Жұмысшылар құқығы — басты назарда

Зауыт жұмысшыларының алдында Мәжіліс депутаты Дания Еспаева жаңа жобадағы адам құқығы, «Миранда» қағидаты, еңбек қауіпсіздігі және өзге де мәселелерге кеңінен тоқталды.
— Мәселен, қазіргі таңда сот шешімінсіз-ақ кейбір ұйымдар, тіпті банктер де, үйлерді саудаға шығарып жатады. Соның салдарынан адамдар баспанасынан айырылып қалып жатыр. Ал жаңа Конституцияда мүліктен соттың шешімімен ғана айыруға болатыны нақты көрсетілген. Жұмысшылардың құқықтарына келсек, қолданыстағы заңда да, жаңа жобада да еңбек қауіпсіздігі мәселесі қарастырылған. Мекеме басшысы міндетті түрде жұмыс орнында қауіпсіздікке кепілдік беруге тиіс, — деді Дания Еспаева.
Ал Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ ҚР заң кеңесшілері алқасының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Ақылбай, қоғам қайраткері Қайрақбай Жаңабеков, облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк жаңа Конституция туралы пікірлерін айтты.
Кездесу барысында депутаттар жұмысшыларды референдумға қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.
Кәмшат ҚОПАЕВА






