Қазақтың “Қыз Жібегіне” – 75 жас


«AMANAT» партиясының қолдауымен, облыстық мәслихат депутаты Кулпаршын Айдарханованың тікелей ұйытқы болуымен ауданымызда Қазақстанның Халық әртісі, қазақтың Қыз Жібегі, халық үшін сұлулықтың эталоны, қазақ киносы мен театрының көрнекті өкілі, халықтың сүйікті актрисасы Меруерт Қаратайқызы Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кездесу кеші өтті.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен тағылымды шараға Ақтөбе облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі кеңесшісі, «AMANAT» партиясы фракциясының облыстық мәслихат депутаты Күлпаршын Алпысбайқызы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Жұлдыз Қожабекова арнайы қатысып, мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Кездесу барысында аудан әкімі Айбек Купенов сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ұлттық мәдениет пен кино өнерін дамытуға қосқан зор үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының атынан ризашылығын білдіріп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.

Кеш барысында жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Тағылымды кездесу ұлттық өнерді ұлықтап, жас ұрпаққа өнеге беретін мазмұнды рухани шара ретінде есте қалды.