АЗАМАТТАРДЫҢ ЭЛЕКТОРАЛДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Сайлау-2026: сайлау науқанының аралық нәтижелері және дауыс беру алдындағы жұмылу» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының жиыны өтті.
Отырыс барысында сарапшылар сайлау науқанының аралық нәтижелерін, қоғамдық-саяси үдерістердің даму динамикасын және халықтың электоралдық белсенділік деңгейін талқылады. Дауыс беру қарсаңында азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігіне, электоралдық таңдауларына, сондай-ақ саяси партиялардың үгіт-насихат жұмысының негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды.
— Негізгі мақсатымыз — Қазақстанның барлық өңірлеріндегі азаматтардың электоралды мәдениетінің деңгейін және осы науқанда қандай өзгеріс барын анықтау. Себебі Қазақстанда конституциялық реформа жүргізіліп, соның нәтижесінде саяси жүйеге және сайлау заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұған дейін заң шығару органын қалыптастыруда екі жүйе қатар қолданылды: мажоритарлық және пропорционалды жүйе. Ал осы өзгерістен кейін бір палаталы заң шығарушы орган — Құрылтай құру көзделіп отыр. Оны қалыптастыруда пропорционалды, яғни партиялық сайлау жүйесіне басымдық беріледі. Сондықтан бұл сайлау науқанының басты ерекшеліктерінің бірі — цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы. Мысалы, азаматтарға ақпарат алуға, өз пікірін білдіруге және ұсыныс жасауға мүмкіндік беретін түрлі электоралдық платформа қолданылды. Азаматтар өз пікірін ашық айтып, кандидаттар мен саяси мәселелерді талқылап, түрлі ұсынысын білдіре алды. Осының нәтижесінде азаматтардың саяси және қоғамдық өмірге деген қызығушылығы артып, электоралдық белсенділік те жоғары деңгейде байқалды. Оған дәлел — теледидардағы дебаттар. Бұл партиялардың белсенділігін көрсетті. Себебі, қазіргі уақытта партиялар Құрылтайдағы орындарға күресіп жатыр, — деді Қазақстандық қоғамдық даму институты төрағасының орынбасары Жанар Буканова.
Іс-шара аясында қоғамдық көңіл күйдің өзгеру динамикасы мен азаматтардың электоралдық мінез-құлқының ерекшелігін бағалауға мүмкіндік беретін Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтану зерттеулерінің нәтижесі таныстырылды. Жиынға Ақтөбеден бөлек, Астана қаласы мен Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан қоғамдық-саяси, академиялық және ғылыми-зерттеу қауымдастықтарының өкілдері, сарапшылар және басқа да институттардан өкіл қатысты.
К.ҚОПАЕВА






