Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің Ақтөбе облысына жұмыс сапары

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылындағы 6 сайлау учаскесінің және Ақтөбе қаласындағы сайлау учаскелерінің дауыс беруді өткізуге дайындығы, кедергісіз орта жағдайының қамтамасыз етілуі, сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің даярлық деңгейі негізгі назарда болды.
Ол мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтың мүшелерімен кездесті. Талдау барысында мониторингтік топ мүшелері мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы әрі сапалы жағдай жасауды қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуды жоспарлап отыр.
«Дәстүрлі түрде сайлауға дайындық кезеңінде біз бұл жұмысқа мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдарды тартамыз. Олардың қатысуы сайлау учаскелеріндегі жағдайға объективті баға беруге, азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескеруге және ықтимал кедергілерді жою бойынша дер кезінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Дауыс беру күні әрбір азаматтың денсаулық жағдайына қарамастан, өзінің сайлауға қатысуға қатысты конституциялық құқығын дербес әрі тең жағдайда жүзеге асыруы маңызды», – деп атап өтті Шавхат Өтемісов.
Мониторингтік топ мүшелері алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісіп, сондай-ақ есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.




