Жастардың қауіпсіздігі мен болашағы

Заң мен тәртіп қағидаты аясында Ақтөбе автожол колледжінде «Заң және тәртіп: жастардың қауіпсіздігі мен болашағы» тақырыбында жиын өтті.
Шараға облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Берденов, Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мирхан Есенжолов, колледж басшылығы және 1-курс студенттері қатысты.
Шараның басты мақсаты — құқықбұзушылықтың алдын алу, жастарға заң талабын түсіндіру және олардың құқықтық сауатын арттыру.
— Облыстық полиция департаменті тарапынан әр оқу орнына бір оқу жылына кураторлар бекітіледі. Бүгінгі басқосуда кураторларымызбен бірге оқу жылы бойы атқарылатын жұмысты талқылаймыз, — дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Махамбетова.
Оның айтуынша, колледжде жалпы 850 бала білім алады. Оның 250-і жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 1-курсқа қабылданған.
— Біздің колледж 2023-2024 оқу жылында құқықбұзушылық бойынша колледждер арасында алдыңғы лекте болған-ды. 13 оқушымыз полиция органдарында есепте тұрған болатын. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша бір ғана бала есепте тұрды. Яғни құқықбұзушылар саны едәуір азайды. Мұның бәрі колледж және полиция департаменті қызметкерлерінің күндіз-түні балалармен жүйелі жұмыс жүргізгенінің нәтижесі.
Бұрын бұзықтық жасаған Аслан Асан қазірде облыс, ел түгілі, әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап жүр. Ол былтыр жеңіл атлетикадан Дубайда өткен додада 3-орын иеленіп келді, — дейді Самал Махамбетова.
Колледж студенті Аслан Асан да өзінің спортқа деген қызығушылығы тәртібін түзеп, жаңа мақсаттарға ұмтылуына ықпал еткенін айтады.
— Жасым 18-де. Спортпен 10 жылдан бері айналысамын. Әсіресе жеңіл атлетиканы жаным сүйеді. 1-курста тәртіпсіздік жасадым, бірақ кейін қатемді түсіндім. Күш-қуатымды спорт саласына жұмсап жүрмін. Ел чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпионымын. Қазақстан Республикасының спорт шеберімін.
Былтыр Дубайда өткен сайыста бақ сынап, 3-орын алдым. Биыл Африкада 49 елдің спортшылары, яғни 1 500 спортшы арасында өткен жарыста да жеңіл атлетика бойынша қатысып, 4-орын алдым. Қазір Жапонияда өтетін додадан үміттімін, сайысқа қызу дайындалып жүрмін, — дейді Аслан Асан.
Жиын барысында полиция қызметкерлері жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда профилактикалық жұмыстың маңызына тоқталды.
— Облыстық полиция департаментінің бастығы бекіткен арнайы жұмыс кестесі бар. Сол кестеге сәйкес мен осы колледжге бекітіліп тұрмын. Мақсат — колледж жастары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шара жүргізу. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың түрі көп. Бәрі сабаққа келмеуден басталады. Сабаққа себепсіз қатыспау біртіндеп тәртіптің бұзылуына, жауапкершіліктің нашарлауына әкелуі мүмкін. Сол себепті мұндай жағдайлардың алдын алып, әр студентпен дер кезінде жеке жұмыс жүргізу маңызды. Бұл ретте колледж ұжымы мен полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысы үлкен рөл атқарады, — дейді Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мирхан Есенжолов.
Заң мен тәртіп қағидатын сақтау, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың болашағына дұрыс бағыт-бағдар беру — колледж ұжымы мен құқық қорғау органдарының ғана емес, күллі қоғамның ортақ міндеті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ