жеңілдетеді.
Сонымен қатар халықаралық желі де кеңейіп келеді. Қазір АҚШ, Сауд Арабиясы және Сингапурда үш шетелдік IT-хаб табысты жұмыс істеуде. Осы бастамалардың барлығы дарындардың басын қосуға көмектеседі әрі қазақстандық стартаптарға халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кетейік, Қазақстан қазірдің өзінде жасалған венчурлық мәмілелер көлемі бойынша өңірде көшбасшы саналады. Маңызды инвестицияларды CITIX, Hero’s Journey, Higgsfield AI және басқа да компаниялар салды. Осы компаниялардың кейбірі қазірдің өзінде $100 млн бағалауға қол жеткізді. Шын мәнінде, Қазақстан өңірдегі инновациялардың негізгі орталығына айналуда.
Бүгінде Қазақстаннан IT-қызметтер 86 елге экспортталады, бұл отандық компаниялардың жоғары сұранысы мен жаһандық деңгейде табысты бәсекелесу қабілетін растайды. Экспорттың негізгі бағыттары – Ресей, Ирландия, Мексика, АҚШ және Сингапур.
IT-мамандарды даярлау
2024 жылы IT-мамандардың орташа айлық жалақысы 54%-ға өсіп, 673 мың теңгеге жетті, бұл білікті кадрларға және бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларына жоғары сұранысты көрсетеді. IT-саладағы жұмыспен қамту 12%-ға артып, 187 мың адамға жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жеке IT-мектептерді ынталандыру арқылы 2025 жылға қарай 20 мың IT-маман даярлауға бағытталған Tech Orda бағдарламасы іске қосылды. Жеке IT-мектептер ақпараттық технологиялар саласында 16 мыңнан астам сарапшы дайындады. Бұл бағыттағы жұмыс еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету шеңберінде жүргізілуде. Айтпақшы, басқа салалардан IT саласына ауыса алған Tech Orda бағдарламасының түлектерінің сәтті мысалы да аз емес.
Жасанды интеллектіні дамыту
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты ел халқына Жолдауында тұрақты даму үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірнеше маңызды бастамаларды жүзеге асырды:
— саланың дамуын үйлестіретін ЖИ комитеті құрылды;
— 2024-2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасы бекітілді;
— ЖИ туралы заң жобасы әзірленді, ол одан әрі өсу үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана қаласында Жасанды интеллект орталығын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Орталықтың миссиясы өңірдің түкпір-түкпірінен дарындарды тарту арқылы Қазақстанның ЖИ-трансформациясына жәрдемдесу. Жыл сайын мыңдаған мамандарды, жүздеген стартаптарды және жасанды интеллект саласындағы ондаған ғылыми жобаларды дайындау жоспарлануда.
Сонымен қатар қазіргі уақытта мектеп оқушыларына арналған TUMO креативті технологиялар орталығын қосқанда, білім беру жобаларын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ биылғы қазан айында ЖИ саласындағы мамандарды даярлау үшін өңірдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі Tomorrow School ашылды.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда KazLLM жеке тілдік моделі әзірленуде. Ол қазақстандық компаниялар әзірлейтін бірқатар технологиялық шешімдер үшін негіз болуға тиіс. Бұл шетелдік технологияларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, әсіресе ұлттық мүдделерді, дербес деректерді қорғау және еліміздің идеологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Өз тілдік моделін қолдану IT-қызметтердің ішкі нарығын дамытуға ықпал етеді. Бүгінгі таңда жиналған 148 млрд таңбалауышта модельдік жаттығулар белсенді жүргізілуде.
Айта кету керек, оның негізінде ЖИ негізінде өнімдер жасалуда. Бұл eGov, E-otinish және заң көмекшісі сияқты бағыттардағы IT-көмекшілері.
5. Жыл қорытындысы: Өнеркәсіптік жаңғырту және отандық өндірушілерді қолдау – экономикалық тұрақты өсудің негізі
(жарияланған күні 2024 жылғы 12 желтоқсан)
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында өнеркәсіптік әлеуетті толық ашу шараларын күшейтуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген 17 ірі жобаның тізімін атап өтті.
Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Жобалар экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру бағдарламасы шеңберінде іріктелді. Олар металлургия, химия, мұнай-химия, автокөлік, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты негізгі салаларды қамтиды.
Басым бағыттардың бірі – оң нәтижелерге қол жеткізіліп отырған машина жасау саласы. Әрі қарай өсу үшін қазіргі қарқынды сақтау және өндірісті оқшаулау деңгейін дәйекті түрде арттыру маңызды. Ұзақмерзімді перспективада автомобиль өнеркәсібін мемлекеттік қолдау толыққанды кластер құруға алып келуі тиіс.
Тағы бір маңызды міндет – мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту. Қазіргі уақытта полипропилен мен полиэтилен өндіретін ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Бутадиен, карбамид және терефтал қышқылын өндіруге арналған болашағы зор жаңа жобалар әзірленуде. Аталған бастамалардың барлығы аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталуы маңызды.
Жоспарланған жобаларды іске асыру 25 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Күтілетін экономикалық тиімділік экспорт көлемінің 6 трлн теңгеге артуы және импортқа тәуелділіктің 1,5 трлн теңгеге төмендеуін қамтиды. Барлық жоба тұрақты экономикалық өсудің маңызды қадамы болатын жоғары өнімді және инновациялық өндірістерді дамытуды ынталандыруға, сондай-ақ экспорт пен импортты алмастыруға бағытталған.
2024 жылы құны 1,3 трлн теңгеге жуық 180 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланған, оның 164-і өңдеу секторына тиесілі. Бірыңғай индустрияландыру картасы шеңберіндегі нысандар саны бойынша бүгінде Қарағанды, Қызылорда және Жамбыл облыстары, инвестиция көлемі бойынша Атырау, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр.
Өңдеу өнеркәсібі: негізгі көрсеткіштер
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өңдеу өнеркәсібі көлемі жағынан 48%-дық көрсеткішпен 45% деңгейіндегі шикізат секторынан асып түсті. Ондағы негізгі өсім бірден бірнеше секторда байқалады:
- Машина жасау: 6,9% өсім, бұған компьютерлік жабдықтар, электр аспаптары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы өндірісінің ұлғаюы ықпал етті.
- Қара металлургия: өсім 10,8%-ды құрады. Бұл ферроқорытпа, болат, шойын және жалпақ прокат өндірісі көбеюінің нәтижесі.
- Түсті металлургия: мыс, мырыш, қорғасын және алюминий өндірісінің өсуіне байланысты өндіріс көлемі 4,8%-ға өсті.
- Химия өнеркәсібі: 8,4% өсім тіркелді, полипропилен және натрий бихроматы өндірісінің ұлғаюы айтарлықтай үлес қосты.
Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің жиынтық көрсеткіші 5%-ға жуық оң динамика көрсетті. Осылайша, Мемлекет басшысының экономиканың өңдеуші секторын дамыту арқылы еліміздің өнеркәсіптік негізін нығайту жөніндегі тапсырмалары дәйекті жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар оның одан әрі өсуі мақсатында саланы тиісті бағамен, қажетті шикізатпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Бұл алюминий мен мыс өңдеуді бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Бұл кабель, алюминий сым және басқа да өндірістің өсуіне де әсер етті.
Шикізат экспортын азайту үшін өңдеу өнеркәсібінде ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді. Мәселен, темір рудасы бойынша Қостанай облысында («ССКӨБ» АҚ) және Павлодар облысындағы металлургиялық кластер («Mineral Product International» ЖШС, ферроқорытпа, ыстық брикеттелген темір және болат өнімдері) ыстық брикеттелген темір өндіру жоспарланып отыр. Мыс кені бойынша Абай облысында мыс балқыту зауытын салу ( «KAZ Minerals Smelting» ЖШС ҚАЗ Минералс Смэлтинг/NFC), сондай-ақ Қазақмыс кәсіпорындары (Жезқазған және Балқаш мыс балқыту зауыттары) базасында Айдарлы және Көксай кен орындарынан шикізатты қайта өңдеу жоспарланған.
Геология саласын дамыту перспективалары
Қазақстан перспективалы аумақтарды зерделеу және геология саласына инвестиция тарту бойынша шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп келеді. Бүгінгі таңда минералды-шикізат базасы қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орнын қамтиды және оларды барлау динамикасы оң күйінде қалып отыр.
2024 жылғы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша құрамында минералды қоры мен ресурстары бар 17 кен орны мемлекеттік тіркеуге алынды:
- алтын – қоры 107,5 тонна, ресурстары 337,04 тонна,
- күміс – қоры 1904,5 тонна, ресурстары 172087,2 тонна,
- мыс – қоры 4916,7 мың тонна, ресурстары 7796,9 мың тонна,
- мырыш – қоры 2549,6 мың тонна, ресурстары 338,9 мың тонна,
- темір кендері – қоры 128 млн тонна, ресурстары 162 млн тонна,
- қорғасын – қоры 1319,5 мың тонна, ресурстары 64,1 мың тонна,
- вольфрам – қоры 409,9 мың тонна, ресурстары 743 мың тонна,
- хром – ресурстары 464,1 мың тонна,
- молибден – қоры 14 т, ресурстары 39 тонна,
- марганец – қоры 794 мың тонна, ресурстары 1137,3 мың тонна.
Сондай ақ биыл алғаш рет мемлекеттік есепке көмірсутек шикізатының 6 кен орны қойылды:
- газ – 1776,5 млн м3.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2026 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін геологиялық-геофизикалық зерттеумен қамтуға қол жеткізуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. 3 жыл ішінде қаржыландырудың жалпы сомасы 20 млрд. теңгеден асады.
Сонымен қатар аудандарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік картаға түсіру және терең геологиялық картаға түсіру жұмыстарының нәтижелер де бар. Аталған жұмыстар нәтижелеріне сәйкес, бағалы, түсті және қара металдар бойынша болжамды ресурстары бар перспективалы 60 учаске анықталды. Бұл учаскелерді барлауға арналған лицензия шеңберінде одан әрі зерделеу үшін жер қойнауын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сирек жер металдары саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасуда.
Бүгінгі күні қорлары шамамен 800 мың тоннаға бағаланатын Күйректікөл учаскесінің перспективалылығы туралы деректер бар, ал сирек кездесетін металдардың, оның ішінде церий мен лантанидтердің 935,4 мың тонна мөлшеріндегі болжамды ресурстары бар.
Сонымен қатар салаға инвестиция тарту және сирек кездесетін металдар әлеуетін арттыру мақсатында осмий мен ренийді қоспағанда, сирек кездесетін металдар баланстық қорлары туралы деректерді құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Қазақстанда көмірсутектердің жаңа кен орындарын ашу үшін айтарлықтай перспективалар бар.
Қазіргі уақытта геологтар шамамен 76 млрд тонна болжамды шартты отын ресурстары бар 15 шөгінді бассейн бөледі. Бүгінгі таңда мұнай-газ өндірудің барлық көлемі игерілген 5 бассейнге тиесілі. Олардың ішіндегі ең ірісі – Каспий маңы, ол елдің ресурстық базасының шамамен 80%-ын құрайды.
Сонымен қатар қосымша аз зерттелген 5 шөгінді бассейннің айтарлықтай келешегі бар. Бұлар Солтүстік Торғай, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу және Ертіс маңы шөгінді бассейндері. Бұл бассейндердің іске асырылмаған көмірсутек әлеуеті әлі де айтарлықтай.
Ағымдағы жылы геологиялық-геофизикалық әдістер кешенін, оның ішінде Арал аз зерттелген бассейні шегінде Шығыс және Батыс учаскелерінде 2Д сейсмикалық барлауды қолдана отырып, өңірлік зерттеулер аяқталуда, оның зерттеу алаңы 56 мың шаршы км.жұмыс нәтижелері бойынша «Батыс» учаскесінің болжамды ресурстары 0,8 млрд тоннаға бағаланады, алынатын қорлар 0,3 млрд тоннаға бағаланады. Болашақта осы учаскелерді неғұрлым егжей-тегжейлі зерттеу үшін іздеу жұмыстарын қою жоспарланып отыр.
Нәтижелер геологиялық барлау жұмыстарының жоғары деңгейін және Қазақстанның минералды-шикізат базасын дамытуға елеулі үлесін көрсетеді. Бұл саланың бәсекеге қабілеттілігін және оның одан әрі өсуге дайындығын көрсетеді.
Отандық өндірісті қолдау
Экономика құрылымын өзгерту аясындағы негізгі міндеттердің бірі – отандық тауар өндірушілерді қолдау. Осы мақсатта Үкімет отандық өндіріс тауарларын тұтынуды ынталандыруға бағытталған экономикалық патриотизм қағидатын енгізді.
Мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық тауар өндірушілерден басым тәртіппен сатып алынатын отандық өндірістің 4 543 тауарына алып қою белгіленді. Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық өнімдер тізбесінің кеңеюі отандық кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар санының 1,4 есеге артуына, ал олардың жалпы сомасының 40%-ға өсуіне алып келді. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы, сондай-ақ басқа да ірі жер қойнауын пайдаланушы субъектілер отандық өндірушілермен жасалған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар сомасы 622,3 млрд теңгеден 765 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Мұнай-газ саласында барлық сатып алудың негізгі көлемі (65%) үш ірі операторға (Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, NCOC) тиесілі. Осыған байланысты, олардың барлық сатып алуларының 75%-ын құрайтын 16 тауар тобы бойынша елішілік құндылықты дамытудың ұзақмерзімді бағдарламаларын қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет қаражаты есебінен нысандарды салу кезінде отандық құрылыс материалдары мен жабдықтары барынша қолданылады.
Мемлекеттік қолдау шаралары жаңа бірыңғай тізілімге енгізілген тексерілген отандық тауар өндірушілерге ғана көрсетіледі.
Іскерлік белсенділікті арттыру және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау жұмысы шеңберінде Үкімет «таза парақтан» қағидатын енгізді. Бұл шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне қойылатын 10 мыңнан астам талаптарды жоюға мүмкіндік берді. Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 37%-ға дейін өсті.
Тұрғын үй құрылысы
Тұрғын үй құрылысы – азаматтардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды аспект. Осыған орай елімізде бағдарлама қабылданды, оның шеңберінде 7 жыл ішінде 111 млн м2 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша, 1 млн-ға жуық отбасы баспаналы болды.
Сонымен қатар 2024 жылы даму жоспары түзетілді, нәтижесінде 15,5 млн м2 тұрғын үйдің орнына 18 млн м2 баспана тапсырылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың мамыр айында «Отбасы Банкі» «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Оның аясында 188,3 млрд теңгеден астам сомаға 7217 мың несие берілді.
Жыл басынан бері цифрландыру және қала құрылысы сараптамасын енгізу арқылы нақты заңсыз құрылысты іске асыру мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл шара Мемлекет басшысы бірнеше рет белгілеген нақты құрылыс мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Кешенді шаралар саябақтар мен әлеуметтік нысандарға арналған аумақтарда көппәтерлі үйлер салу мүмкіндігін жояды, бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және қалалық инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді.
6. Жыл қорытындысы: Су инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанның орнықты болашағы үшін технологияларды енгізу
(жарияланған күні: 2024 жылғы 13 желтоқсан)
Қазақстан су ресурстарын басқару жүйесін реформалауда елеулі қадам жасады. Бұл өзгерістер суды тұрақты және тиімді пайдалануға, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша шолулар топтамасы аясында Primeminister.kz сайты еліміздің су шаруашылығының болашағын қалыптастыратын негізгі бастамалар туралы толығырақ тарқатады.
Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында су ресурстарына қол жеткізу және сапасы мәселесіне баса назар аударылды. Су тапшылығы проблемасы халық саны мен экономиканың өсуі аясында өзекті бола түсуде.
Қазақстан трансшекаралық су көздеріне тәуелді болып қала береді, бұл теңгерімді су саясатын жүргізу қажеттілігін күшейтеді. Президент «Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы, осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады», деп атап өтіп, көршілес мемлекеттер бұл мәселеде өзара тиімді шешімдерді іздеуі керегін айтқан болатын.
2024 жыл Қазақстанның су секторын реформалау мен дамытудағы маңызды кезең болды. Үкімет сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жедел жаңғыртуға бағытталған жұмыс жүргізді.
Қазақстан трансшекаралық су көздеріне тәуелді болып қала береді, бұл теңдестірілген су саясатын жүргізу қажеттілігін шиеленістіреді. Президент «Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы, осы су көздері біздің халықтарымыз бен экономикамызды жақындастырады» деп атап өтіп, бұл мәселеде көрші мемлекеттермен өзара тиімді шешімдерді үнемі іздеу керегін айтқан болатын.
2024 жыл Қазақстанның су секторын реформалау мен дамытудағы маңызды кезең болды. Үкімет сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жедел жаңғыртуға бағытталған жұмысты қолға алды. Маңызды міндеттерге жаңа су қоймаларын салу, жұмыс істеп тұрған объектілерді реконструкциялау, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу жатады. Су ресурстарын басқару саласындағы реформаларды іске асыруды жалғастыру, су үнемдеу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, сондай-ақ су секторы үшін ғылыми базаны кеңейту және мамандар даярлау маңызды жаңалық болды.
Инфрақұрылымды және ирригацияны жаңғырту
Елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты суаруды қамтамасыз ететін су қоймаларын, бөгеттер мен каналдарды қосқанда, 13 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстар бар. 2024 жылы еліміздің оңтүстік аймақтарындағы суармалы жерлерге 10,9 км3 су жіберілді, ол суармалы егістікке арналған су қабылдаудың жалпы көлемінің 97%-ын құрайды. Талас және Шу өзендері бойынша көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды, бұл сумен жабдықтау және суару бойынша іске асырылып жатқан іс-шаралардың тиімділігінің айғағы. Биыл Шардара су қоймасына 4,8 млрд м3 су келді, яғни, 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
Мемлекет басшысы жедел ден қоюды талап ететін бірқатар негізгі бағыттарды атап өтті. Олардың ішінде – су инфрақұрылымын жаңғырту, тарифтік саясатты қайта қарау, су үнемдеу технологияларын енгізу және заңнамалық базаны жетілдіру ісі бар.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері еліміздің су шаруашылығы саласын түбегейлі өзгертуге бағытталған ауқымды реформаларды бастады. Жаңа нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу бойынша үлкен жұмыс атқарылды: жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді, Мәжілісте алғашқы тыңдаулар өткізілді, 2030 жылға дейін су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы бекітілді, сондай-ақ 2028 жылға дейін су саласын дамытудың кешенді жоспары және 2026 жылға дейін су үнемдеу жөніндегі Жол картасы әзірленді.
Бұл құжаттар су саласын жаңғыртуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және климаттың өзгеруінің салдарына орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ маңызды қадам Су секторын дамыту бойынша серіктестердің үйлестіру кеңесін құру болды, ол өзекті мәселелер мен инновациялық шешімдерді талқылау үшін негізгі алаңға айналады.
Су қоймаларын және ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағдарламасы шеңберінде 20 жаңа су қоймасын салу, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды қосқанда, жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялау жоспарланған.
Бұл бастамалар су қоймаларының сыйымдылығын едәуір арттыруға және су ресурстарын басқаруды жақсартуға мүмкіндік береді. Суару арналарын жаңарту тасымалдау кезінде судың жоғалуын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға көмектеседі, Бұл ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін қосымша су көлемін қамтамасыз етеді.
Осы жылғы көрсеткіштер айтарлықтай ілгерілеуді көрсетеді: 2024 жылы Қазақстанда 93 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізілді, жалпы ұзындығы 592,9 км 260 бөгет салынып, нығайтылды.
Жаңа Су кодексінің негізгі принциптері
Кодекс су ресурстарын басқарудың өзекті мәселелерін шешуге, су тапшылығының алдын алуға және климаттың өзгеруі жағдайында экожүйелерді сақтауға бағытталған. Құжат бес негізгі қағидаға негізделген:
- Суды тіршілік пен экономикалық дамудың негізі ретінде тану;
- Су ресурстарының экономикалық құндылығын есепке алу;
- Жер үсті және жер асты суларын кешенді пайдалану;
- Ұтымды пайдалану және суды үнемдеу;
- Су ресурстарын басқару мәселелеріне жұртшылықты тарту.
Құжатта халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластану қаупінен қорғауды қамтитын су қауіпсіздігі ұғымы алғаш рет енгізілді. Сондай-ақ – «экологиялық ағын» – өзендердің, көлдер мен теңіздің экожүйелерін қолдау үшін сақталатын судың ең аз көлемі жайлы да ұғым енді. Бұл су объектілерінің сарқылуын және деградациясын болдырмайды.
Су кодексі 121 бапты, 14 тарауды және 6 бөлімді қамтиды. Ол табиғатты пайдалануға, агроөнеркәсіптік кешенге, құрылысқа және энергетикаға байланысты 4 кодекске (экологиялық, кәсіпкерлік, азаматтық және жер) және 9 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.
Су ресурстарын басқару жүйесін цифрландыру
Су секторын реформалау шеңберіндегі негізгі бағыт су ресурстарын есепке алу, басқару және болжау үшін цифрлық технологияларды енгізу болып саналады.
2025 жылы Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарланып отыр, ол су айдындарының нақты уақыттағы жай-күйіне мониторинг жүргізуді, сондай-ақ су тасқыны мен құрғақшылықты болжауды қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын орындау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация, төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге, стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік беретін «Tasqyn» су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесін әзірлеуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 3,5 мың км суару желілерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, Қызылорда облысында Жаңашиелі, О-2, Келінтөбе, Әйтек және Сунақата сияқты бес арнада суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, су жинау стансаларын қайта құру жобасы іске асырылуда.
Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында – 2024 жылдан 2026 жылға дейін 16 суару каналы автоматтандырылады.
Сондай-ақ Қызылорда облысында 16 магистралды және шаруашылықаралық каналдарды автоматтандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2026 жылдан 2027 жылға дейін, Ислам даму банкінің қаражаты есебінен жүргізіледі. Оларды іске асыру нәтижесінде суаруға арналған су шығынын жылына 0,5 км3 төмендету жоспарлануда.
Арналарды автоматтандыру судың сапалы және дәл есебін қамтамасыз етеді. Су ресурстарының Ақпараттық-талдау орталығында ұйымдастырылған ахуалдық орталық базасында үздіксіз мониторинг жасалады.
2024 жылғы шілдеде Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Қазагромелиосушар» республикалық әдістемелік орталығы» РММ мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ болып қайта құрылды.
Орталықтың қызметі келесі бағыттарға негізделетін болады:
- су пайдаланушылардың есеп беру жүйесін жетілдіру;
- су шаруашылығы саласындағы барлық деректерді жинау және өңдеу;
- су тасқынын қысқа және ұзақ мерзімді болжау және модельдеу;
- су тапшылығы қаупі туралы хабарлау;
- басқарушылық шешімдер қабылдау үшін уәкілетті органға өңделген деректерді ұдайы ұсыну және басқалар.
Су секторын цифрландыру төтенше жағдайларға жедел ден қоюға ықпал етеді және су қорларын орнықты пайдалану үшін жағдай жасай отырып, басқарудың ашықтығын күшейтеді.
Судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес
Министрлік су ресурстарын басқарудағы бұзушылықтарға қарсы күресті бастады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына аудит жүргізді.
Су кодексінің жобасына су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылаудың жаңа түрі – тергеу енгізіледі. Бұл шара су қорын қорғауды күшейтуге және бұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттыруға арналған.
Бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсті. Егер бұрын олардың саны 98 адам болса, қазір Қазақстанның бассейндік инспекцияларының жалпы штаты 242 адамды құрайды. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекциялар бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.
Су дипломатиясы және көрші елдермен ынтымақтастық
Қазақстан су дипломатиясын белсенді дамытуды жалғастыруда. Осы жылы еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына үш жылдық төрағалық етуді бастады әрі көршілермен сумен жабдықтау мәселелері бойынша маңызды келіссөздер жүргізді. Жыл басынан бері Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді.
Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы Қазақстанға су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен 20-дан астам өзен, соның ішінде Ертіс және Іле өзендері бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Трансшекаралық су ресурстарын әділ бөлуге ықпал ететін Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына Қазақстанның қатысуы маңызды қадам болды.
Суармалы жерлерді кеңейту және суды үнемдеу технологиялары
Су ресурстарының негізгі көлемін жер үсті сулары орташа көпжылдық көлемде 106 км3 қамтамасыз етеді, оның 55,7%-ы еліміз аумағында қалыптасады, қалған 44,3% – Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан келетін трансшекаралық өзендерге тиесілі.
Барлық су ресурстарының шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылады, бұл Қазақстанды ауыл шаруашылығында суды пайдалану бойынша Орталық Азиядағы суды көп қажет ететін елдердің біріне айналдырады. Бұл суармалы су шешуші рөл атқаратын аграрлық өндірістің сипатына байланысты.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы климаттың ерекшелігі мен су тапшылығын ескере отырып, суарудың тиімді әдістерін қажет етеді. Бұл тұрғыда су үнемдеу технологияларын енгізу жалғасуда және суармалы жерлердің көлемі 2024 жылы 312,2 мың гектардан 462,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Тамшылатып суару мен жаңбырлату жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылды. Бұл әдістер суды үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар дақылдардың өнімділігін айтарлықтай арттырады. Атап айтқанда, тамшылатып суару арқылы фермерлер суды тұтынуды 40-50%-ға азайтып, дақылдардың өнімділігін 1,5-2 есе көбейте алады.
Үкімет сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялауды ұлғайтты. Қаржыландыру бағдарламалары мен фермерлерді оқыту суарудың озық әдістерін таратуға көмектесті, бұл өз кезегінде аграрлық сектордағы экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына әкелді.
Елді мекендерді сумен жабдықтау
2024 жылға Қазақстанда 324 сумен жабдықтау жобасын іске асыруға 218 млрд теңге бөлінді. Бұл соманың 106 млрд теңгесі қалалардағы 122 жобаға, ал 112 млрд теңгесі ауылдық елді мекендердегі 202 жобаға бағытталды. Осы іс-шаралар шеңберінде биылғы 10 айда 39 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталды, 166 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды, ал 49 ауылда республикалық бюджет есебінен тозған су құбыры желілеріне реконструкция жасалды.
2024 жылы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 99,5%, ал ауылдарда – 97,8%-ды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қалаларда 0,6% және ауылдық жерлерде 1,2% өсімге сәйкес келеді.
Болашақ жоспарға орай елді мекендердің 100%-ын 2025 жылдың соңына дейін сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен толық қамтамасыз ету көзделген, бұл еліміздің ауылдық және қалалық аумақтарында тұрмыс сапасы деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Су тасқынын басқару жүйелері және шұғыл шаралар
Еліміздің су шаруашылығы объектілері суды өткізу міндетін ойдағыдай орындады, суды экожүйелер мен ауыл шаруашылығына бағыттай отырып, су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді. Экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылған 12 млрд м3 астам су жиналды. Егер өткен жылы су қоймаларынан жалпы су жіберу бүкіл су тасқыны кезеңінде шамамен 13 млрд м3 құраса, биыл 1 айда су қоймаларынан жалпы су жіберу 36 млрд м3 астам құрады, бұл биылғы су тасқынының ауқымдылығын көрсетеді.
Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,2 млрд м3 су жиналды, оның ішінде 3,3 млрд м3 су тасқыны кезінде құйылды. Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17,1 млрд м3 су келді. Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн м3 су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн м3 су келді. Осының арқасында, алғаш рет аталған су көлемі Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көл жүйелеріне жетті.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын орындау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі экология және табиғи ресурстар, төтенше жағдайлар, су ресурстары және ирригация министрліктерімен бірлесіп «Tasqyn» су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Бұл жүйе ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге және стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік береді.
Су объектілеріндегі су шығыны болжамдары гидротехникалық құрылыстардағы төгінділерді реттеу және қолайсыз гидрометеорологиялық жағдайлар кезеңінде қоршаған ортаға жүктемені азайту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге негіз болып саналады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің тарапынан әдістеме су қоймаларында және су шаруашылығы жүйелерінде суды пайдалану режимдерін талдау және түзету мақсатында жүргізіледі, сондай-ақ суды жедел бөлу үшін жасалатын жедел әрі болжамды су шаруашылығы баланстарының есебін регламенттейді. Ақпараттық жүйені іске қосу осы жылдың соңына дейін жоспарланған. Алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері үшін оқыту семинарларын өткізу жоспарланған.
Институционалдық өзгерістер және жаңа ғылыми мекемелерді құру
2024 жыл су ресурстары саласындағы институционалдық өзгерістер тұрғысынан маңызды жыл болды. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару жүйесінде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қалпына келтірілді, ол су қорларын бақылау мен басқарудың сапасын жақсартуға, сондай-ақ сумен жабдықтау қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл қызмет су ресурстарының жай-күйін бағалауда және оларды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлеуде шешуші рөл атқарады.
Сонымен қатар Қазақстанның 9 өңірінде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану бойынша мамандандырылған ұйым құрылды. Аталған ұйымдар гидротехникалық объектілерді пайдалану және техникалық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған, ол өз кезегінде апаттық жағдайлар мен суды жоғалту қаупін азайтады.
Маңызды институционалдық реформалардың ішінде балық шаруашылығы функцияларын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді атап өтуге болады. Бұл өзгеріс балық шаруашылығы саласындағы қызметті үйлестіруді және балық өнеркәсібі үшін су ресурстарын пайдалануды жақсартуға мүмкіндік береді.
Су секторында ғылымды және білім беруді дамыту
2024 жылы Қазақстанда жаңа ғылыми және білім беру мекемелерін құру арқылы су секторын дамытуда маңызды қадам жасалды. Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институтының құрылуы өңірдің экологиясы мен су ресурстарын тұрақты пайдалануды зерттеуге елеулі үлес болды. Бұл институтта зерттеулер жүргізілуде, жаңа технологиялар әзірленуде және Каспий экожүйесінің жай-күйіне мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды, ол экология және су ресурстарын басқару саласында мамандарды белсенді даярлайды, бұл саланың кадрлық базасын нығайтуға ықпал етеді. 2025 оқу жылында университет «Гидроэкология» мамандығын енгізуді жоспарлауда. Бұл білім саласы әсіресе су ресурстарының ластануы, климаттың өзгеруі және су объектілерін ұтымды пайдалану қажеттілігі жағдайында өзекті болып отыр.
Су секторы мамандарының біліктілігін арттыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі бірқатар шараларды жүзеге асыруда. 2024 жылы «Қазсушар» қызметкерлерінің жалақысы едәуір көбейді, бұл осы саладағы жұмыстың тартымдылығын ынталандырды. Сонымен қатар су мамандықтары «Болашақ» бағдарламасына енгізілді, бұл министрлік мамандарына шетелде оқуға өтініш беруге мүмкіндік берді. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша су саласының 450-ден астам қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Студенттерге су шаруашылығы ұйымдарында өндірістік практикадан өтуге мүмкіндік берген 9 университетпен ынтымақтастық та маңызды элемент саналады.
Қазақстан су шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытуда. Атап айтқанда, Тараз өңірлік университеті мен Ташкент ирригация инженерлері институты студенттерге екі елдің дипломдарын алуға мүмкіндік беретін қос дипломды білім берудің бірлескен бағдарламасы туралы келісімге қол қойды.
Кәсіби біліктілік бойынша салалық кеңес құру және «Гидротехникалық мелиорация» сияқты кәсіби стандарттарды өзектендіру мамандарды даярлау сапасын едәуір жақсартты. Нидерландымен халықаралық ынтымақтастық аясында су ресурстарын басқару бойынша семинарлар мен тренингтер өткізілді, бұл қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал етті.
ҚХР-мен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2025 жылы су саласының 100-ден астам маманын оқытуға жіберу туралы келісімге қол жеткізілді.
7. Жыл қорытындысы: Күре жолдан бастап энергия көздерімен жабдықтауға дейін – Қазақстан инфрақұрылымы қалай жақсаруда
(Жарияланған күні 2024 жылғы 17 желтоқсан)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді тәсілі – маңызды бағыттардың бірі.
Әр міндетке басымдық беру
2024 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету, сондай-ақ мемлекеттік және жеке инвестицияларды тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.
Негізгі міндеттер қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шалғай және ауылдық елді мекендердегі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі айқындалды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапасын арттыруға, оларды жүзеге асыру мерзімдерін сақтауға және қаражаттың жұмсалуын мұқият бақылауға баса назар аударды.
Осыған байланысты Үкімет 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлеп, бекітті. Құжаттың стратегиялық міндеті – басым жобаларды айқындау, нысаналы көрсеткіштер мен инфрақұрылымның негізгі бағыттарын белгілеу.
Қазақстанның инфрақұрылымдық даму жоспары төрт негізгі бағытқа бөлінген 204 жобаны қамтиды:
- Энергетикалық инфрақұрылым (46 жоба) – жаңа нысандарды жаңғырту және салу, тұрғындарды газбен қамту деңгейін арттыру арқылы сенімді энергиямен қамтамасыз ету.
- Көлік инфрақұрылымы (59 жоба) – көлік дәліздерін дамыту, жолдарды реконструкциялау және теміржол желісін жаңғырту.
- Сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы (89 жоба) – сумен қамтамасыз ету, су бұру және сарқынды суларды тазарту нысандарын салу және жаңғырту.
- Цифрлық инфрақұрылым (10 жоба) – инфрақұрылымды бақылау және басқару үшін цифрлық шешімдерді енгізу.
Энергетикалық инфрақұрылым: тұрақтылық және «жасыл» технологияларға көшу
2024 жыл Қазақстанның энергетика саласын дамытудағы маңызды кезеңі болды. Биыл еліміздің жылу энергетикасына, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) және электр энергетикасына айтарлықтай әсер еткен бірнеше маңызды келісім мен заңдарға қол қойылды.
Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2024 жылы республикалық бюджеттен 14 жобаны іске асыруға, 52,7 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 6 жоба жылумен қамтуға, 8 жоба электрмен жабдықтауға қатысты. Қазіргі уақытта осы жобалардың екеуі – «Ақжайық» ЕТЖК және Орал қаласының ГТС-54 аудандарындағы 110/10 кВ қосалқы стансалары пайдалануға берілді, бұл өңірді энергиямен қамту сенімділігін едәуір арттырды.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды ынталандыру үшін Қазақстан қайтарымды инвестициялардың жылдық лимитін 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар үшін негізгі жабдықтарды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жөніндегі жобалар пулын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Инвестициялық келісімдер шеңберінде жалпы қуаты 2,48 ГВт болатын 19 келісім қолданыста, оның ішінде қайтарымды инвестициялар лимиті ұлғайғаннан кейін 13 келісім (жиынтық қуаты 1,4 ГВт) жасалды. Бұл еліміздің энергия жүйесінің қуатын едәуір арттыруға және оның тұрақтылығын жақсартуға мүмкіндік береді.
2024 жылы Жүйелік оператор ірі энергетикалық нысандарда бірқатар күрделі жөндеу жұмысын жоспарлады. Жөндеу бағдарламасы аясында электр стансаларында 10 энергия блокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Бүгінгі таңда 9 энергия блокта, 53 қазандықта және 39 турбинада жұмыс аяқталды. 1 энергия блогында, 2 қазандықта және 6 турбинада жұмыс түрлі аяқталу сатысында.
2024 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы жылумен жабдықтау саласында жинақталған кешенді проблемаларды шешуге бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» жаңа салалық Заңға қол қойды. Заң жылу жүйесі мен жылу энергетикасы объектілері жұмысының тиімділігін арттыруға, халық үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және жылумен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз етуге арналған. Заң шеңберінде инфрақұрылымды жаңғырту және салаға инвестициялар тарту жөніндегі шаралар да көзделген.
Халықаралық әріптестермен ынтымақтастық Қазақстанның экологиялық орнықты энергетика жолындағы ұстанымын нығайтты. 7 наурызда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасында 1 ГВт жел электр стансасының жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоба Жетісу облысында іске асырылады, инвестор халықаралық компания – Acwa Power.
2024 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Qazaq Wind Power» ЖШС арасында Жамбыл облысында жел электр стансасының жобасын іске асыру туралы тағы бір маңызды келісімге қол қойылды. Жобаның негізгі инвесторы – Masdar компаниясы, ал ЖЭС қуаты 1 ГВт құрайды. Бұл келісім Қазақстанның ЖЭК дамыту және көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі стратегиялық бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Сондай-ақ қараша айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірқатар жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде жалпы қуаты 1,8 ГВт жел және күн электр стансаларын салу жоспарлануда, бұл еліміздегі энергия көздерін әртараптандыру үшін маңызды қадам болмақ. ЖЭК объектілерін салу Қазақстанның энергетикалық теңгеріміндегі жасыл технологиялардың рөлін нығайтудағы негізгі кезең болады, бұл еліміздің орнықты дамуына және көміртегі ізін төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар Қазақстан Катардың қатысуымен жобаларды белсенді дамытуда. 20 наурызда Қызылорда облысында қуаты 1,1 ГВт бу-газ қондырғысы мен Абай облысында қуаты шамамен 350 МВт су электр стансасының құрылысын қосқанда, бірлескен жобаларды іске асыру туралы Катар мемлекетімен үкіметаралық келісімге қол қойылды. 17 сәуірде Ресей Федерациясымен тағы бір Үкіметаралық келісімге қол қойылды, ол Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жиынтық қуаты шамамен 1 ГВт болатын үш жылу электр орталығын салу жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді. Бұл ЖЭО еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін жақсарта отырып, Қазақстанның түрлі өңірлерінде сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Көлік инфрақұрылымы: маңызды нысандарды дамыту
2024 жыл Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жөндеу, реконструкциялау және салу жөніндегі ауқымды жобаларды іске асырудағы маңызды кезең болды. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмысы басталды, оның 7 мың шақырымы жыл соңына дейін аяқталады.
Еліміздің негізгі өңірлері мен халықаралық көлік бағыттарын байланыстыратын төрт маңызды автожол дәлізін реконструкциялаудың аяқталуы жылдың басты жетістіктері ішінде ерекше көзге түседі.
- Еліміздің орталық және оңтүстік өңірлерін байланыстыратын маңызды буын саналатын Қарағанды – Алматы (879 км) автожолын ресонструкциялау аяқталды;
- Қазақстанның шығысы мен оңтүстігі арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін Талдықорған – Өскемен (768 км) тас жолын рекнострукциялау аяқталды;
- Батыс Қазақстанда көлік қатынасын жақсартуға ықпал ететін Ақтөбе – Қандыағаш (96 км) учаскесінде жұмыстар аяқталды;
- Қазақстанды Ресеймен байланыстыратын Атырау – Астрахан (212 км) автомобиль жолын реконструкциялаудың аяқталуы арқылы халықаралық көлік дәлізінің дамуына үлес қосылды.
Жалпы, 2024 жылы жол құрылысының басқа салаларында да айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Жөндеу және реконструкциялау жұмыстары күрделі және орташа жөндеулерді, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдардағы жұмыстарды қосқанда, 7,5 мың шақырымнан астам жолды қамтыды.
Темір жол көлігі саласында магистралды теміржол желісін жөндеу жұмыстары жалғасуда, 2024 жылы 1401 шақырымға жөндеу жүргізілді (оның ішінде күрделі жөндеу – 570 км, компоненттік жөндеу – 187 км және алдын ала жоспарлы жөндеу – 644 км).
Сонымен қатар биыл 143 жолаушылар вагоны, 185 локомотив және 1,5 мың жүк вагоны жаңартылды. 2024 жылдың 10 айында Қазақстанға жаңа 113 жолаушылар вагоны жеткізілді, ал жыл соңына дейін тағы 30 вагон жеткізіледі деп күтілуде. Бұл теміржолдардағы жайлылық пен қауіпсіздікті айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ жолаушылар тасымалының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен 19,2 млн жолаушы және 390,5 млн тонна жүк тасымалданды. Жолаушылар тасымалы 2023 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға өсті. Бұл теміржол қызметтеріне деген сенімнің артқанын көрсетеді.
2024 жылы туристік сегментті дамыту мақсатында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» жаңа бағыты іске қосылды. Ол туристерді тартуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени алмасуды популяризациялауға ықпал етеді. Барлық экскурсияны кәсіби гидтер жүргізеді, ал жолаушылардың жайлылығы үшін заманауи автобустар қарастырылған. Бұл жоба ішкі және халықаралық туризмді дамытудағы, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды ынталандырудағы маңызды қадам болды.
Өткізу қабілетін арттыру және жүк тасымалы үшін жағдайды жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 1,3 мың шақырым болатын төрт ірі теміржол жобасының құрылысы жалғасуда.
Олардың ішінде:
- «Достық – Мойынты» (жұмыстар 75% аяқталды);
- «Алматы айналма желісі»;
- «Дарбаза – Мақтаарал»;
- «Бақты – Аягөз».
Аталған жобалар ішкі теміржол қатынасын дамытуға және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл тауар тасымалдау және логистикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие.
2024 жылы елімізде теңіз инфрақұрылымы айтарлықтай нығайды. Ақтау портында жылына 300 мың ЖФБ өткізу қабілеті бар контейнерлік хаб салынуда. Құрық портында жаңа астық терминалы мен «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы басталды. Бұл, өз кезегінде, транзиттік әлеуетті кеңейтіп, Қазақстан порттарының өткізу қабілетін жылына 30 млн тоннаға дейін арттыруды қамтамасыз етеді. Бұл жобалардың барлығы мультимодальды логистиканы айтарлықтай жақсартып, дәліздің барлық қатысушыларының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Жылына 1 млн тонна қуаттылығы бар жаңа астық терминалының ашылуы Қазақстанда транзит пен логистиканы дамытудағы маңызды оқиға болды. Жоба аясында бір уақытта 28 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін 18 силос салынды. Терминалдың конвейерлерінің өнімділігі сағатына 300 тонна. Бұл терминал астық экспортын, оның ішінде Қазақстан – Иран бағыты және Кавказ аймағы елдеріне жеткізу көлемін арттыруды қамтамасыз етеді. Жоба логистикалық инфрақұрылымның маңызды элементіне айналып, Қазақстанның сыртқы саудасын кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.
2024 жылы Қазақстан әуе көлігін дамытуда маңызды қадамдар жасады. Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Алматыдағы терминалдың өткізу қабілеті 6 есе артты (жылына 2,5 млн-нан 14 млн жолаушыға дейін), ал Қызылордада 7 есе өсті (жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін).
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Шымкент қаласы әуежайында жаңа терминалды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өткізу қабілетін 7,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл инфрақұрылымдық жобалар жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды.
Биыл еліміздегі 8 әуежайда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Ақтау және Павлодар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жөнделді, сондай-ақ Балқаш қаласы әуежайында рулеж жолы мен перрон реконструкцияланды.
Аталған жұмыстар ұшу рейстерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап, еліміздің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
2024 жылы ірі инфрақұрылымдық бірқатар жоба аяқталды:
- Шақпақ баба асуындағы туннельдің құрылысы. Бұл жыл бойы қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп, Қазақстанның оңтүстік аймақтары арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартты.
- Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір Шығыс Қазақстан үшін стратегиялық маңызды нысанға айналып, өңірдегі елді мекендер арасындағы сенімді қатынасты қамтамасыз етті.
- Шамалған стансасындағы жолайырығы теміржол мен автомобиль көлігінің қиылысын алып тастауға мүмкіндік беріп, қозғалыс қауіпсіздігін арттырды.
ТХКБ өсуі және дамуы
Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) тұрақты өсуді жалғастырып келеді. Өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаға, оның ішінде 100 мың ЖФБ контейнерлік тасымалдарға дейін ұлғаюда. 2024 жылдың 11 айында жүк тасымалының көлемі 63%-ға өсіп, 4,1 млн тоннаға жетті, ал контейнерлік тасымалдар 2,6 есеге артып, 50,5 мың ЖФБ құрады. Бұл көрсеткіштер бағыттың айтарлықтай өскенін дәлелдейді.
2024 жылы Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру орталығы іске қосылды. Ол инфрақұрылымды дамытуға және бағыттың функционалын кеңейтуге бағытталған. Жаңа платформа ТХКБ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жұмыс істейтін болады. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу мерзімін 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаға Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қытай сияқты негізгі елдер мен компаниялар белсенді қатысуда. Бұл ТХКБ-ның жаһандық сауда үшін маңыздылығын айқындайды.
Өткізу қабілетін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.
Интеллектуалды көлік жүйелері
Бүгінгі күні Қазақстанда 450 мыңнан астам жүк автокөлігі тіркелген, олар күнелікті ел аумағы бойынша жүк тасымалдайды. Бұл көлік құралдары, әсіресе олардың салмақтық және көлемдік сипаттамаларын ескере отырып, жол жамылғысының жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Көлік жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және автожолдарға артық жүктемені болдырмау үшін ауыр салмақты көліктердің салмағы мен өлшемдерін тиімді бақылау қажет.
Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2025 жылға дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасын (АӨС) орнату жоспарлануда. Стансалар тәулік бойы жұмыс істейді және автокөлік құралдарының салмағы мен өлшемдерін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл көлік ағынын тиімді бақылауға, шамадан тыс жүктемелердің алдын алуға және республикалық жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта елде 45 АӨС орнатылған, олардың ішінде:
- 25 станса «ҚазАвтоЖол» АҚ орнатылған;
- 7 — Астанада;
- 1 — Қостанай облысында;
- 12 — Үлкен Алматы айналма автожолында (ҮАААЖ) орналасқан.
Бұл стансалар ауыр автокөлік құралдарының қозғалысын бақылауға және салмақ-габариттік нормалардың бұзылуын нақты уақыт режимінде тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс тиімділігін едәуір арттырып, адами факторды азайтады.
Қазақстанда бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін қозғалыс барысында автокөлік құралдарын автоматты түрде өлшеуге арналған «Сергек» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгерістер енгізілді. Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі процессинг орталығымен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл әкімшілік процестерді толық автоматтандыруға, оларды барынша ашық әрі жылдам жүргізуге мүмкіндік береді.
8. Жыл қорытындысы: Ел экономикасының шикізаттық емес секторды дамыту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау шараларын күшейту арқылы өсуі
(жарияланған күні: 2024 жылғы 18 желтоқсан)
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мұнайдан тыс секторды дамытуға бағытталған экономиканы құрылымдық өзгерту бойынша бірқатар шара қабылдады. Отандық өндірушілерді қолдау құралдарын күшейту арқылы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру және іскерлік белсенділікті күшейту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
Негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны
Алдын ала бағалау бойынша осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,4%-ды құрады, ол негізінен мұнайдан тыс секторды дамытумен қамтамасыз етілген. Экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен қалыптасты. Салалар бөлінісінде келесідей динамика байқалады: ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығарудың 13,4%-ға өсуі байқалды, бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады; құрылыста – 10,3%; саудада – 8,2%; көлік қызметтерінде – 8,1%; байланыста – 5,3%; өңдеу өнеркәсібінде – 5,3%. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті.
Сыртқы сауда айналымы биылғы 10 айда $116,9 млрд-ты құрады. Қазақстандық тауарлардың экспорты 5,1%-ға өсті, ақшалай баламада көрсеткіш – $68,5 млрд. Бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 10,2%-ға ұлғайып, $23,3 млрд-қа жетті. Шикізаттық емес экспорттың тұрақты өсуі көбінесе қазақстандық тауарларды Қытай мен Түркияға жеткізу көлемінің артуымен, сондай-ақ Еуропа нарықтарындағы қатысудың кеңеюімен байланысты.
ҚХР-ға экспорт көлемі 5,3%-ға өсіп, $12,3 млрд-ты құрады. Бұған мемлекет пен бизнестің бірлескен белсенді жұмысы ықпал етті. Қытай тұтынушылары арасында отандық өнімдердің танымалдылығын арттыру мақсатында қазақстандық компаниялардың CIFTIS, CIIE, Digital Expo сынды үлкен көрмелерге және басқа да шараларға қатысуы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ jd.com, Doiyin, Alibaba электронды платформаларындағы ұлттық павильондар арқылы тауарларды ілгерілету жұмыстары жанданып, стримингтер ұйымдастырылды.
Ирландия, Швейцария және Франция сияқты ЕО елдеріне экспорттық ағындарды өсіру олардың диверсификацияланғанын көрсетеді. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты көршілес елдерге шикізаттық емес экспорттың өсуі Қазақстанның саудасы үшін Орталық Азия өңірінің маңыздылығын айғақтайды.
Биылғы қызмет көрсету экспорты 10,5%-ға өсіп, $8,4 млрд деңгейінде тіркелді. Осы сектордың драйверлері болып тасымалдау, ІТ, қаржы және басқа іскерлік қызметтер салалары аталды.
Сонымен бірге есепті кезеңде импорт 3,3%.-ға қысқарды. Импорттың төмендеуімен қатар жүретін экспорт көлемінің ұлғаюының нәтижесі экономиканың оң сауда балансының 33,4%-ға өсуі болды. Аталған көрсеткіш $20,1 млрд деңгейінде қалыптасты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл инфляция төмендеп, қараша айында жылдық мәнде 8,4%-ды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңінде инфляция 10,3% деңгейінде болды.
Қазақстанның дербес несиелік рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде сақталды
2024 жылдың 9 қыркүйегінде Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі несиелік рейтингті «Тұрақты» деген болжаммен «Ваа2»-ден «Ваа1»-ге дейін көтерді.
2024 жылдың 15 қарашасында Fitch еліміздің несиелік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, сонымен қатар болжамды «Тұрақты» деңгейде ұстады.
2024 жылдың 1 наурызында S&P болжамды «Тұрақты» деңгейде сақтап қалып, дербес несиелік рейтингті «BBB-/А-3» деңгейінде растады.
Несиелік рейтингтің жоғарылауы экономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, еліміздің халықаралық аренадағы беделін жақсартуға ықпал етеді, капитал нарықтарынан инвестициялар тартуға және экономикаға тікелей шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң әсер етеді. Айта кету керек, мемлекеттің рейтингі неғұрлым жоғары болса, сыртқы нарықта қарыз алу шарттары соғұрлым жақсы болады.
Бизнесті қолдаудың жаңа құралдары арқылы елішілік құндылықтың өсуі
Үкімет осы жылы кәсіпорындарды одан әрі ірілендіруге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға баса назар аудара отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде бірқатар шаралар қабылдады. Осындай шаралардың бірі шетелдік әлеуетті өнім берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға және квазимемлекеттік компанияларды сатып алуға қатысуына қол жеткізуін шектеу болып саналады. Биыл тізбе 3 еседен астамға – 4 536 атауға дейін кеңейтілді. Нәтижесінде, тек 2024 жылдың 9 айында мониторинг субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 21,2 трлн теңгені құрады, оның ішінде елішілік құндылығы 11 трлн теңгеге немесе 51,8%-ға жетті. Жылдың 11 айында отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттардың сомасы 34,4%-ға өсіп, 372,9 млрд теңгені құрады. Офтейк-келісімшарттар бойынша көлемі 14 есеге, 134 млрд теңгеге дейін өсті. Қатты пайдалы қазбалар мен ОТӨ бойынша жер қойнауын пайдаланушылар арасында жалпы сомасы 111,1 млрд теңгеге 248 ұзақ мерзімді шарт және 27,8 млрд теңгеге 42 офтейк-келісімшарт жасалды. Салыстыру үшін: 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 47,5 млрд теңгеге 35 ұзақ мерзімді шарт және 4,8 млрд теңгеге 10 офтейк-келісімшарт жасалған болатын. 2024 жылдың қорытындысында қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысы мен қызметтерін сатып алудағы елішілік құндылық үлесі бойынша индикатор 81% деңгейінде айқындалды; 2025 жылға арналған жоспарда оны 82%-ға дейін жеткізу көзделген.
Биыл мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жаңа қағидалары бекітілді. 2024 жылғы 1 шілдедегі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес, Қағидаларда жұмыс тәжірибесі мемлекеттік сатып алу аясында орындалған шарттар бойынша және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтері бар басқа да шарттар бойынша есепке алынады. Тапсырысты орындаушы қосалқы мердігерлер атқаратын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Заңнамалық өзгерістер конкурсты өткізу мерзімдері мен өтінімдерді беру рәсімдерін қамтиды. Өтінім беру мерзімі 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Қағидалар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Экономикадағы ШОБ үлесін арттыру
Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қабылданған шаралары экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 1,8%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді және бүгінде ол 38,2%-ды құрайды. Осы жылдың 1 желтоқсанында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,5%-ға артып, 2 млн кәсіпорыннан асты. Осы секторда барлығы 4,2 млн-нан астам қазақстандық жұмыспен қамтылды. Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 2024 жылдың 2 тоқсанында 19,1%-ға ұлғайып, 34,2 трлн теңгені құрады.
Қазақстанда экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау жаңа деңгейге жетті: бизнеске 6,3 млрд теңге көлемінде шығындарды өтеу қамтамасыз етілді. Салалардың әртараптандырылуына ерекше назар аударылып отыр. Бұл елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді. Қабылданған өтінімдер саны бойынша көшбасшылар қатарында Қостанай облысы, Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстары тұр. Биыл жалпы 500-ге жуық компания түрлі қолдау шараларын алды, оның ішінде экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу, Alibaba.com платформасына шығу, көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, шығындарды өтеу және басқа да шаралар бар. Олардың 90%-дан астамы азық-түлік саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері.
Президент қол қойған Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң аясында биыл тексеруден профилактикалық іс-шараларға көшу арқылы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі қайта қаралды. 66 саланың тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жүргізілді. Бизнес-ахуалды жақсарту және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Өңірлік маңызы бар актілер талданып, бизнеске 1 мыңға жуық негізсіз талаптар анықталды. Әкімдіктер оларды алып тастау бойынша жұмыс жүргізуде.
Сондай-ақ биыл кәсіпкерлікке арналған міндетті талаптар тізілімі іске қосылды, оның ерекшелігі кәсіпкерлерді тізілімнен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату болып саналады.
Президенттің бастамасымен «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» атты екі бағдарламаның құралдарын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаны қабылдау маңызды қадам болды. Мықты және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру мақсатында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады (шамамен 50%).
ШОБ жобаларын нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшумен субсидиялаудың сараланған әдісі көзделген. Кредиттер бойынша кепілдік беру құралы кеңейтілді: кепілдіктер сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды және бизнес субъектілері үшін 1 млрд теңгеден астам несие сомасы бойынша нарықтық шарттарда кепілдік алуға мүмкіндік берілді. Биыл барлығы 840,5 млрд теңге кредиттердің жалпы сомасына 14,5 мың жоба субсидияланды, төленген субсидиялар сомасы 226,2 млрд теңгені құрады. 241,2 млрд теңгеге 7,3 мың жоба бойынша кепілдіктер берілді. ШОБ-ты қолдаудың тағы бір құралы синдикатталған кредиттеу болды, ол бір мезгілде бірнеше банктер 15 млрд теңгеге дейінгі ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді.
Облигациялық қарыздар беру шарттары кеңейтілді: эмитент-кәсіпкер облигация шығарылған кезде купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ала алады және 5 жылға дейінгі мерзімде 5 млрд теңгеге дейін 6%-бен қаржыландыруға қол жеткізе алады.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін биыл 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар және салалық шектеулерсіз 7% мөлшерлеме бойынша 1,5 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау енгізілді.
Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру
Бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылы саласындағы негізгі бағыттардың бірі цифрландыру болып саналады. Ыңғайлы цифрлық экожүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлердің бір порталда мемлекеттік қызметтерді, қолдау шараларын және мемлекетпен өзге де өзара іс-қимылды алуы үшін «Бизнестің цифрлық картасы» жобасы әзірленуде. Азаматтардың жеке кабинеті секілді бизнестің жеке кабинеті енгізіледі, бұл әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеді және процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Биыл Қазақстанда электрондық форматта барлығы 99,3% мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қағаз құжат айналымын одан әрі оңтайландыру жүргізілуде.
Сондай-ақ бизнестің операциялық шығындарын төмендетуге бағытталған есеп-қисапты автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылдың соңына дейін барлық есеп-қисаптың 40%-ын оңтайландыру жоспарлануда. ШОБ-ты одан әрі өсірудің тағы бір құралы арнайы келісім болады, оның шеңберінде кәсіпкерге салалық отандық және шетелдік консультанттарды тарта отырып, атаулы консалтингтік көмек көрсетіледі.
Жалпы биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсетті. Бұл өсім мұнайдан тыс сектордың қарқынды дамуының нәтижесінде жүзеге асып, әртараптандыру саясатының оң әсерін көрсетіп отыр. Несиелік рейтингтің жоғарылауы мен инвестициялардың артуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оңтайландыру арқылы бизнес климатқа және әрі қарай да инвестиция тартуға оң ықпал етуде. Экономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайту Үкіметтің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Экономикаға және инфрақұрылымдық дамуға инвестиция тарту
Үкімет Мемлекет басшысының экономикаға инвестиция көлемін арттыру жөніндегі алға қойған міндеттерін іске асыру шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейтті. Бұл ретте, 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың жобаларына ерекше назар аударылуда. Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі және басқа да ұйымдармен ынтымақтастық жүргізілуде. Экономиканың өсуіне әрі орнықты дамуына ықпал ететін бастамаларды сәтті іске асыру үшін серіктестерден техникалық және сараптамалық қолдау қажет. Республикалық бюджеттен $611,7 млн-ды құрайтын қоса қаржыландырумен жалпы несие сомасы $3,74 млрд болатын бірлескен алты ірі жоба бойынша жұмыс атқарылуда. Биыл инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде бірқатар өңірлердегі автожолдарды реконструкциялау, орта білім беру нысандарын, кеден бекеттерін жаңғырту, еліміздің оңтүстік облыстарында ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілді.
Қазақстандағы ЕҚДБ портфелі жалпы сомасы $2,95 млрд-ты құрайтын 125 белсенді жобаны қамтиды, олардың басым бөлігі орнықты инфрақұрылым секторына тиесілі. Жеке секторға салынған инвестиция 46%-ға жетті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ЕАДБ инвестицияларының күтілетін көлемі кемінде $1 млрд-ты құрайды. Келесі негізгі жобалар: республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау; Алматы 3-ЖЭО-ны реконструкциялау; Қарағанды облысында ЖЭС салу; «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырын кеңейту және басқа да нысандар бойынша келісімдерге қол қойылды. Әлеуметтік, энергетикалық және көлік салаларында, автожолдарды жаңғырту бойынша $2,5 млрд сомасына жобалар қаралуда.
Бұдан басқа, биыл Қазақстанда $7 млрд-тан астам сомаға инфрақұрылымдық 30 жобаны қаржыландыру туралы ниет білдірген Ислам даму банкімен және Араб үйлестіру тобымен ынтымақтастық жанданды.
9. Жыл қорытындысы: Еліміздің энергетика саласындағы басты жетістіктері мен болашақ даму бағыттары
(жарияланған күні: 2024 жылғы 19 желтоқсан)
Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты дамуға және жаһандық төмен көміртекті даму үлгісіне көшуге бет бұру жағдайында Қазақстан сенімді энергия көзімен жабдықтауды қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде іске асыруда. Экономикалық белсенділіктің артуына байланысты электр энергиясын тұтыну өсуде, бұл өндіріс қуатын кеңейтуді қажет етеді. 2024 жылы Үкімет дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін теңгерімді дамыту үшін маңызды қадамдар жасады. Еліміздің электр энергетикалық кәсіпорындары республиканың өнеркәсіп және коммуналдық-тұрмыстық секторының қажеттілігі үшін жылуды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді. Саланы 2035 жылға дейін дамыту бойынша кем дегенде 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізуді көздейтін жоспар бекітілді.
Қазақстанның ұлттық электр желісін дамыту
Бүгінгі таңда Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуат көлемі 20,4 ГВт-ты, жұмыс қуаты 15,4 ГВт-ты құрады. Ағымдағы жылыту маусымында тұтынудың ең жоғары деңгейі 16,6 ГВт-қа жетті, ал ең жоғарғы мөлшерлі генерация – 15,1 ГВт.
Қазақстанда 222 электр стансасы жұмыс істейді (КЭС – 6 бірлік, ЖЭО – 41 бірлік, ГТЭС – 14 бірлік, ГПЭС – 7 бірлік, СЭС – 6 бірлік, ЖЭК – 148 бірлік). Оның ішінде 148 ЖЭК нысанның (шағын СЭС – 51 бірлік, ЖЭС – 54 бірлік, КЭС – 42 бірлік, БЭҚ – 1 бірлік) жалпы қуаты 2,9 ГВт.
2024 жылы Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 14 жобаны (6 жылумен жабдықтау, 8 электрмен жабдықтау) іске асыруға 58,3 млрд теңге бөлінді. Жобалардың бірі, Орал қаласының «Ақжайық» ЕТЖҚ ауданындағы 110/10 кВ қосалқы стансасы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар үшін негізгі жабдықты жаңғырту, кеңейту және реконструкциялау жөніндегі жобалар пулын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 22 инвестициялық келісім бар, оның ішінде лимит ұлғайғаннан кейін жалпы қуаты 1,36 ГВт болатын 13 келісім жасалды.
2023 жылғы қарашада «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы сәтті іске асырылды, оның шеңберінде «Батыс Қазақстан энергия торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша ұзындығы 780 км болатын 220 кВ электр беру желісі (ЭБЖ) салынды. Бұл қадам электр қуатының өткізу мүмкіндігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
Келесі қадам ретінде 2028 жылдың соңына дейін Батыс аймақтың электр желілерін Бірыңғай электр энергетикалық жүйемен біріктіру жобасы іске асырылатын болады, ол үшін Ақтөбе және Атырау облыстарын жалғайтын ұзындығы 604 км болатын 500 кВ ЭБЖ салынады. Бұл Солтүстік және Оңтүстік аймақтардың электр энергиясы мен қуатының теңгерімсіздігін өтеу үшін Батыс аймақтың маневрлі газ энергия көздерін пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2025 жылы кіріседі.
Оңтүстік өңірлердің тұтынушыларын энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерінің жұмыс режимдерімен байланысты апаттық бұзушылықтардың туындау тәуекелдерін азайту Оңтүстік аймақтың (Шу–Жамбыл–Шымкент) электр желілерін күшейтуді талап етеді. Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ аталған жобаны іске асыруды бастады, оның 1-кезеңі 2027 жылы аяқталады, оның шеңберінде Шу–Жамбыл–Шымкент бағыты бойынша ұзындығы 475 км 500 кВ ӘЖ салынады. Қазіргі уақытта ЖСҚ әзірлеу жүріп жатыр.
Еліміздің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы байланысты одан әрі күшейту, сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру үшін кернеуі +/-500 кВ «Солтүстік-Оңтүстік» тұрақты ток желілерін салу жоспарлануда. Өткізу мүмкіндігі 2000 МВт-қа артады.
Қазақстанның бүкіл Біртұтас электр энергетикалық жүйесін айналып өтуге мүмкіндік беретін еліміздің батыс және оңтүстік аймағын жалғайтын тұрақты ток желісін салудың орындылығын зерделеу жүргізілуде.
Бұл жобаларды іске асыру тұрақты әрі сенімді электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Жылу генерациясы
Биыл Екібастұз 1-ГРЭС-те қуаты 500 МВт жаңа генерацияланатын бірінші энергоблок желіге қосылды, жыл соңына дейін Атырау ЖЭО-да тағы 65 МВт, сондай-ақ 2025 жылы Топар ГРЭС-те 130 МВт іске қосылады деп күтілуде.
Қолданыстағы электр стансаларын реконструкциялау және кеңейту есебінен қосымша 5,6 ГВт іске қосу қамтамасыз етілетін болады, оның ішінде 2024 жылы Министрлік энергия өндіруші ұйымдармен жалпы қуаты 1,4 ГВт болатын 13 инвестициялық келісім жасасты. Мұндай жобалар қатарында Ақсу ГРЭС-тегі қуаты 325 МВт №7 блоктың құрылысы, Қарағанды ЖЭО-3-те қазандық агрегатының құрылысы мен турбинаны ауыстыру және «Karabatan Utility Solution» ЖШС-нің бу-газ қондырғысын 310 МВт-тан 620 МВт-қа дейін кеңейту ісі бар.
Өткен жылы жалпы қуаты шамамен 9 ГВт жаңа генерация салу жоспарлары анықталды. Қазіргі уақытта бұл жобалар іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде.
Аукциондық сауда-саттық шеңберінде маневрлік генерацияны іріктеу бойынша 2,5 ГВт жаңа қуаттарды іске қосу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда Түркістан, Қызылорда облыстарында, Ұлытау облысы мен Алматыда іске асырылатын жалпы қуаты шамамен 1,8 ГВт болатын бу-газ қондырғыларының төрт ірі жобасы бойынша құрылыс жұмысы жүргізілуде, олардың аяқталу мерзімі 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар 2024 жылдың тамызында Қазақстанда жалпы қуаты 700 МВт болатын кезекті аукциондық сауда-саттық өтті, оның қорытындысы бойынша Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстарында бу-газ қондырғыларын сату құқығына төрт жеңімпаз анықталды. Қазіргі уақытта аяқтау мерзімі 2028 жылға жоспарланған жобаларды іске асыруға кірісті. 2029 жылға дейін инвестициялардың күтілетін көлемі 8 трлн теңгеден астам соманы құрайды.
Үкіметаралық келісім шеңберінде стратегиялық инвесторлардың қатысуымен қуаты 2 ГВт ауқымды жобаларды пысықтау жүргізілуде.
Мысалы, Қатармен қол қойылған үкіметаралық келісім шеңберінде Қызылорда облысында қуаты 1100 МВт бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жоспарланып отыр, оның аяқталу мерзімі – 2029 жыл.
Тағы бір үкіметаралық келісім – Ресеймен Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір генерациясы базасында жаңа жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салуға бағытталған (Көкшетау ЖЭО — 240 МВт, Семей — 360 МВт, Өскемен — 360 МВт), пайдалануға берудің жоспарланған мерзімі – 2028-2030 жылдар. Бұл жобалар «таза» көмір технологияларын пайдалана отырып іске асырылатын болады және ұзақ жылыту кезеңімен әрі газ тасымалдау инфрақұрылымының болмауымен ерекшеленетін Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі қолданыстағы көмір паркін алмастыруға бағытталған.
Шекті тарифтерді түзету және энергия блоктарын жөндеу
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Энергетика министрлігі берілген өтінімдерге сәйкес 49 энергия өндіруші ұйымның 24-і үшін электр энергиясының шекті тарифтерін өзгертті.
Жүйелік оператордың жөндеу кестесіне сәйкес электр стансаларында 2024 жылы 10 энергия блокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі сәтте 9 энергия блокта, 53 қазандықта және 40 турбинада жөндеу жұмысы аяқталды. 1 энергия блокта, 2 қазандықта және 5 турбинада жөндеу жұмысының соңғы кезеңі жүргізілуде.
ӨЭК электр желілерінде 20,7 км электр беру желілері, 422 қосалқы станса және 4 мың трансформаторлық қосалқы станса жөнделді.
Жылумен жабдықтау желілерінде биылға жоспарланған 542 км-ді жөндеу және реконструкциялау толық көлемде орындалды. Уақытылы жүргізілген жұмыстың арқасында жылыту кезеңін тұтастай жұмыла бастауға және оны ірі технологиялық бұзушылықтарсыз жүзеге асыруға мүмкіндік туды.
Мұнай өндіру және өңдеу
2024 жылға арналған мұнай өндіру жоспары 90,3 млн тоннаны құрайды (2023 жылғы деңгейге 100,4%). Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мұнай өндіру 80,5 млн тоннаны құрады, бұл жоспардан 1,8 млн тоннаға аз (82,3 млн тоннаға белгіленген мақсаттан 97,8%).
2024 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі 16,7 млн тоннаны құрады, бұл жоспардың 102%-ын құрайды (жоспар – 16,4 млн тонна). 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 17,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,1%-ға артық. Мұнай өнімдерін (бензин, дизель отыны, мазут, авиакеросин, битум) өндіру 2024 жылғы қаңтар-қарашада 13,1 млн тоннаны немесе жоспарлы көрсеткіштің 100%-ын құрады.
Елімізде мұнай өңдеу саласын дамыту 2024-2040 жылдарға арналған Тұжырымдаманы бекіту арқылы қолдау татпы, бұл аталған саланың Қазақстанның экономикалық өсуі үшін стратегиялық маңызын атап көрсетеді.
Көмірсутектер саласында жасалған келісімшарттар және олардағы қазақстандық қамту үлесі
Қазіргі уақытта көмірсутектер бойынша 315 келісімшарт жасалды, оның ішінде:
- 9 – өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК);
- 122 – өндіруге;
- 173 – барлау мен өндіруге;
- 11 – барлау үшін.
2024 жылдың 9 айында көмірсутек секторы саласына инвестициялар 2,8 трлн теңгені құрады, оның ішінде: барлау шығындары — 125,9 млрд теңге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар (ӨӘЭД) — 46,5 млрд теңге, оқыту шығындары — 12,483 млрд теңге, ҒЗТКЖ шығындары — 7,03 млрд теңге.
Энергетикалық сектордың жер қойнауын пайдаланушыларының ТЖҚ (тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін) сатып алуларының жалпы көлемі 9 айда 4,3 трлн теңгені құрады, оның ішінде қазақстандық өнім берушілердің елішілік құндылық (ЕҚ) үлесі 61,4%-ды құрады, бұл 2,7 трлн теңгеге балама:
783,5 млрд теңгеге тауарлар сатып алынды, ЕҚ үлесі – 36,5%, бұл 285,7 млрд теңгені құрайды;
жұмыстар 1,6 трлн теңгеге орындалды, ЕҚ үлесі – 79,6%, бұл 1,3 трлн теңгені құрайды;
1,9 трлн теңгеге қызмет көрсетілді, ЕҚ үлесі – 56,3 %, бұл 1,1 трлн теңгені құрайды.
2024 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша энергетикалық сектордың жер қойнауын пайдаланушы компаниялары қызметкерлерінің жалпы штат саны 81 191 адамды құрады, оның 80 033-і Қазақстан Республикасының азаматы саналады (98,57 %).
2020 жылдан 2024 жылдың шілдесіне дейін Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге 10 электрондық аукцион өткізді, нәтижесінде 116 жер қойнауы учаскесі сатылды (барлау мен өндіруге 97, өндіруге 19).
Бюджетке төленген қорытынды қол қою бонусы шамамен 54,1 млрд теңгені құрады, ал геологиялық барлауға жарияланған инвестициялар – $479,8 млн-нан астам.
Қазақстандық өнім берушілердің (ЕҚ) 2024 жылға арналған тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуының болжамды көлемі энергетика секторындағы сатып алулардың жалпы көлемінің 61,8% деңгейінде күтіледі (2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4,1 трлн теңге сомасына 61%-ды құрады).
Газ саласын дамыту перспективалары
Қазақстанның газ секторы ішкі нарықты табиғи газбен қамтамасыз ете отырып белсенді дамуын жалғастыруда әрі өндіру көлемін ұлғайтуға ұмтылуда. Қазіргі уақытта елімізде табиғи газ өндіру деңгейі жылына 55 млрд м3 астам құрайды. 2030 жылға қарай газ өндіру деңгейі 86,5 млрд м3 жетеді деп болжануда.
Қазақстандағы негізгі газ кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. Сондай-ақ газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында Анабай және Шығыс Өріктау, Рожковское сияқты жаңа кен орындары белсенді дамып келеді. Таяу келешекте Батыс Прорва, Орталық Өріктау, Барханная (2025-2026 жылдар кезеңінде) кен орындарын іске қосу күтілуде, олардың жиынтық алынатын қорлары 50 млрд м3-тен асады.
Газ саласын дамытудың маңызды бағыттары инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа кен орындарын дамыту, сондай-ақ жаңа газ өңдеу қуаттарын пайдалануға беру арқылы тауарлық газдың ресурстық базасын арттыру болып қала береді.
Негізгі бағыттардың бірі – ілеспе газды утилизациялау, бұл қалдықтарды айтарлықтай азайтады және еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Соңғы жылдары ауада жанып кететін газ көлемі жылына 3,1 млрд м3-тен 0,3 млрд м3-ке дейін қысқарды, бұл ретте газ өндіру деңгейі 27 млрд м3-тен 59,1 млрд м3-ке дейін ұлғайды.
Республикада тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында газ саласын дамытуды жалғастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Атырау облысында қуаты жылына 1 млрд м3 газ өңдейтін зауыт салынуда, ол Қашаған кен орнының шикізатында жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, 2030 жылға қарай Қашаған кен орнын игеру шеңберінде қуаты жылына 2,5 млрд м3 газ өңдеу зауытының құрылысы жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қатарлық инвестор — UCC Holding тартылды.
Маңғыстау облысында, Жаңаөзен қаласында ескі Қазақ газ өңдеу зауытының базасында қуаты жылына 900 млн м3 жаңа зауыт салынуда. Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына 4 млрд м3 газ өңдеу зауытын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде, ол 2030 жылдан кешіктірілмей пайдалануға берілуі тиіс. Осы жобалардың барлығын іске асыру 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін ағымдағы 23 млрд м3-тен жылына 31 млрд м3-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қызылорда облысында Оңтүстік Қайыркелді секілді жаңа кен орындарын пайдалануға беру жоспарлануда (өндіру көлемі жылына 35 млн м3).
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамасы бойынша газды түпкілікті тұтынушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған түзетулерді қамтитын заң жобасы ұсынылады. Атап айтқанда, газды есепке алуды цифрландыру және белгіленген тұтыну нормаларынан асып кеткені үшін нормативтен тыс коэффициенттерді қолдану сияқты ұқыпты тұтыну тетіктері енгізілуде.
Бұдан басқа, заң жобасында елді газдандыруға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат шеңберінде салынып жатқан объектілердің сапасын жақсартуға бағытталған нормалар көзделген.
Табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды кеңейту шаралары жаңа автокөлік газ толтыру компрессорлық станса (АГТКС) салуды және табиғи газға арналған маршруттық автобустарды жаңартуды көздейтін 2024-2027 жылдарға арналған Жол картасын жасауды қамтиды. 2025 жылы 1567 жаңа автобус сатып алу, сондай-ақ 5 жаңа АГТКС салу жоспарланып отыр, бұл табиғи газдың мотор отыны ретінде қолжетімділігін арттырады.
Бұдан басқа, өз машиналарын сұйытылған табиғи газға (СТГ) ауыстырғысы келетін автокөлік жүргізушілері үшін ынталандыру тетіктерін енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ Шымкент пен Батыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушылар үшін тауарлық газға жеңілдіктер беру үшін пайдаланылатын «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба газға жеңілдіктер беру жүйесін кеңейтуге және автоматтандыруға, сондай-ақ мұқтаждар үшін отынның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
ЖЭК дамыту
Бүгінгі таңда белгіленген қуаты 2 903,7 МВт болатын 148 ЖЭК нысаны (100 кВт-тан жоғары) іске қосылды. Атап айтқанда:
- қуаты – 1 409,55 МВт жел электр стансаларының 59 нысаны;
- қуаты – 1 222,61 МВт күн электр стансаларының 46 нысаны;
- қуаты 269,785 МВт болатын су электр стансаларының 40 нысаны;
- қуаты 1,77 МВт болатын биогаз электр стансаларының 3 нысаны жұмыс істейді.
Өткізілген аукциондық сауда-саттықтың және «ЖЭК қолдау бойынша есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-мен жасалған шарттардың қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі шамамен 720 млрд теңгені құрайтын, жиынтық қуаты 1 682,4 МВт болатын 66 ЖЭК жобасын:
- қуаты 311,11 МВт болатын 34 су электр стансаларының 34 нысаны:
- қуаты 1 110 МВт жел электр стансаларының 20 нысаны;
- күн электр стансаларының 9 нысаны 250 МВТ;
- қуаты 11,35 МВт биогаз электр стансаларының 3 нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін жалпы қуаты 163,35 МВт болатын сегіз жаңа ЖЭК жобасын іске асыру көзделген. Ақмола облысында «Jasil jel» ЖШС 4,95 және 10 МВт-қа екі жел электр стансасы салынды; Жамбыл облысында «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС 20 МВт-қа күн электр стансасы салынды; Алматы облысында іске асыру сатысында қуаты 3 МВт «ЖЭС Толқын» ЖШС су электр стансасы тұр; Жетісу облысында «Baskan Power» ЖШС14,9 МВт-қа су электр стансасының құрылысы іске асырылуда; Ақтөбе облысында «ERG Capital Project» ЖШС 12,5 МВт жел электр станциясын іске асыру сатысында; Маңғыстау облысында «Sarkylmas Kuat»ЖШС 50 МВт жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде; Атырау облысында «Дивитэл» ЖШС 48 МВт жел электр стансасы іске асыру сатысында.
2027 жылға дейін Энергетика министрлігі ЖЭК жобаларын іске асыру бойынша жалпы белгіленген қуаты 4 500 МВт-тан астам ЖЭК генерациясының әртүріне аукциондық сауда-саттық өткізуді жоспарлап отыр.
Үкіметаралық уағдаластықтар шеңберінде Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірлесіп ЖЭК жобаларын іске асыруға кірісті: Жамбыл облысында Total Energies ЖЭС 1 ГВт; Жамбыл облысында Masdar ЖЭС 1 ГВт; Юнигрин Энерджи 1 ГВт; Жетісу облысында ЖЭС 1 ГВт жобасы.
Жоғарыда аталған жобалар шеңберінде отандық өндіріс жабдықтарын кемінде 30% қолдану күтілуде. Ауқымды жобалар 2025 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастайды.
Қытай Халық Республикасымен ЖЭК саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды, оның шеңберінде жалпы қуаты 1,8 ГВт ЖЭК объектілерін салу жоспарлануда. Осы Келісімге сәйкес үкіметаралық келісімнің жобасына қосымша ЖЭК жобаларын енгізу мүмкіндігі бар.
АЭС
Атом генерациясын құру жоспарларын іске асыру және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндеті тұрғысында 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізілді, онда азаматтардың көпшілігі АЭС салу идеясын қолдады. Қазіргі уақытта Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының маңында 2-ден 2,8 ГВт-қа дейінгі атом электр стансасының құрылысы қаралуда, сондай-ақ ядролық технологияның әлеуетті жеткізушілерімен келіссөздер жүргізілуде, ведомствоаралық комиссия құрылды, ол барлық вендорлардың ұсыныстарын бәсекелестік негізде қарайды. Жаңартылатын, баламалы энергия көздерін және газ генерациясын енгізу электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Осылайша, 2035 жылға қарай көміртекті офсетке жылына 44 млн тонна СО2 деңгейіне қол жеткізу жоспарлануда.
Энергия көздері штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жылыту маусымы тұрақты. Іске асырылып жатқан жобалар бастапқы ресурстармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген.
10. Жыл қорытындысы: құқық бұзушылыққа қарсы күресті күшейту, әйелдер мен балалар құқығын қорғау, ТЖ алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар қабылдау
(Жарияланған күні 2024 жылғы 20 желтоқсан)
Өткен жылы Қазақстанның ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау, жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бірқатар негізгі бағыт бойынша жұмысын едәуір күшейтті.
ІІМ мен ТЖ жүйесін реформалау шеңберінде нормативтік құжаттарда және заңнамадағы өзгерістерде көрсетілген жұмыстың жаңа әдістері енгізілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу
Ішкі істер министрлігі жұмысының басты бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. 2024 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Бұған жауап ретінде шаралар: оның ішінде 72 мың қорғау нұсқамасы, сондай-ақ 16 мың жағдай бойынша сот шешімдері қабылданды.
Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына айтарлықтай көңіл бөлінеді. Бүгінде елімізде осындай 69 орталық жұмыс істейді, оған жыл басынан бері 5,5 мың әйел, оның ішінде 3,7 мыңы балалары бар ана жүгінген. Ішкі істер министрлігі күш-жігерінің нәтижесінде соңғы 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғатын қылмыстар саны екі есеге, атап айтқанда, зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 49,3%-ға және ауыр дене жарақатын салу 8,7%-ға қысқарды.
Балалар құқығын қорғау және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу
Балалар құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Биыл 12 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Балаларды қорғау мақсатында еліміздегі әрбір мектепке ювеналды полиция қызметкерлері бекітіліп, олар тұрақты түрде бала құқығы бойынша сабақтар өткізеді және қылмыс жасауға бейім балаларды анықтайды. Оқу орындарында осыған орай 94 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.
Сонымен қатар жыл басынан бері 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 127 сайт анықталды. Алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер қылмысының саны 6%-ға төмендеді. Кәмелетке толмағандар жасаған кісі өлтіру 29%-ға, ұрлық 19%-ға, тонау 15%-ға төмендеген.
Әйелдер мен балалар құқығын қорғауға арналған жаңа заң
2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның маңыздылығы жоғары. Енгізілген өзгерістер әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, ал өзін-өзі өлтіруге және қорлауға итермелегендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жаңа заң
Азаматтар арасында заңға бағыну мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған қылмыстың ерте алдын алу жүйесін құруға арналған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа бірыңғай заңды талқылау және әзірлеу маңызды оқиғалардың бірі болды. Заң жобасында алдын алу шараларына жататын тұлғалар тізбесіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқан азаматтарды марапаттау көзделген. Заң кәмелетке толмағандар арасындағы алдын-алу шараларын, соның ішінде ерекше назар аударуды қажет ететін мектептердегі балаларға міндетті педагогикалық қолдау көрсетуді де реттейді.
2024 жылы ішкі істер органдары қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда. Күн сайын құқықтық тәртіпті қорғауға 14 мың полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері шығады. Жыл басынан бері 8 рет өткізілген «Құқықтық тәртіп» операциясы шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 6%-ға, оның ішінде көшелердегі қылмыс – 7%-ға төмендегені тіркелді. Елімізде тіркелген 12 млн әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 91 мың адам жауапқа тартылды.
Жол қауіпсіздігі
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында ІІМ жолдардағы жазатайым оқиғаларды азайту жұмыстарын жалғастыруда. Тиімді әдістердің бірі – жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу камераларын пайдалану. Бүгінде елімізде осындай 25 мыңнан астам камера жұмыс істейді, олар жолдардағы барлық құқық бұзушылықтың 69%-ын тіркеген. Жүргізушілерді даярлаудың сапасын арттыру үшін өзін-өзі дайындау алынып тасталды, енді оқыту тек сертификатталған автомектептер арқылы жүргізіледі.
Мобилді жүйелер көмегімен осы жылдың 11 айында жолдарда 1,02 млн-нан астам жылдамдық режимін бұзу фактілері тіркелді. Жол көлік оқиғалары санын азайту мақсатында кейбір өңірлерде «жасырын» патрульдер белсенді түрде қолданылады, бұл жолдарда үнемі полицияның болуы әсерін тудырады. Мұндай шаралар қазірдің өзінде бірнеше облыста жол апатынан қаза тапқандар санының азаюына әкелді.
Жүргізушілер даярлауды жетілдіру және жол қозғалысы ережелерін бұзумен күрес
Жол қауіпсіздігі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. 2024 жылы жол-көлік оқиғалары жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасты. ІІМ жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау үшін заманауи технологияларды, оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркейтін автоматты камераларды белсенді түрде қолданады. Бүгінгі таңда елімізде осындай 25 мыңнан астам камера бар. Мұндай камераларды қолдану жолдардағы барлық бұзушылықтардың 69%-ын анықтауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ «Қауіпсіз жол», «Автобус» және «Автокөлік» сияқты түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Бұл жол апатын азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қазақстанда жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру мақсатында елеулі өзгерістер енгізілді. Өзін-өзі дайындау және онлайн оқыту алынып тасталды, бұл үдерісті бақылауды арттыруға мүмкіндік береді. Барлық автомектептер мен курсанттар енді ІІшкі істер министрлігінің бірыңғай ақпараттық жүйесінде тіркеледі, бұл жалған куәлік жасау мүмкіндігін болдырмайды.
Оқу курстарын аяқтау туралы куәліктер мен медициналық қорытындыларды электронды форматқа көшіру жұмыстары да белсенді түрде жалғасуда, енді оны Денсаулық сақтау министрлігі электронды форматта береді.
Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру үшін аумақтық ПД теңгерімінде ЖҚЕ бұзушылықтарын тіркеуге арналған мобильді бағдарламалық-аппараттық кешендермен жабдықталған 268 патрульдік автомобиль бар. 2024 жылы 10 айда бұл кешендер жылдамдық режимінің 872 мыңнан астам бұзылуын тіркеді.
Астана (4 автокөлік), Ақтөбе (11), Атырау (6), Қарағанды (2), Қостанай (3), Солтүстік Қазақстан (1), Жетісу (1), Ұлытау (1) және Түркістан (1) облыстарында «жасырын» патрульдер белсенді қолданылуда. «Жасырын» патрульдерді қолдану нәтижесінде 43,3 мың бұзушылық тіркелді. Бұл шаралар аталған өңірлерде жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар санын едәуір азайтуға мүмкіндік берді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу
2023 жылы қазан айында ӘҚБтК мен жол қозғалысы туралы заңнамаға өзгерістер енгізетін заңдарға қол қойылды. Аталған өзгерістер екі кезеңде күшіне енеді: негізгі бөлігі 2023 жылғы 4 желтоқсаннан бастап, ал мопедтерге қатысты толықтырулар 2025 жылғы 4 сәуірден бастап қолданылады.
Жаңа ережелерде екі камера арасындағы жол учаскесінде орташа жылдамдықты асыру үшін жауапкершілік қарастырылған. Мұндай учаскеде жылдамдықты 60 км/сағ-тан артық асырып өткен жағдайда, 5-тен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін (18 460-тан 147 680 теңгеге дейін) айыппұл салынады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз мас күйінде көлік басқарған немесе медициналық куәландырудан бас тартқан жүргізушілерге жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға тыйым салу мерзімі 7 жылға дейін ұзартылды.
Мопедтер үшін міндетті түрде тіркеу және «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу талабы енгізілді. Сонымен қатар электромобильдерде белгісі болмағаны үшін айыппұлдар қарастырылған және осындай көліктерге арналған зарядтау станцияларын құру талаптары енгізілді.
Төтенше жағдайлар жүйесін жаңғырту
2024 жылы Қазақстанның ТЖ жүйесінде маңызды реформалар жүргізілді. ТЖМ басқарудың жаңа тактикасын және жаңартылған ұйымдастырушылық құрылымды енгізді.
Өңірлік бөлімшелер саны 87-ден 28-ге дейін қысқартылып, негізгі қызметтердің жұмысын күшейтуге мүмкіндік берді. Цифрландыру бойынша вице-министр лауазымы енгізіліп, сонымен қатар Республикалық жедел штаб жаңғыртылды.
Өртпен күреске ерекше назар аударылуда. 2024 жылы 324 табиғи өрт тіркелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (868 өрт) 2,6 есе аз. Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарындағы ормандарда өртті ерте анықтау жүйесін енгізу ормандағы өрт аумағын айтарлықтай азайтуға ықпал етті.
Инфрақұрылымды дамыту және құтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсарту
Құтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында техника мен жабдықтарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қостанай облысында құтқарушылардың қызметтік киімдерін жақсарту бойынша пилоттық жоба іске қосылып, оң нәтиже көрсетті. Азаматтық қорғаныстың жаңа әскери бөлімдерін құру, оның ішінде тез құрастырылатын конструкциялардан өрт сөндіру деполарын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жоба 2024 жылы Астанада 3,5 ай ішінде іске асырылды.
Сондай-ақ Қазақстанның батыс аймағында ТЖ жедел әрекет етуді қамтамасыз ету үшін «Теңіз жасағы» атты жасақ құру маңызды қадам болды. Алматы, Орал, Өскемен және Қостанай қалаларында құтқару батальондары қайта орналастырылды, бұл жедел қамтуды кеңейтіп, күштер мен құралдарды тасымалдауға кететін шығындарды қысқартуға мүмкіндік берді.
ТЖМ жедел әрекет ету қызметі
2024 жылдан бастап Қазақстан төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесін жетілдіруді жалғастыруда. Биыл «112» Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне халықтан 4,7 миллионнан астам қоңырау түсті. ТЖМ күштерімен 14 мыңнан астам адам құтқарылды, 66,5 мың адам эвакуацияланды, 8 мың зардап шеккен адамға медициналық-психологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар 83,3 мыңнан астам шұғыл шақыртуларға шықты, оның 10 мыңы өрт оқиғасы және 19 мыңға жуығы апаттық-құтқару жұмыстары.
Іздеу-құтқару жұмыстарына, оның ішінде әуе кемелерін қолдануға ерекше назар аударылды. 2024 жылы «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері 2,5 мыңнан астам тапсырыс орындады, оның 395-і санитарлық авиация және 356 науқас тасымалданды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін жетілдіру
ТЖМ жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін дамыту. 2024 жылы су айдындарындағы жағдайды анықтау және бақылау мақсатында геоақпараттық жүйелер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, мониторинг жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғастырылды. Сонымен қатар ТЖМ мен ІІМ ведомстволық желілерін біріктіретін республикалық жедел цифрлық радиобайланыс жүйесі енгізілді. Бұл төтенше жағдайларға жедел және тиімді әрекет ету үшін үйлесімділік деңгейін айтарлықтай арттырды.
Өндірістегі бұзушылықтарды, апаттарды, оқиғаларды және жазатайым жағдайларды азайту мақсатында елде 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді.
Елдегі сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2028 жылға дейін сейсмология саласын дамыту бойынша кешенді жоспар бекітілді.
Елдің 14 өңірінде су тасқыны кезеңінде 120 мың адам, оның ішінде 354 мүмкіндігі шектеулі адам және 45 мыңнан астам бала құтқарылып, эвакуацияланды. 2024 жылы Қазақстанда ТЖ саны 2023 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға азайды, ал зардап шеккендер саны 10,8%-ға төмендеп, 2023 жылғы 1751 адамнан 2024 жылы 1562 адамға дейін қысқарды.
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді тәсіл айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Әйелдер мен балаларды қорғауға арналған жүзеге асырылған шаралар қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізін қалады. Мемлекеттік органдардың күш-жігері, инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи технологияларды қолдану және заңнаманы жетілдіру Қазақстанның әрбір азаматтың өмірі мен қауіпсіздігін басымдыққа қоятын ел ретіндегі позициясын одан әрі нығайта түсуде.