Жас әйелдер өзгеше ойлай бастағанда.


Айгүл Забирова,
ҚР Президенті жанындағы
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері
Қазақстанда әйелдер үшін жоғары білім алу қалыпты жағдайға айналды. Бірақ білім алу мен еңбекке араласу кезеңінен кейін күрделірек кезең басталады, ұрпақ ішіндегі құндылықтар мен рөлдерді қайта пайымдау үдерісі жүреді. Неліктен жас әйелдер мен ерлер жауапкершілікті бөлуді әртүрлі қабылдайды және бұл отбасы мен экономиканың болашағына қалай әсер етеді?
Әдетте қоғамдағы өзгерістер сандық көрсеткіштер арқылы өлшенеді: жоғары оқу орындарындағы әйелдердің үлесімен, әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейімен, олардың түрлі мамандықтардағы өкілдігімен. Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан әйелдердің жоғары білім мен еңбек нарығына қолжетімділігін кеңейту кезеңі артқа тастап, үлкен жолдан өтті. Бүгінде әйелдер үшін жоғары білім әлдеқашан ерекше құбылыс болудан қалды. Бүгінде әйелдер білім беру мен экономика саласына табысты түрде ықпалдасып отыр. Алайда қатысу кезеңінен кейін одан да нәзік әрі күрделі кезең – құндылықтар мен әлеуметтік рөлдерді өзара үйлестіру кезеңі басталады. Қоғамның серіктестікке деген күтілімі. Отбасындағы жауапкершілікті бөлуге қатысты ұстанымдар. Экономикалық шешім қабылдау құқығы. Дәл осы тұста өзгерістердің неғұрлым күрделі әрі терең фазасы басталады.
ҚСЗИ сауалнамаларының бірінде респонденттерге мына тұжырымды бағалау ұсынылды: «Егер жұмыс орындары жеткіліксіз болса, ерлердің жұмысқа орналасу құқығы әйелдерге қарағанда көбірек болуы керек»[1]. Жауаптарды екі топқа – басымдықты қолдау және оны қабылдамау – біріктірсек, мынадай деректерді көреміз:

18–29 жастағы ерлер арасында бұл идеяны қолдау сол жастағы әйелдерге қарағанда жоғары. Айырмашылық шамамен 24 пайыздық тармақты құрайды. Бұл алшақтық идеологиялық қақтығысты білдірмейді және радикалданудың белгісі емес. Ол өзгеріс қарқынының әртүрлі екенін көрсетеді. Жас әйелдер серіктестік моделін және рөлдерді бөлумен байланысты құндылықтарды жылдамырақ қайта пайымдап жатыр, ал жас ерлердің ұстанымдары баяуырақ өзгереді. Соның нәтижесінде бүгінде гендерлік айырмашылықтар білімге қолжетімділікте емес (ол жалпы алғанда қамтамасыз етілген), бір ұрпақ ішіндегі құндылықтар мен күтулерде көрініс табуда.
Әлеуметтік ғылымдарда бұл құбылыс модернизацияның екінші кезеңі ретінде сипатталады. Бірінші кезеңде әйелдер білім беру мен экономикаға кеңінен тартылады, ал екінші кезеңде серіктестік туралы түсінік пен оның тәжірибелері өзгеруі тиіс. Әйелдердің экономикалық дербестігі некелік стратегияларға, репродуктивтік шешімдерге және өзара әрекет сапасына қойылатын талаптарға ықпал ете бастайды. Шығыс Азия мен Еуропа елдерінде бұл кезең некеге тұрудың кейінге шегерілуімен және туу деңгейінің төмендеуімен қатар жүрді. Кеш некелер мен туу деңгейінің төмендеуі әйелдердің жаңа экономикалық мүмкіндіктері мен рөлдерді дәстүрлі бөлуге қатысты сақталып отырған күтулер арасындағы сәйкессіздіктен туындайды.

Соңғы жылдардағы демографиялық динамика өту кезеңінің сезімін күшейтеді. 2021 жылы өсу байқалғаннан кейін, жалпы туу коэффициенті 2024 жылға қарай төмендеді[2]. Сонымен қатар некеге тұру жиілігі төмендеп, тіркелген некелер саны азайды, ал 2019 жылғы шыңнан кейін ажырасу көрсеткіші де төмендеді. Мұны дұрыс түсіну маңызды. Бұл отбасының ыдырауының бастауы емес, некенің өз институтының белсенділігінің азаюы. Адамдар некеге сирек тұрады, сондықтан сирек ажырасады. Құндылықтар мен күтулердің үйлеспеушілігі жағдайында шешімдер сақтықпен қабылданады, некеге тұру таңдаулы сипат алады, ал ата-аналық жауапкершілік саналырақ болады. Осылайша, құндылықтар динамикасы экономикалық және демографиялық мінез-құлыққа әсер етуді бастайды.
Отбасылық және гендерлік саясат әлі де көбінесе дәстүрлі құндылықтар, демографиялық жауапкершілік және рухани жаңғыру дискурсына сүйенеді. Бұл бағдарлар маңызды. Дегенмен, өзгерістердің екінші кезеңі институттарды жаңа әлеуметтік шындыққа бейімдеуді талап етеді. Күтім мен қамқорлықты қайта бөлу инфрақұрылымы, күтім қызметтеріне қолжетімділік, икемді еңбек формалары және әкелердің жүйелі қатысуы жас ұрпақтың күтулерінен баяу дамып келеді. Нәтижесінде формалды теңдік пен отбасыдағы нақты жүктемені бөлу арасында сәйкессіздік пайда болады. Егер бұл алшақтық сақталса, ол адам капиталының тиімді қолданылуына шектеу қоюы мүмкін және демографиялық тұрақтылыққа әсер етеді. Сондықтан бүгінгі мәселе гендерлік қақтығыс бар-жоғы емес, өзгерістер қарқынын басқару және нормаларды институт мүмкіндіктерімен үйлестіру болып табылады. Келесі ұрпақтың гендерлік саясаты үшін формалды теңдіктен шығып, құндылықтар мен рөлдерді үйлестіруге көмектесетін механизмдерді реттеу, жауапты әкелікті қолдау, аймақтық ерекшеліктерді ескеру және теңдік күн тәртібін қоғамдағы кеңірек солидарлық пен рухани даму дискурсымен біріктіру маңызды.
Қатыстыру кезеңі өтті. Енді анағұрлым күрделі кезең басталады – құндылықтар мен рөлдерді үйлестіру. Ал институттардың осы өзгерістермен ілесе алуы болашақтың тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
8 Наурыз мерекесі қарсаңында елдің дамуына, экономикаға, отбасына және қоғамға қосқан үлестері үшін әйелдерге алғыс айтқым келеді. Мүмкіндіктер кеңейе берсін, ал шешімдер – мансап, отбасы немесе жеке жол болсын – еркін әрі саналы түрде қабылдансын. Мерекелеріңізбен!
[1] Сауалнама 11.05– 22.06.2024 аралығында ҚСЗИтапсырысы бойынша жүргізілді, оған 8 101 респондент қатысты. Зерттеуге елдің 17 өңірінен, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.




