ҚР Президенті: Көшпенділер — тумысынан қайсар халық

тоқаев
Фото: видеодан кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуында көшпелі халықтың тарихтағы рөліне тоқталды.

«Көшпенділер қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы Далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев дүбірлі доданы ресми аша тұрып.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, көшпенді жұрт Батыс пен Шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті.

«Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрылды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды. Көшпенділер өркениеті нағыз көрнекі өркениет. Шын мәнінде, көшпенді халықтар барлық құрлықта бар, олардың ізін Еуропа мен Азиядан, Африкамен Америкадан көруге болады. Көшпенділердің мәдениеті, рухани қазынасы, құндылықтары ортақ. Көшпенді халық ең алдымен рухы азат жұрт. Көшпенділер үшін өмір мәңгілік қозғалыс. Олардың әр қадамы жаңа әлемде жасалған жасампаз қадам. Біз ежелден қонақжай халықпыз, жаңалыққа жаны құмар, түрлі мәдениетке ашық жұртпыз. Біздің өмір салтымыз табиғатпен ерекше үйлесім тапқан. Көшпенділер тумысынан қайсар халық», — дейді Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырғанын айтты.