Саналы шешімге бастайтын маңызды кезең

Көпшілік сайлауды тек дауыс беру күнімен байланыстырады. Алайда оның алдында өтетін сайлауалды кезең де аса маңызды. Себебі дәл осы уақытта саяси партиялар өз бағдарламаларын таныстырып, қоғаммен кездесулер өткізіп, алдағы жұмыстарының негізгі бағыттарын түсіндіреді.

Бұл кезеңнің басты ерекшелігі – азаматтарға саналы таңдау жасауға мүмкіндік беруінде. Әрбір адам әртүрлі бағдарламалармен танысып, олардың басымдықтарын салыстырып, өзіне маңызды мәселелер бойынша ұсыныстарды бағалай алады. Қойылған сұрақтарға жауап алып, түрлі пікірлерді тыңдап, өз көзқарасын қалыптастыру – белсенді азаматтық ұстанымның маңызды белгісі.

Сайлауалды үгіт-насихаттың мәні – қандай да бір таңдауды күштеп таңу емес, қоғамды ашық пікір алмасуға, ақпаратпен танысуға және ой елегінен өткізуге жағдай жасау. Саналы шешім қабылдау үшін әрбір азаматтың жеткілікті ақпаратқа ие болуы маңызды.

Ал 22 тамыз – үнсіздік күні. Бұл күні кез келген үгіт-насихат жұмыстары тоқтатылады. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың ешқандай сыртқы ықпалсыз, сабырмен ойланып, өз таңдауын саралап, соңғы шешімін қабылдауына мүмкіндік беру.

Демократиялық қоғамның басты қағидаттарының бірі – ашықтық, пікір алуандығы және азаматтардың саналы таңдауы. Сондықтан сайлауалды кезең де, үнсіздік күні де сайлау үдерісінің ажырамас әрі маңызды бөліктері болып саналады.

Тлеулина Айгүл Рзақызы
Аудандық маслихат депутаты