«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында Байғанин ауданындағы Қаражар ауылына газ берілді.
Енді ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре алады.
Қаражар ауылында әлеуметтік нысандар – мектеп, ФАП және клуб үйі, сондай-ақ 80 үй газ желісіне қосылды. Жобаның жалпы құны – 8 623 426 279,91 теңге, құрылыс жұмыстарын «Алия-Сервис» ЖШС атқарды. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 184 799 метр, ал жүйенің іске қосылуы нәтижесінде 632 тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Салтанатты рәсімді аудан әкімі Айбек Купенов ашып, тұрғындарды құттықтап, жобаның әлеуметтік маңызын атап өтті:
«Газ – бұл тек қолайлы өмірдің белгісі ғана емес, сонымен бірге денсаулық, қауіпсіздік және уақыт үнемі. Ауыл тұрғындары үшін бұл – тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам».
Іс-шараға облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев, ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындар қатысты.
Салтанатты сәтте аудан әкімі елге еңбегі сіңген ардақты ұстаз, педагог, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» белгісінің және Ы. Алтынсарин атындағы медальдың иегері ақсақал Бейсен Жақановтың шаңырағына барып, алғашқы газды сол үйге берді.
Бұл жоба Қаражар ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
