Әртүрлі пікір – ортақ мақсат

Сайлау – азаматтардың ел болашағына қатысты өз ұстанымын білдіретін маңызды қоғамдық-саяси процесс. Бұл кезеңде қоғам мүшелерінің көзқарасы мен таңдауы әртүрлі болуы заңды. Себебі әр адамның өмірлік тәжірибесі, ұстанымы және ел дамуына қатысты өзіндік пікірі бар.

Демократиялық қоғамда пікір алуандығы – қалыпты құбылыс. Бір азамат белгілі бір кандидатты немесе бағдарламаны қолдаса, екіншісі басқа ұсынысты таңдауы мүмкін. Мұндай айырмашылық қоғамды бөлетін себепке емес, керісінше, ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін факторға айналуы тиіс.

Бұл жерде саяси мәдениеттің орны ерекше. Өз ойын ашық айту қаншалықты маңызды болса, қарсы пікірді тыңдай білу де соншалықты маңызды. Пікіріңе қосылмаған адамды кемсіту, оның таңдауын сынау немесе жеке басына қатысты жағымсыз пікір білдіру – саяси мәдениетке жатпайды.

Саяси бәсекелестік ең алдымен идеялар мен нақты ұсыныстардың бәсекесі болуы қажет. Әр кандидаттың бағдарламасын салыстырып, олардың қоғамға қандай пайда әкелетінін саралау – сайлаушының саналы таңдау жасауына жол ашады.

Бүгінде әлеуметтік желілер қоғамдық пікір қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Сондықтан сайлау кезінде ақпаратты жауапкершілікпен тарату аса маңызды. Расталмаған мәліметтерді жариялау, жалған ақпарат тарату немесе басқа азаматтардың ар-намысына тиетін жазбалар қалдыру қоғамдағы өзара сенімге кері әсер етеді.

Сайлау мәдениеті – дауыс беру күнімен ғана шектелмейді. Ол сайлауалды пікірталастан бастап, ақпарат тарату, қоғамдық пікір білдіру және өзге азаматтардың таңдауына құрметпен қарау арқылы қалыптасады.

Әркімнің таңдауы әртүрлі болғанымен, ортақ мақсатымыз бір – еліміздің тұрақты дамуы мен болашағына үлес қосу. Сондықтан саяси көзқарастарымыз әртүрлі болған жағдайда да бір-бірімізді сыйлап, қоғамдық келісім мен татулықты сақтай білуіміз қажет.

Саналы таңдау, жауапты пікір және өзара құрмет – саяси мәдениеті жоғары қоғамның негізгі белгілері.
Аралбаева Жаңагүл Серікбайқызы
Аудандық мансап орталығының маманы