Референдум-2024

Туған күнінде референдумға дауыс берді

Байғанин ауданы бойынша 9 ауылдық округте 23 референдум учаскесі орналасқан. Оның 6-уы — аудан орталығында.
Референдумға дейін облыстық, аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары халыққа Президент жолдауы мен халықтың үніне құлақ асатын референдум туралы айтып, жүйелі жұмыс жүргізді. Ел болашағына алаңдайтын тұрғындар бүгін өз таңдауларын жасауға белсенді қатысып жатыр.
Бүгін — Елужан Шонаев туған күні. Ол өз туған күнімен қатар келген еліміз үшін маңызды референдумға дауыс беріп, таңдауын жасады.
— Ел болашағы үшін қам жейтіндердің қатарындамыз ғой. Таңдауымды жасадым. Келешегіміз жарқын болсын, еліміз тыныш болсын, — дейді Е.Шонаев. Туған күн иесіне учаске төрағасы сыйлық табыстады.
Ауылдың үлкендері де қалыс қалмады. Қарауылкелді ауылының сыйлы анасы, қажы Тұрсын Мәтекбаева дауыс беріп шығып:
— Біздің болашағымыз — балаларымыз. Өскелең ұрпақ елімізді өрге сүйреуі үшін жасалатын қадам бүгіннен нық болуы керек. Біздің тілегіміз — еліміз дами берсін, гүлдене берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! — деді.
Үйден дауыс беруге өтініш білдіргендердің арасында Жаңажол ауылдық округіне қарасты Оймауыт ауылында тұратын 104 жастағы Тұраш Құдайқұлова бар.
Референдум учаскелері кешкі сағат сегізге дейін жұмыс істейді.
Рита Халыққызы,
Байғанин ауданы.