Адам капиталы — басты басымдық

Жиында 15 наурызға белгіленген республикалық референдум және жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді.
Облыс мәслихатының депутаты Бану Тілегенова құжаттың дайындалу барысына тоқталып өтті.
— Алты ай бойы Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, сарапшылар, ғылыми қауымдастық өкілдері жаңа Конституция жобасын әзірлеуге атсалысты. Бұл үдеріс белсенді қоғамдық талқылаумен қатар жүріп, мыңдаған ұсыныс ескерілді. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде теңгерімді әрі жан-жақты ойластырылған жоба қалыптасты. Сонымен қатар жаңа құжатта адам капиталына ерекше мән беріліп, құқықтық қорғау тетіктері күшейтілді. Қазір дәрігерлер мен мұғалімдерге буллинг, күш көрсету жағдайлары тіркеліп жатыр. Бұрын мұндай әрекеттерге нақты құқықтық норма болмаған. Енді бұл мәселе заң аясында қарастырылып, тиісті жауапкершілік енгізіліп отыр, — деді ол.
Ал депутат Нұржамал Күлкенова әлеуметтік бағыттарға назар аударды.
— Жаңа Конституцияда тегін бастауыш және орта білім алу құқығы нақты бекітілген. Көпбалалы отбасылардың балаларына мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде тегін білім алу мүмкіндігі сақталады. Сонымен қатар цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет азаматтардың жеке деректерін қорғауды өз мойнына алады. Бұл мемлекеттік қызметті онлайн форматында, ыңғайлы әрі қауіпсіз түрде алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің зайырлы мемлекет екені айқын көрсетіліп, балалардың таңдау еркіндігіне кепіл беріледі, — деді ол.
Жиын соңында депутаттар еңбек ұжымының ұсыныс-пікірін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз ойын ортаға салды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ